Жоғарғы Сот даулы объектілер үлескерлерінің құқықтарын қорғады
2012-2015 жылдар аралығында «Азбука жилья» компаниялар тобы басшыларының заңсыз әрекеттері салдарынан Астана қаласындағы «Expo Тown» және «Expo City» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері жалпы сомасы 5 млрд. теңгеден астам материалдық шығынға ұшыраған.
Құрылыстың аяқталуы 2014-2015 жылдарға жоспарланған, алайда қазіргі күнге дейін үйлер салынбаған, құрылыс аяқталмаған.
Астана қаласының соттары аталған тұрғын үй кешендері үлескерлерінің мүддесін көздейтін шарттарды бұзу, өтемақы өндіру, аяқталмаған құрылыс нысандары мен жобалық-сметалық құжаттарды беру туралы бірқатар талап-арыздарды қараған.
Үлескерлердің талаптары ішінара қанағаттандырылған, оларға шығын өтемі есебінде аяқталмаған құрылыс нысандары берілген. Алайда, құрылыс жүріп жатқан жер учаскелері жосықсыз құрылысшылардың иелігінде қалған. Бұл жағдай құрылысты аяқтауға кедергі келтірген.
Жоғарғы Сот үлескерлердің мүддесін көздейтін өтінішхатты кассациялық өндіріске қабылдап, даудың барлық мән-жайларын ескере келе, 2016 жылғы 3 тамыздағы сот отырысының нәтижесінде келесі қорытындыларға келді.
Жер кодексінің 52-бабына сәйкес жер учаскесі онда орналасқан құрылыс нысандарынан бөлінбейді.
Жер учаскесінсіз жобалық-сметалық, атқарушылық және рұқсаттамалық құжаттарды беру туралы үлескерлердің талабын қанағаттандыру дауды шешпейді, себебі нысанға тиесілі барлық құжаттама жер учаскесі болғанда да ғана жарамды, яғни үлескерлер құрған тұрғын үй-құрылыс кооперативі құрылысты аяқтау мүмкіндігінен айырылған.
Жер кодексінің 63-бабына сәйкес жеке меншіктегі жер учаскесі, сондай-ақ жерді үнемі және ұзақ мерзімді пайдалану құқығы өз міндеттемелері бойынша жауап беретін жеке және заңды тұлғалардың мүлік құрамына кіреді.
Заңның аталған нормаларын ескере келе, қарыздың орнына жер учаскелеріне құқықты беру қажеттілігі туралы үлескерлердің талабы әділ әрі негізді болып табылады.
Осыған орай «Expo Тown» және «Expo City» тұрғын үй кешендері үлескерлерінің талаптары толығымен қанағаттандырылды.
Осылайша, Жоғарғы Сот үлескерлердің заңды мүддесін қорғайтын шешім қабылдады.
http://sud.gov.kz/kaz/news/zhogargy-sot-dauly-obektiler-uleskerlerinin-kukyktaryn-korgady

