Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жазықсыз жапа шеккендер

1.Жазықсыз  жапа  шеккендер

Кенжебай  Күшік  ауылының  тұрғындары  өз туып-өскен  жерлерін  «Жер  жаннаты —Әбжан»  дейтін. Бұл  жерде Шоқпар  ауылынан  басталып,  Тұзүйгеннің  тұсында  қайтадан  Ертіске  қосылатын  өзеннің  саласы  бір  тынысты  сарқырап  ағатын.  Біреулер  оны Қара  Ертіс,  екіншілері  Түлкі   дейтін. Түлкі  көктемде  сатыр-сұтыр  қақтығысып  сең  жүргенде  ерекше  сұлу  көрінетін. Су  жайылғанда,  жардың  ернеуіне  дейін  тасып,  көктеуге  шыққан  әбжандықтардың  зәресін  алатын.  Тоғайы  үлкен,  аң  мен   жеміске  толы ,   шөбі  шүйгін,  құс  пен  жидекке  толы,  сулары  мөлдір,  балығы  мол  болатын.   Ақсақалдар  орманды  өрттен  сақтап,   жабайы   аң  мен  құсты  аңшылар  мен  балалардан  «обал  болады»  деп қорғайтын.  Өзен  бойы  қаптаған  қыстақтар  тұрғындары  табиғаттан  Алланың  берген нәсібін  алып,  жоқтық  көрмейтін.

Алқакөл  болысында (Ақтоғай  ауданы)   Сатыбалды бақуатты, сері,  ағайындарға  мейірімді, бауырмал  адам еді.  Бимырзадан  тарағандардың ұйытқысы  деп  айтуға  да  келетін. Сатыбалды  мен  Сыздық  бірге тұрып,  бірге   көшіп-қонып,  шаруашылығын  бірге  жүргізетін.  Әкесі  Шынқожа   он  ағайынды  болатын.  Има  деген біреуіне  Алла  бір  перзент  сыйламады.  Мосқалданған,  балаға  зар  боп  жүрген  Имаға  Сатыбалды өзінің  үшінші  ұлы  Елжанды  бала  қылып  береді.

Заман  өзгері,  революция  келді. Төңкеріспен    бірге  әр  түрлі  идеялар  халық  арасына  тарады. Бір  үйдің  еркесі  болып  өскен  Елжан  көп  оқитын.  Жас  жігітті  әділ,  тапсыз ,  қанаусыз  коммунизм  қоғамы  қызықтыратын.  Сөйтіп  ол   Лениннің  большевиктер  партиясы  қатарына  өтеді.  Партия  жиналыстарында   көзқарастары   бірдей  Көшкінбаева  Шәрбан  деген  қызбен  танысады.  Ол  қыз  өте  өжет,   жаңашыл, сөзге  шешен,  ауыл  жастарының   ұйытқысы  еді. Ойын-той,  бас  қосу,  басқа  да  қызықты  шаралар  Шәрбансыз  өтпейтін.

Асау  кері  ат  жүрмейді ,  шалдыққан  соң.

Еркін  даусым  келмейді,  қарлыққан  соң.

Ахау,  тәнім –ай,

Талма  менің  жаным-ай.

Ей, күлди-күлди  күнжан-ай,

Күнде  базар  үйім-ай.

Бипыл,  Бипыл,  Бипыл-ай

Тартшы  құрбым  бір  күйді-ай... — деп  әдемі  қоңыр  даусымен  ән   кештерін бастайтын. Шәрбан  туралы  жұрт   Олжабай  мен  Тоққара  батырлардың  ұрпағы  дей-тұғын . Шәрбан-коммунист   өз  іскерлігімен  көзге  түсіп,  партия  ұйымының  хатшысы  болып сайланады. Елжан  мен   Шәрбан бір-біріне  ұнап,  отбасын  құрады.  Шәпәу,  Дәметкен,  Ұмсынған  деген  қыздарды туады.                                                                                                                                                               Ерлі-зайыпты  Елжан  мен  Шәрбан  романтиктер  еді,  коммунистік  қоғам  құру  болатынына  кәміл  сенетін.   Елжан  да  әкесі  сияқты   бауырмал  болатын.  Бала  күнінен  бірге  өскен  немере  інісі   Біләлмен  бірге  тұратын.  Даладағы  шаруамен  Елжан  мен  Шәрбан  айналысып,  үйдегі  істі  Біләл  мен  келіні  Шәйза  тындыратын. Балалары  бірге  тәрбиеленіп,  жат  адам қайсысы  қайсысының  баласы  екенін  айыра  алмайтын.

