Жоғарғы Сотта Конституция күніне арналған салтанатты жиын болып өтті
Іс-шараға Жоғарғы Соттың судьялары, республика Судьялар одағының мүшелері, Жоғарғы Соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы мен қызметкерлері қатысты. Салтанатты жиналысты Жоғарғы Соттың Төрағасы Ж. Асанов ашып, қатысушыларды келе жатқан Конституция күнімен құттықтады.
Өз сөзінде Жақып Асанов Ата Заңның мемлекеттің, қоғамның дамуындағы, әрбір қазақстандықтың өміріндегі рөлін атап көрсетті. «Конституция мемлекеттіліктің нығаюы үшін оның берік іргетасын қалады. Бейбітшілік, келісім, бірлесу, теңдік, заңның үстемдігі сияқты құндылықтар заң жүзінде беки түсті. Адамның барлық негізгі құқықтары мен бостандықтары осы Конституцияда көрініс тапты», - деп атап өтті Ж. Асанов.
Сөзін жалғастыра келе Жоғарғы Соттың Төрағасы Конституция күнінің соттар үшін ерекше маңызды екеніне тоқталды. «Заңдарда іске асырылған конституциялық құндылықтардың күзетінде біз тұрмыз», - деді ол.
Сот төрелігінің жеті түйіні шеңберінде сот жүйесін жаңғырту бойынша үлкен ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Қыркүйек айында Президент Әкімшілігінің жұмыс тобына соттардың жұмысын жетілдіру бойынша заңдарға түзетулердің жобалары енгізілетін болады. Осы заңдарға түзетулерде судьялар мен жобалардың командалары енгізген барлық ұсыныстар ескерілді.
Сот актілерінің тілін дамыту және оларды түсіндіру бойынша нормативтік қаулылар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап толық жұмыс істейтін болады. Жаз айларында барлық өңірлерде судьяларды дайындау жөнінде тренингтер өтті. Осы жаңалық халықтың соттарға деген сенімінің артуына өзіндік үлесін қосады деген сенімдемін.
Сөзін аяқтай келе Ж. Асанов барлық судьялар мен аппарат қызметкерлеріне атқарып отырған жұмыстары үшін алғыс білдірді.
Салтанатты жиналыс марапаттау рәсіміне ұласты.
Заңтану саласында ұзақ жылдар бойы, мінсіз әрі жемісті жұмыс істегені үшін Жоғарғы Соттың судьялары Дәулен Нұралин, Гүлжан Әлмағамбетова, Қаһарман Дүйсенбаев, Маргарита Одинцова мен Лариса Шепелева ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен наградталды.
Жоғарғы Соттың судьялары Марина Боровик, Роза Жакудина, Бауыржан Жұмағұлов, Ирина Калашникова республика Судьялар одағының «Үш би» құрметті белгісіне ие болды.
Орнынан түскен судья Александр Кравченко «Судьялар одағының Құрметті мүшесі» құрмет белгісімен наградталды.
Қызметтік парызын үлгілі орындағандары үшін Департамент қызметкерлері Майра Мұсақұлова, Әлия Жұмабаева, Қарлығаш Әубәкірова мен Сапар Құсайынов ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен наградталды.
Сонымен қатар, республика Судьялар одағы мен Жоғарғы Соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің атынан құрмет грамоталары, алғыс хаттар мен «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгілері тапсырылды (наградталғандардың толық тізімін осы жерден көруге болады).
Салтанатты жиналыс соңында Жоғарғы Соттың Төрағасы Ж. Асанов барлық наградталған адамдарды құттықтап, бәріне алдағы уақытта да табысты жұмыс тіледі.
http://sud.gov.kz/kaz/news/zhogargy-sotta-konstituciya-kunine-arnalgan-saltanatty-zhiyn-bolyp-otti
