Жоғарғы Сотта «Төрелік туралы» Заңды қолданудың кейбір мәселелері талқыланды

«Төрелік туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қолданудың кейбір мәселелері» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» жұмысына Жоғарғы Соттың және жергілікті соттардың судьялары, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, республикадағы төрелік соттарының судьялары, «Атамекен» ҰКП Төрелік орталығы мен Сот төрелігі академиясының өкілдері қатысты.
«Дөңгелек үстелде» азаматтық істер жөніндегі және мамандандырылған сот алқаларының төрағалары Еліс Әбдіқадыров пен Айгүл Қыдырбаева алғы сөз сөйледі.
«Дөңгелек үстелдің» қатысушылары төрелік және сот қызметінде құқық қолдану тәжірибесінде туындайтын түйткілді мәселелерді анықтауды, осы санаттағы сот тәжірибесін зерделеуді және «Төрелік туралы» Заңды жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді мақсат тұтты.
Еліс Әбдіқадыров іс-шараны аша келе, бүгінгі таңда қазақстандық тәжірибеде дауларды шешудің балама түрлері, соның ішінде, төреліктің кеңінен дамып жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда кәсіпкерлер мен инвесторлардың отандық төрелікке қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған «Төрелік туралы» Заң әзірленіп қабылданған. Аталған заңда «Халықаралық сауда төрелігі туралы» ЮНСИТРАЛ типтік заңының қағидаттары ескерілген.
Жиында Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина, Қазақстан халықаралық төрелігінің атқарушы директоры, Каспий университетінің жеке құқық ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Әсел Дүйсенова, «IUS» халықаралық төрелігінің арбитрі, Жоғарғы Соттың отставкадағы судьясы Виолетта Ким, Төрелік және медиация орталығының төрағасы Жұмабай Шәмшиев, Атамекен төрелік орталығының атқарушы директоры Асқар Қалдыбаев баяндама жасады.
Сөз сөйлеушілер Жоғарғы Сот пен Әділет министрлігінің құқық қолдану мәселелеріндегі маңызды қызметі, Мемлекет басшысының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жүзеге асыру аясында «Төрелік туралы» Заңға енгізіліп жатқан оң өзгерістер, сонымен қатар, құқық қолдану мәселелерін талқылап, оларды шешу жолдарын табуға мүмкіндік беретін осындай форматтағы іс-шараларды өткізудің қажеттігін атап өтті.
«Дөңгелек үстел» жұмысының соңында оған қатысушылар заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша тиісті ұсынымдар әзірледі.
