Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жоғарғы Сот «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, корпоративтік даулар бойынша жалпыреспубликалық семинар өткізді

Бүгін Жоғарғы Сотта «Бизнестің мүддесін сотта қорғау» жобасының шеңберінде «Корпоративтік дауларды шешудегі сот практикасы» тақырыбында семинар өтті.

Іс-шараны Жоғарғы Сот судьясы Ұлбосын Сүлейменова жүргізді. Кездесуге Жоғарғы Сот судьясы Асан Ескендіров, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов, «Атамекен» ҰКП арбитраж орталығының атқарушы директоры Асқар Қалдыбаев та қатысты.

Бейнебайланыс арқылы өңірлерден корпоративтік дауларды қарауға маманданған облыстық соттың судьялары, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың судьялары, прокуратура, адвокатура, «Атамекеннің» өңірлік филиалдарының қызметкерлері, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Іс-шараға барлығы 800-ден астам адам қатысты.

Ұ.Сүлейменова іс-шараны аша келе, ұлттық сот төрелігі құқық үстемдігі мен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің сенімді кепілі болып отырғандығын атап өтті. Қазақстандағы азамматтардың құқықтары мен бизнестің мүдделерін сотта қорғау деңгейі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. «Дүниежүзілік Банктің бизнесті жүргізу» рейтингісінде Қазақстанның сот жүйесі соңғы екі жыл қатарынан әлемдік үздік он елдің қатарына кірді.

Семинарды жүргізуші көтеріліп отырған тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығын айта келе, мұндай деңгейдегі іс-шараның алғаш рет өткізіліп отырғандығын тілге тиек етті. «Мұндай кездесулер еліміздегі бизнестің ахуалын одан әрі жақсарту бойынша бірлескен іс-қимылды талап ететін түйіткілді мәселделерді анықтауға мүмкіндік береді», - деді судья.

Ұ.Сүлейменова Жоғарғы Сот пен «Атамекен» ҰКП-нің бизнестің мүдделерін сотта қорғау мәселелері бойынша бірлескен жұмысын жандандыру мақсатында 2018 жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленгенін айтты. Қазіргі таңда «Фейсбук» әлеуметтік желісінде «Бизнестің мүдделерін сотта қорғау» атты жеке топ құрылып, онда өзекті контент жинақталып, талқылау жүргізіледі, бизнес-қауымдастықтың сұрақтары мен түсініктемелеріне жедел ден қойылады.

Бұдан әрі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Р.Жүрсінов қатысушыларға арнаған өзінің кіріспе сөзін оқыды.

Белгіленген күн тәртібіне сәйкес Жоғарғы Соттың судьясы А.Ескендіров корпоративтік дауларды шешу бойынша қалыптасқан сот практикасы туралы айтты. Атап айтқанда, ол осы санаттағы істер бойынша сот практикасының тұрақты екендігін, соттар материалдық және процестік құқықтың нормаларын түсіндіру мен қолдануда бірізділікті сақтап отырғандығын атап өтті.

Дей тұрғанмен, жергілікті соттар корпоративтік даулар субъектілері мен даулардың соттылығын анықтауда, заңды тұлғаның жалпы жиындарының шешімдеріне шағым түсірудегі тиісті жауапкерді белгілеуде құқық нормаларын қолдану бойынша бірқатар қиындықтарға ұшырап отыр. Бұған қоса, жерді пайдалану құқығы түріндегі қатысушының үлесін бөліп алу, ауылшаруашылық ұйымынан шығу барысында шартты жер үлесіне құқықтың болуы, ауылшаруашылық мақсатындағы жер телімдерін кепілге қою шарттарының кейбір түрлеріне шағым түсіру мәселелері бойынша біркелкі сот практикасы қалыптаспай отыр.

«Қорыту көрсеткендей, сот практикасында заңнаманы түсіндіру мен қоладанудағы бірізділікті қамтамасыз ету үшін заң актілері мен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының жекелеген нормалары арасындағы қайшылықтарды жою қажет»,- деді А.Ескендіров.

«Атамекен» ҰКП арбитраж орталығының атқарушы директоры А.Қалдыбаев Қазақстандағы арбитраждың дамуы туралы ойларымен бөлісті. Ұ.Сүлейменова дауларды шешудің баламалы тәсілдері, соның ішінде медиативтік және партисипативтік рәсімдерді қолдану ерекшеліктерін атап өтті.

Бұдан әрі спикерлер өңірлердегі қатысушыларды толғандырған барлық сұрақтарға жауап берді.

Республикалық семинар аяқталғанннан кейін әрбір облыста өңірлік семинар өткізілді. Осы санаттағы дауларды қарауға маманданған судьялар соттылықты, ведомствоға бағыныстылықты, мемлекеттік баж салығының көлемі мен т.б. анықтау бойынша жекелеген тәжірибелік мәселелерге қатысты ойларымен бөлісті.

«Атамекен» ҰКП филиалының өкілдері корпоративтік дауларды қарау  барысындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың кейбір мәселелеріне кеңінен тоқталып өтті. Бұған қоса, әрбір өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдері корпоративтік даулар бойынша сот талқылауларына қатысудағы жеке тәжірибелерімен бөлісті.

http://sud.gov.kz/kaz/news/zhogargy-sot-atameken-ukp-men-birlesip-korporativtik-daular-boyynsha-zhalpyrespublikalyk

0
0
598

Осы тақырып бойынша

Жоғарғы Сот «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, корпоративтік даулар бойынша жалпыреспубликалық семинар өткізді - Yvision.kz