Заман  желі   құбылып  1929 жылы  Сатыбалды  мал-мүлкі  тәркіленіп,  бай-құлақ  атанып,  екі  ер  жеткен  балалары Қиялбай  мен  Нөгербекпен  бірге  жер  аударылады. Сатыбалды  туған  әкесі екенін  білсе  де,  Елжанның   коммунизм  идеясына  деген  көзқарасы  өзгермейді.  Болған  жағдайды  жергілікті  биліктің  қателігі  деп  санайтын.  Сонда  да  жетім-жесір  қалған  қарындастары  Бижан  мен  Бағымға,  Қиялбай  мен  Нөгербектің  қыздары   Күлбиғазым  мен  Биапашты  тәрбиелеу,  асырап  сақтауды,  жеңгелеріне  көмектесуді   Елжан   өз   мойнына  алады.

Елжан   колхоз  құрлысына,  1931 жылы  құрылған  «Мулявский»  кеңшарының  қалыптасуына  өз  үлесін  қосады. Ол  кеңшарда  гуртоправ (ферма  меңгерушісі)  болып  тағайындалады.  Бүкіл  елге опат  болып  тиген  1931-1933  жылдардағы  ашаршылық  кеншар  тұрғындарын  айналып  өтеді. 1935-1936  жылдары  жағдай  жақсара  бастайды. Бірақ  жер  аударылған  әкесінен,  ағаларынан  еш хабар  болмайды.  Таптық  жау  атанып  кеткен  туыстарын  іздестіру  түгілі,  амандығын  сұрастырудың  өзі  ол   заманда өте  қауіпті  болатын. Тәрбиелеген  әкесі  Има  қайтыс  болады. Туған  әкесі  Сатыбалдының тіршілігін  таразылап,  өмірбаянынан   бір  де  бір  мін  таба   алмаған  Елжан  қатты  қиналатын.  Нақақтан  кеткенін  түсініп,  іші  удай  ашитын.   Атаусыз  қалды,  басына  барып  құран  оқитын  қабірі  де  жоқ , тым  болмаса  ұрпақтарында  аты  да  қалмады.  Әуелгіде   Иманов  деген фамилия  ұнайтын,  атақты  батыр  Амангелді  Имановпен  шатастығың  бар  ма  деп сұрайтындар   да   болатын. Кейін,   қарнының  тоқтығы  үшін,  өз  әкемнің  атын  неге  ұмыт  қыламын  деген  сұрақ  мазалайтын  болды. Елжан  Шәрбанмен  ақылдасып  фамилиясын  өзгертіп  Сатыбалдинов   қылды. Сөйтіп, көңілі  жайланғанмен,  болжаусыз  тағдыр  тағы тезіне  салды. 1937 жылы  қуғын-сүргін  қайтадан  басталды.  Елжанға  жасырын  жүрген  жаудың  баласы  деген  айып  тағылып,  Кенжебай  Күшік  ауылынан  тұзаққа  ілінгендердің   бірі  боп,  сотталып  кетеді.  Сол сотталғандардан бізге  есімдері  белгілілері:

1.  Елжан  Сатыбалдыұлы,  1885 ж. , ферма  меңгерушісі;

2. Әбдіразақ Тоқсейітұлы,  1887ж.;

3.  Мұса Сәрсенұлы, 1892 ж.,  есепші;

4.  Әмен Жәшібекұлы,1894 ж.,  колхоз  төрағасы;

5.  Қасқырбай Тайғынұлы, 1897ж.,  мұғалім;

6.  Құсайын Жұманұлы,1900   ж., М.Горкий  ауданы,  сот,  оралды;

7. Ғосман  Смағұлұлы , 1900 ж.,   «Ертіс»  газетінің  редакторы;

8.  Машырық  Ақылбекұлы, 1904 ж.,  қоймашы, оралды;

9.  Тойған Мұстафаұлы, 1906 ж.,  ағаш  шебері, оралды;

10.  Қомар  Жүнісұлы, 1912 ж.;

