Жоғарғы Сотта «Сот процестері мен құжаттаманы аударудың әдіс-тәсілдері» атты семинар-тренинг өтті

Бүгін Жоғарғы Сотта «Сот процестері мен құжаттаманы аударудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шараға Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жазбек Әбдиев, Жоғарғы Сот аппаратының қызметкерлері мен «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» республикалық конкурсының қатысушылары – аудандық және облыстық соттардың қызметкерлері қатысты.
Семинар-тренингті Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі терминолог Шерубай Құрманбайұлы және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің жетекші сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстандағы ілеспе аудармашылар корпусының негізін қалаушылардың бірі Камал Әлпейісова өткізді.
Семинар-тренингті Жоғарғы Соттың Баспасөз қызметі басшысының орынбасары Айдос Садуақасов жүргізді.
Ж.Әбдиев семинар-тренинг жұмысын аша келе, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттердің сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын еңейту тұрғысынан сәтті іске асырылып жатқанын атап өтті. Ол семинар-тренингке қатысушылар назарын сот төрелігін жүзеге асыруда қазақ тілін қолданудың өзекті мәселелеріне аудара келе, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғау ісіндегі сот аудармашыларының айрықша рөлін атап өтті.
Семинар-тренингтің бірінші бөлімінде Камал Әлпейісова еліміздегі ілеспе аударма институтының қалыптасу тарихына қысқаша тоқтала келе, ауызша сот аудармасының негізгі практикалық мәселелерін атап шықты. Ол ресми іс-шараларды ілеспе аударудағы өзінің тәжірибесімен бөлісті. К.Әлпейісова тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдерді мағыналық аударудағы ерекшеліктерді кеңінен түсіндіріп өтті.
Іс-шараның екінші бөлімі Қазақстандағы аударма ісі мен терминологиялық қызметтің даму тарихы мәселелеріне арналды. Осы ретте Ш.Құрманбайұлы аталған саладағы Алашорда қайраткерлерінің маңызды рөлін атап өтті. Ресми құжаттар мен көркем мәтіндерді аударудағы спикер айтқан әдіс-тәсілдер тыңдаушылардың айрықша қызығушылығын тудырды. Спикер аударма жасаудағы халықтың дүниетанымдық ерекшеліктерін ескеру қажеттігіне ерекше тоқталып өтті.
Семинар барысында сарапшылар тыңдаушыларды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар атынан сарапшы меймандарға естелік сыйлықтар табысталды.
