А.ж. 20 қыркүйекте Көкшетау қаласының орталық алаңында Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті Көкшетау қаласының мәдениет бөлімімен және Ақмола облысының жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе отырып Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы бірқатар акциялар өткізілді, атап айтқанда – аниматорлар ақпараттық буклеттерді таратты, іс-шараға келген жастар мен қала тұрғындары қалау тақтасына өздерінің игі тілектерін жазып, VK әлеуметтік желісіндегі Департамент парақшасының алдында естелік суретке түсті.
Іс-шараның мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қоғамда жемқорлыққа, сонымен бірге, құқық бұзушылықтардың барлық түрлеріне төзбеушілікті көрсететін құндылықтарды сақтау және нығайту.
Департамент басшысының орынбасары Е. Жайықбаев іс-шараға қатысушылардың бәрін құттықтады және халық арасында жүргізіліп отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар туралы баяндады.
Іс-шара қалалық мәдениет бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен дайындалған қызықты концертпен аяқталды.
Іс-шараға 600-ден астам адам қатысты.