Жастар толқынында
Аққу ауылында «ЖАЛЫН» жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Жастар толқынында» тақырыбымен Халықаралық жастар күніне арналған мерекелік іс-шара өткізілді. Халықаралық жастар күні. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы, жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысы бойынша бекіткен. Сонымен қатар, бұл күнді атап өту - жастар мүддесін қорғауға арналған Бүкіләлемдік іс-әрекет бағдарламасын жүзеге асыруға және ол туралы жастарды хабардар етуге бағытталған.

Бұл бағдарламаны 1995 жылы БҰҰ қабылдаған болатын. Ал 2007 жылы кеңейтілді. Іс-шарада ауылдың белсенді патриот жастарына Аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпаттар табысталды. Соңы мерекелік концертке ұласқан бұл жиында әсем әндер айтылып, билер биленді, қызықты ойындар өткізіліп көрермендердің көңілін бір көтерді. Іс-шараның соңында Жастар күніне арналған керемет от шашу ұйымдастырылды. Аталмыш мереке жастарға арналған би кешімен өз мәресіне жетті.