Тізімдегі  адамдардың үшеуі  ғана  елге оралады,  жетеуі  хабарсыз  кетті.  Сталин  қайтқаннан  кейін  жоғарыда  аталғандар  ақталып,  реабилитацияға  жатады.   Бұл  тізімді  іздестірген   Әбжан  ауылының  тұрғыны Қайыргелді  Машырықұлы.   Қайыргелді  өз  тарапынан  өлкетану  ісімен  айналысып,   бұл  адамдарға аттарын  табиғи  тасқа  қашап  жазып,  Әбжан  мен  Жоламан  ауылдарының   арасына  стелла  орнатты.  Айта  кету  керек,  Қайыргелді  мырзаның  атқарған  істері  жалғыз  бұл  ғана  емес. Ауылдастарын  ұйымдастырып,  екінші  дүниежүзілік  соғысқа  қатысқан,  марқұм  болған   жерлестеріне  арнап,  аттарын  тасқа   жазып,  ауылдың  ішінде  ескерткіш  орнатты.  Бүгінде,  зейнетке  шыққан  шағында  қалаға  балаларымен  бірге көшпей,  аталарының  ауылында ұқыпты  шаруа  жүргізудің  үлгісін  көрсетіп  жүр.  Целиноград  ауылшаруашылық  институтын  тәмамдаған  агроном  өз  бау-бақшасында  шырша, жеміс-жидек, көкөністің  түр-түрлерін  өсіріп, күзде  мол  өнім  алып  тұрады.

Енді  Шәрбанның тағдыры  жайлы  айтар  болсақ,  ол   партия  қатарынан  шығарылып, балалары  жас  болғандықтан ,  сотталмай  қалды. Өзі  сенген  большевиктер  партиясы  оны  сатып  кетті.  36  жасында  жесір  қалған  Шәрбан  өмірінің  қалған  бөлігін  балалары  мен  ағайындарына  арнады.  Ең  алдымен,  аудандық  орталықта  үй  салып,  бәрін  бірге  жинады. Содан  соң  табыс  көздерін  іздестіріп,  тұрмысты  түзетудің  әрекетіне  кірісті.  Баспана  әперіп,  жетімдерді  ағайындарға  орналастырып,  тиісті  мемлекеттік  жәрдемақы  алуға  көмектесті.  Қайғырып-қамығуға,  билікке  өкпелеуге   уақыты  да  болмады.  1941 жылы  соғыс  басталды. Қайын  сіңлілері,   қыздарының  күйеулері  майданға  алынып,  олардың  балалары  Шәрбанның  мойнындағы  ауыртпалықты  еселей  түсті .  Қамқорлығында   қалғандардың   есімдері:  Айғаным,  Бәдишә, Бәтиә,  Шәпәу,  Дәметкен,  Ұмсынған,  Шұғай,  Тілеукен, Майдан,  Амантай.  Күйеуі  соғыста  жүргенде  сіңлісі   Күлпаш  қайтып, 10  жастағы  жиені   Тілеукен   де  бір  үйде   жалғыз  қалады. Соғыс  біткеннен  кейін  қыздары  Шәпәу  мен  Дәметкен  бірінен  соң  бірі өмірден  озып,  төбесінен  жай  түскендей  болды.  Төрттен  жаңа  асқан   немересі  Амантай  тұл   жетім  болып  қалды. Осылардың  бәрін  орналастырып,   бас-көз  болу  керек  еді.  Тірек  санап  жүрген  ағасы  Әлиакпар  жалғыз  ұлы  Зейнелғабиденнен  айрылып,  төсек  тартып,  жатып  қалды. Сонда  жазған  жоқтау  өлеңі  сүйектен  өтетін.

Жарандар,  мен  айтайын көңілден  дат,

Сыйластым  тіршілікте  жақсы  мен  жат.

Азырақ  ойдағы  істі  қозғалтайын,

Құлақ  сал мынау  сөзге  көп  жамиғат.

 

Баласы  ем  Көшкінбайдың  Әлиакпар,

Қозғайын  бір  азырақ  көңілден  зар.

Жігіттік  салтанатпен  дәурен  өтті,

Сонда  да  арылмайтын  арманым  бар.

 

Дүниенің  бір  қызығы  бала  деген,

Бала  үшін  ата-ана  зар  илеген.

Құдайдан  күні-түні  бала  тілеп,

Берсе  деп  сол  баланы  көз  көрмеген.

Қарағым,  айналайын,  Зейнелғабиден,

Құдайым  көздің  жасын  қашан  иген,

Қыршын  жас  он  жетіде  қайтыс  болып,

Басыма  таудың  тасы  сонда  тиген.

 

Көрмедім   қызығыңды, құлыным-ай,

Жанымнан  артық  көрген, шыбыным-ай.

