Жоғарғы Сот сот процесіне қатысушыларды соттар мен судьялар қызметін бағалауға шақырады
«Сот кабинеті» сервисінде соттар мен судьялар қызметін сыртқы бағалау жөніндегі пилоттық жоба (сауалнама) іске қосылды.
Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен сот талқылауларына қатысушылар ғана респондент ретінде қатыса алады. Бұлар: талап қоюшылар, өтініш берушілер, жауапкерлер, адвокаттар, прокурорлар, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ аталған сервиске тіркелген өзге де тұлғалар.
Дербес сұхбаттасу жергілікті соттар мен судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру және соттар жұмысын ұйымдастыру қызметі туралы объективті ақпарат алу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Сауалнама сот төрелігіне қолжетімділік, соттарда жарыспалылықты қамтамасыз ету, судьялардың сот әдебін сақтауы және т.б. туралы 10 сұрақтан тұрады.
Сауалнама а.ж. 10 сәуір мен 1 шілде аралығында пилоттық жоба ретінде жүргізіледі. Оның нәтижелерін Жоғарғы Сот аппаратының жауапты қызметкерлері талдайтын болады және Сот Жюриінің біліктілік комиссиясы жұмыс істеп жүрген судьяларды бағалау барысында пайдаланады. Сауалнаманың нәтижелері соттар жұмысын жақсарту бойынша алдағы шараларды әзірлеу барысында да қолданылатын болады.
Қазіргі таңда 540 мыңнан астам азамат «Сот кабинеті» ақпараттық сервисінің тұтынушылары болып табылады. Жоғарғы Сот бұл жобаны 2014 жылы іске қосты.
«Сот кабинеті» сервисінің қызметі электрондық өзара іс-қимыл арқылы сот ісін жүргізуді жеңілдету, сондай-ақ сот жүйесінің жеделдігін, қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Азаматтар сотқа талап арыздарды (өтініштерді), апелляциялық шағымдарды, сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтінішхаттарды сервис арқылы электронды құжат түрінде ұсына алады, әрбір тұтынушы үшін ыңғайлы жерде интернет арқылы мемлекеттік баж салығын онлайн түрінде төлеуге мүмкіндік береді.
Сауалнамаға «Сот кабинеті» сервисінде авторизациядан өту арқылы қатысуға болады: http://office.sud.kz/form/proceedings/services.xhtml

