Жоғарғы Сот Төрағасы «Время» газетіне сұхбат берді
«Время» газетінің бүгінгі нөмірінде сот жүйесі қызметінің өзекті мәселелері туралы Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің сұхбаты жарияланды.
Сұхбатта Қ.Мәми Ұлт Жоспарын іске асыру мақсатында республиканың Судьялар одағы әзірлеген Судьялардың жаңа әдеп кодексінің жобасы туралы айтып өткен. Кодекс жобасында БҰҰ-ның, Еуропа Кеңесі мен судьялар әдебін сақтау жөніндегі өзге де халықаралық ұйымдардың стандарттары ескерілген. Құжат шетелдік заңгерлердің қатысуымен өткен Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің бірінші отырысында мақұлданды және Венециялық Комиссия сарапшыларының қорытындысына ие болды.
Сұхбатта Жоғарғы Сот Төрағасы сотта фото-, аудио- және бейнежазба құралдарын, сондай әр түрлі гаджеттерді қолдану ережесін түсіндіріп өткен. Сот отырысы кезінде техникалық жазба құралдарды қолдану мәселесін іске қатысушы тұлғалардың пікірлеріне сәйкес судья қабылдауы тиіс екендігі ерекше айтылып өтілген. Бұл норма процестік заңнамада нақты көрсетілген және сот отырысының барысын қалыпты жүргізуге бағытталған. Бұған қоса, сот ғимараттарына кірудің жаңа ережесі мен келушілердің киім кию мәдениеті бойынша да түсініктемелер берілген.
Қайрат Мәми істі қарау барысында қоғамдық қызығушылық тудырған кейбір сот процестері туралы өз пікірін білдірген. Атап айтқанда, ол ЭКСПО ісі бойынша жауапқа тартылған Қ.Үсеновке қатысты процестік келісімге сәйкес сот қабылдаған үкімнің қисынын түсіндірді және полиция қызметкері Т.Игібековке қатысты сот ісі бойынша өз ойымен бөлісті.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере келе спикер судьялар мантиясының неше рет және не себептен ауыстырылғанын да айтып өтті.
Жоғарғы Сот Төрағасы халықаралық тәжірибені ескере отырып сот ісін жүргізуге жаңа ақпараттық технологияларды енгізу барысы, бұл жұмыстың тәжірибелік пайдасы мен күтілетін нәтижелер туралы өз көзқарасымен бөлісті. «Сот ісін жүргізуге ақпараттық технологияларды енгізу өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. 2016 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша республика соттарына «Сот кабинеті» сервисі бойынша шамамен 267 мың құжат немесе барлық талап арыздардың 73% келіп түскен», - деп атап өтті Қ.Мәми.
Сұхбаттың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады:
http://www.time.kz/articles/ugol/2016/08/02/doverie-naroda-nado-zasluzhit
http://sud.gov.kz/kaz/news/zhogargy-sot-toragasy-vremya-gazetine-suhbat-berdi

