«Жасыл экономика» – жаңа технология
Елімізде EXPO көрмесіне дайындық жұмыстары басталып кетті. 2017 жылға белгіленген халықаралық көрмені ұйымдастыру үшін арнайы ұлттық компания да құрылып, оның басшылығына Талғат Ермегияев тағайындалды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткені белгілі. Осы алқалы жиында Елбасы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткізілетін Қазақстанның елордасы таза, энергия тұтыну жағынан тиімді, «жасыл» қалаға айналуы керектігін атап өтті.
Жалпы 2017 жылы халықаралық «ЭКСПО» көрмесін өткізетін орын ретінде Астананың таңдалуы – елімізге үлкен абырой әкелді. Бұл Қазақ елінің тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен жетістігі ретінде бағаланып отыр. «ЭКСПО– 2017» көрмесінің елімізге әкелетін пайдасы да қомақты болмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Біріншіден, әлемнің осыншама елінің Қазақстанды «ең лайықты» деп тануының өзі өте маңызды. Екіншіден, 100-ден астам ел Астанада өз павильондарын салу үшін келеді. Үшіншіден, «ЭКСПО – 2017» көрмесіне біз ұсынған «Болашақтың энергиясы» ұраны негізінде елордамызға жаһандағы мемлекеттер өздерінің жаңа технологияларын жеткізеді. Іс жүзінде ІІІ индустриялық революция «жасыл экономикадан» басталмақ. Бұл ретте қай елде «жасыл экономика» болса, соның қолында жаңа технологиялар бар. Ал жаңа технологияларсыз енді даму жоқ. Яғни «ЭКСПО – 2017» Қазақстан үшін экономикалық дамудың түбегейлі жаңа бетін ашудағы бетбұрыс бекетіне айналмақ».
Қазақ елі 2017 жылы өтетін көрменің тақырыбын энергияның баламалы көздері мен «жасыл» экономика мәселелеріне арнап отыр. Бұл жоба таза экологиялық технологияға және жаңғыртылған энергетикаға негізделеді. Индустриялық-инновациялық дамуды жеделдету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, еліміз 2015-2020 жылдар аралығында ЖІӨ энергия шығынын тиісінше 25 пайыздан 10 пайызға азайтуды көздеп отыр. Осыған орай, «жасыл технологияға» негізделген, жарықты барынша үнемдейтін диодты энергиялық қуат көздері мен құрылыс материалдарын шығаратын өндірістерді дамытуға күш сала бастады. Мысалы, жақында ашылған күн батареяларын өндіретін зауыт та – осы жобаның жүзеге асырыла бастауының нақты айғағы.
Қазіргі таңда әлем елдерінде энергия көзінің тапшылығы байқалуда. Сондықтан дүниежүзі энергияны күн, жел сияқты табиғи көздерден алуға көше бастады. Елбасы атап өткендей, болашақта бүкіл әлем «жасыл» технологиямен алға жылжитын болады. Сондықтан күллі әлемнің ғылымы мен техника саласындағы ең үздік жетістіктері сараланатын көрме Астанаға ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне де айтарлықтай пайда әкеледі деуге негіз бар. Яғни Қазақ елі таңдаған «Болашақтың энергиясы» әлемдік экономикалық дамудың басты кілтіне айналмақ.
Әрине, мұндай халықаралық деңгейдегі үлкен шараны тиісті деңгейде алып шығу – оңай емес. Халықаралық көрмелер бюросының талаптары да жоғары. Мысалы, көрме өткізуге белгіленген үш ай ішінде Астана қаласы әлемнің 100 мемлекетінен 5 миллионға жуық адамды қабылдауға қауқарлы болуы керек. Көрмеге байланысты өтетін дайындық жұмыстарының 90 пайызы биылға жоспарланып отыр. Сондықтан елімізді де, елорданы да биылғы жылы қыруар шаруа күтіп тұр.
Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» көрмесінің инновациялық экономиканы дамытудың аса маңызды катализаторына айналуы қажеттігін атап көрсетті. «Біз Астананы таза, энергияны тұтыну жағынан тиімді, «жасыл» қалаға айналдыруға тиіспіз. Елордамыз өзге өңірлерге үлгі болуға тиіс. Үкіметке және «Самұрық-Қазына» қорына көрмені энергиямен, баламалы энергия көздері есебінен жабдықтау нысандарымен толық қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Елбасы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры Астана әкімдігімен бірлесіп, биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін елордада ЭКСПО нысандары орналасатын «жасыл аудан» құрылысының жобасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі екінші тоқсаннан кешіктірмей, ЭКСПО көрмесін өткізу тұжырымдамасы жобасын әзірлеп, мемлекеттік комиссияның бекітуіне тапсырмақ.
http://gbpp.org/kz/2015/10/10298
