Жауынгерлік парадқа дайындық жалғасуда
Жамбыл облысындағы «Отар» 40-ыншы әскери базасы ауданына Отан қорғаушылары күніне арналған Жауынгерлік парадқа қатысушы әскерлердің шоғырлануы аяқталды. Келген бөлімшелердің жеке құрамы далалық лагерьдегі шатырларға орналасып Жауынгерлік парадты өткізу жоспары бойынша дайындыққа кірісіп кетті.
– Әскерилер үшін тұңғыш рет өткізілгелі тұрған Жауынгерлік парад кең көлемді жаттығуға қатысумен бірдей болып тұр. Бөлімшелер практикалық дайындықтар барысында өзара іс-қимыл сұрақтарын түбегейлі пысықтайтын болса, офицерлер парадтың кезеңдерін жоспарлауда және бөлімшелерді басқаруда әскери өнерді жоғары деңгейде пайдалана білуге ұмтылмақ,- дейді Мұрат Майкеев.
Қазіргі кезде «Отар» 40-ыншы әскери базасында қару-жарақ пен әскери техниканы және полигон нысандарын дайындау қызу жүргізілуде. 7 мамыр Отан қорғаушылар күні Жауынгерлік парад тікелей эфир арқылы таратылады. Онда көрсетілетін жауынгерлеріміздің іс-қимылын бүкіл еліміз тамашалайтын болады.
Мұндай Жауынгерлік парад Қазақстан Қарулы Күштері тарихында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Онда Құрлық әскерлерінің барлық қару-жарақ түрлерінен жауынгерлік атыстар жүзеге асырылады. Әуе қорғаныс ы күштері аспан кеңістігінде өз шеберліктерін танытады. Жауынгерлік парадқа барлығы 7 мың әскери қызметшілер, 400-ден астам бронды машиналар, автотехникалар, 80-нен астам ұшақтар мен тікұшақтар қатысады.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
