Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Жемқорлық – сатқындық!» — Салауат Муксимов

Бүгін Мақтарал ауданы әкімінің аппаратында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жиын болды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Салауат Муксимов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Айбек Шілманов, Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Асанов, Мақтарал аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Жайлымышиев және Мақтарал ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері мен ауылдық округтердің әкімдері іс-шараға қатысты.

Салауат Муксимов 8 ай бұрын қабылданған мемлекеттік қызметкерлердің Этикалық кодексі әрбір мемлекеттік қызметкердің үстелінің үстінде тұру керектігін айтып, бүгінде мемлекеттік қызметкерлер жемқорлыққа қатысты сана-сезімдерін түгелдеу өзгерту керектігін атап өтті. «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша түрлі механизмдер іске қосылуда. Соның бірі – сыбайлас жемқорлық туралы хабар беру. Тіпті, бүгінде дәл осы факті бойынша хабар берген адамдарды арнайы марапаттап жатырмыз және бұл өз нәтижесін беруде. Жемқорлық – мемлекеттік қызметкерге деген халықтың сенімін жоғалту. Жемқорлық – бұл өз халқыңа, өз мемлекетіңе сатқындық жасау! Ал, ата-бабаларымыз елге сатқындық жасаған адамды ешқашан кешірмейтін болған» - дейді Салауат Муксимов.

Мақтарал ауданы Ішкі саясат бөлімінің басшысы Пердеш Есенбеков жемқорлықтың алдын алу үшін мемлекеттік қызметкерлердің жалақы мәселесін қайта қарастыру керектігін ұсынды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің ОҚО бойынша дептартаменті басшысының орынбасары Айбек Шілманов бұл мәселені эксперттер қарастырып жатқанын және алдағы уақытта әрбір мемлекеттік қызметкердің жалақысы атқарған жұмысына қарай өсіп отыратындығын айтып өтті. «Қарапайым мемлекеттік қызметкер өзінің басшысынан көп жалақы алуы мүмкін. Сол сияқты қызметке енді ғана келген жас мемлекеттік қызметкер жұмысының нәтижесіне қарай 20-30 жылдық тәжірибесі бар мемлекеттік қызметкерден де көп жалақы ала алатын болады. Бұл мемлекеттік қызметкерлер арасындағы бәсекелестікті арттырады» - дейді сөзінде.

 

(с) Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 
0
0
1032

Осы тақырып бойынша

«Жемқорлық – сатқындық!» — Салауат Муксимов - Yvision.kz