Кеудеме  кетпестей  ғып  қайғы  салып,

Үздің  ғой  омыртқамды, жұлыным-ай.

Бермедің  тілегімді, құдайым-ай,

Сөнді  ғой  жанып  тұрған  шырағым-ай.

Тең  құрбыңнан  артық  болып  туып  едің,

Ақылың  айнабұлақ  дариядай.

 

Құлыным  ойға  түссең  қамығамын,

Көргенде  тең  құрбыңды  жабығамын.

Артымда  ешбір  ұрпақ  қалмады  деп,

Әр  уақыт  өз-өзімнен  тарыламын.

 

Қалмады тым  болмаса  Жәниса  да,

Екеуміз  ерлі-байлы  жан  қиса да.

Пенденің  жұмыр  басы  не   көрмеген,

Көнеміз  бір  Аллаға  не  қылса да.

 

Осылайша  мен  зарымды  айтып  өттім,

Ескерткіш  ретінде  жазып  кеттім.

Ескеріп  кім  де  болса  еске  алар,

Аяғын  осылайша  тамам  еттім.

 

Көп  кешікпей  Әлиакпар  да  бақилық  болады.

Шәрбанның қызы  Ұмсынған   тұрмысқа  шығып,  екінші  балаға  аяғы  ауыр  кезі  еді.  Соғыс  біткен  заман  болса  да,  билік  халықты  салықпен,  облигациямен  қысып  тастады.  Куйбышев  атындағы  колхозда  тұрып,  қолдарында  бір  малы  болмай, тамақтан  қағылып  жүрген  күйеу  баласы  Қайырбай  мен  қызы  Ұмсынғанды  ойлағанда   жүрегі  ауыратын. Тірнектеп  жинаған  ақшасына   Песчан  базарынан   сатып  алған  сиырын  Харьков  ауылына  жаяулап  жолға  шығады. Таңертең  шыққан  ана,  50 шақырым бойы   сиырды  жетектеп,  су  кешіп,  жарым  түнде  діттеген  жеріне  әзер  жетті.  Ертістен  қайықпен  сиырды  өткізгенде  суға  кетіп  қала  жаздаса  да,  қолынан  басжіпті  босатпады.  Абырой  болғанда,  сол  жағада  жүрген  Алавацкий  деген  болгар  жігіті  Шәрбаннің  шала-жансар  денесін  судан  алып  шығыпты.  Есін  жинағаннан   кейін,   қайтадан  сиырын  жетектеп  жолын  жалғастырады.  Ол  заманда  бір  сиыр  бір  үйді  асырайтын. Әкелген  сиыры  бұзаулап,  қызы  мен   немерелерінің  ауыздары  аққа  тигеніне  қатты  қуанады.

Осындай  қиындықтарға  тек  қана  ер  мінезді  адам төзе  алатын.   Заты  әйел  болса да, рухы  биік,  қайратты   Шәрбан  ана  өмірдің  барлық  тауқыметіне   шыдап,  мойымады,  сынбады. Керек  кезінде  мұқтаж  болған  адамдарға  әке  де,  ана  да,  аға  да,  әпке  де  бола  білген  Шәрбан  анамыз  57  жасында  өмірден  озды.   Жанына  батқан  аурудан  қиналып жатса  да,  өміріне  ренішін  де,  өкінішін  де  білдірмейді. Қайта  ұрпағына  ақылын  айтып,  мықты  болуды  аманаттады. Шәрбанның  ауырып  жатқанын  естіп,  Мағрипа  деген  құрбысы   соңғы  бір  апта  жанында  болып,  науқасты  күтті.   Демі  таусылып  бара  жатқан  Шәрбан  ана:  «Мағрипа,  Мағрипаш,  сенің  келгенің  қандай  жақсы  болды. Өзімді  баяғы  комсомол  жастығымызға  оралғандай  сезіндім.  Жағың  түспей  жамандық  көрме.  Бала-шағаңның  қызығын  көр. Аллаға  шүкір! Еліміз  аман,  жұртымыз  тыныш .  Жалғызымның  алдында  кетіп  бара  жатқаныма  ризамын. Тұяқтарым  аман  болсын! «Рамазан  айында  Өзбек  қызы  Шәрбанға  құдай  рахымы  тисін  деп  айтып  жүріңдер»,—деп   сабырлы  қалпында көз  жұмыпты

       
0
0
1184

Осы тақырып бойынша

Жазықсыз жапа шеккендер - Yvision.kz