Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жастар Отанға еңбек етсе игі

 
 Печать
31.10.12.
Ел саясатының маңызды бөлшегінің бірі - жастар саясаты. Келешекте ел тізгінін қолына алып, жаңа замандағы жаңа Қазақстанды қалыптастырып, дамыту жас ұрпақтың мойнына жүктелер басты міндет. Сол себепті жастарды отансүйгіштікке, ел мен жерге адал еңбек етуге шақыру маңызды-ақ.

16 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанатының республикалық ІІ съезі өткізіледі. Дәл осы жиында жастар саясатының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданып, нақты іс-шаралар бекітілмек.

Еліміздегі жастардың саны 4,7 мил­лион адамды құрайды. Яки жастар ел халқының төрттен бірін қамтиды. Жастар мәселесімен айналысатын мыңнан аса ұйым тіркелген. Аталмыш ұйымдардың атқарар қызметі мен мақсат-мүддесі әр­қилы. Міндеті әрқилы болғанымен, мың­ға тарта ұйымның басты мүддесі біреу-ақ - жастарды еліміздің дамуына белсенді қа­тысуға шақыру.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев Қа­­зақстан халқы ассамблеясының ХІХ сес­сиясында Үкіметке «Жастар сая­­са­тының 2020 жылға дейінгі даму тұ­жы­­рымдама­сын» бекітуді ұсынған еді. Осы уақыт ішінде еліміздің түкпір-түк­піріндегі жас­тар тұжырымдамаға өзін­дік ұсыныстарын енгізген еді. Тіпті ға­­­­ламторда жас өрендер өздері үшін ма­ңызды деген мәселелердің басын шалды. «Жастар Отанға!» деп аталатын 2020 жылға дейінгі жастар сая­сатын дамыту стратегиясы сапалы білім беру, жастар­дың әлеуметтік бейімделуі, мәдени дамуы мен бірлігі, денсаулығы һәм ғылымды дамыту, ақпараттық техно­ло­гиялар ға­сырындағы жастардың әлеуеті, еріктілер қозғалысы, жас ұрпақтың бо­йында па­триотизмді да­мыту, жастар да­уысы, жас отбасы сияқты бірқатар ке­лелі мәселелерді қам­­тиды. 16 қарашада атал­мыш құжат Елбасының назарына ұсы­нылады. Дәл осы күндері облыс орталық­тары мен ірі қалаларда «Жас Отан» жастар қанатының бөлімшелері арнайы кон­фе­ренция өт­кізіп, Астанада өтетін маңызды жиынға қатысатын делегаттарды сайлауда. Осы ретте «Жас Отанның» белсенділерін сөз­ге тартқан едік.
Бақытжан Нарымбетов, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хат­шы­лығының сарапшысы:
- «Жас Отан» жастар қанатының
II съезі еліміздің жастар саясатындағы елеулі оқиға. Өйткені бұл жерде елі­міз­­дің басты партиясының жастар қа­натының алдағы 8 жылға арналған басты құжа-
ты - стратегиясы қабылдануы жоспар­ланып отыр. Сонымен қатар Ел­­басының қатысуымен өтетін әрбір үлкен іс-шарада жаңа бастамаларға жол ашылады. Мы­салы, «Жас Отанның» алғашқы съезінде «Дипломмен - ауылға!», «Жастар кадр­лық резерві», «Жастар - Отанға» жо­ба­лары өз бастауын алды. Яғни Елбасы осы жастар құрылтайында да жастар саясаты саласында жаңа тың идеяларды ұсынып, жаңа жобаларға жол ашатындығы сөзсіз.
Арман ХАЛБЕКОВ, «Жас Отан» жас­тар қанатының Алматы қалалық фи­лиалының атқарушы хатшысы:
- «Жас Отан» жастар қанатының Ал­маты қалалық филиалына 17544 азамат тіркелген. Олардың ішінде жоғары оқу орындарының студенттері һәм жастар ұйымдарының белсенді мүшелері мен әр­қилы салада қызмет атқаратын мамандар да бар. «Жас Отан» жастар қанатының
ІІ съезіне барынша дайындалудамыз. Күні кеше үлкен шараға Алматы қаласынан қатысатын делегаттарды сайладық. Ал­дағы съезде 2020 жылға дейінгі жастар саясатын дамыту стратегиясы қабылда­нып, Елбасы жастардың алдына бірқатар іс-шараларды бекітеді деген сенім бар. Жиынға оңтүстік астанамыздан 68 де­­ле­гат қатысады. Айта кетерлігі, жастар сая­сатын дамыту стратегиясына әр өңірдің белсенді жастары ұсыныстарын енгізген болатын. «Жас Отан» жастар қанатының Алматы қалалық филиалы еліміздегі ерік­­тілер қозғалысын дамыту мәселесін оң­тайлы шешуді ұсынды. Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев та жастардың жоғары оқу орындарында игерген білімін тәжірибе­мен ұштастыру қажеттігін бірнеше рет тілге тиек еткен. Алдағы уақытта еріктілер қоз­ғалысы дамып жатса, көптеген жас ма­мандар жоғары оқу орындарында жү­ріп-ақ тәжірибелік жағынан шыңдала түсер еді.

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ


 
0
0
651

Осы тақырып бойынша

Жастар Отанға еңбек етсе игі - Yvision.kz