«Жасыл ел» акциясы батыс өңірінде
ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі Қоғамдық кеңес өткізген «Жасыл ел» акциясы шеңберінде Бас штаб бастығының орынбасары – ҚР ҚК Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы полковник Мұхамеджан Таласов Атырау гарнизонында болды.
Өңірге жұмыс сапары барысында полковник М. Таласов Қоғамдық кеңестің XVII пленарлық отырысына және «Жасыл ел» еңбек маусымының ашылуына қатысты.
Полковник М. Таласов Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғ. Дүйсембаевпен кездесіп, жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі бірлескен іс-шараларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Ол «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасының штабында болып, қолбасшы басқармасының және әскери бөлімдердің офицерлерімен, сержанттармен, Атырау қаласындағы жалпы білім беретін және арнайы оқу орындарының алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушыларымен, жастармен кездесті. Кездесуде ҚР ҚМ «Әскери-техникалық мектебінің» әскери-патриоттық орталығының ведомстволық туын Атырау филиалына табыс етті.
Ол жастарға Елбасы Жолдауының іске асырылу барысы жайлы әңгімелеп, Мемлекет басшысының Қарулы Күштердің алдына қойған тапсырмаларына баса назар аударды. Сондай-ақ, ол әскери қызметшілердің сауалдарына жауап берді.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
