Жастар Орталығында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» атты Дебат турнирі өтті
«Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі-қолбасшылық, екіншісі-шешендік» - деп ұлы шешен-ділмар М.Т. Цицерон айтып кеткендей, жеке пікіріңді айналаңа, қоғамға жеткізе білу – үлкен өнер. Қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі сөйлеу кез келген жанның бойынан табыла бермейтін қасиет екені анық.

Өңірімізде де орынды жерде ойын жеткізе білетін, тыңдаушыны иландырып, көркемсөзді келістіре айта алатын жастар жоқ емес. Осындай жастарды анықтап, облысымыздағы пікірталас қозғалысына дем беру, ораторлық өнерін дамытып, шешендік шеберлігін шыңдау мақсатында, 16 сәуір күні ПМПИ дебатшыларының көшбасшысы Санат Советтің ұйтықы болуы, Павлодар облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» КММ-нің қолдауымен облысымыздағы жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері арасында дебат сайысы өтті. Пікірталтың тақырыбы: «Қазақстанның үшінші жаңғыруы». Жарысқа ПМПИ, ПМУ, ПКТИК, ПХМК, Техникалық колледж сияқты оқу орындарынан 36 адам қатысты.

Іріктеу ойындары БПФ форматында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының қабырғасында өткен болатын. Жарысқа жалпы 16 фракция қатысып, іріктеу ойындары кіл мықтыларды анықтап берді. АПФ және Линкольн-Дуглас форматында ұйымдастырылған жарыстың екінші күні Жастар бастамаларын дамыту орталығында өтті. «Жүйрік шабар, шабан қалар» демекші, жарыс бар жерде жеңу де бар жеңілу де бар. Сөз соңында жарыс төрешісі Ғабит Фазиз: «Осы жарыста жеңіске жетккен пікірталасшылар болашақта облыс намысын Республикалық додаларда абыроймен қорғайды» деген сенім білдірді. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға естелік кубоктар табыс етілді.

Жеңімпаздар:
1-орын: "Инфинити" Торғай Ермұрат, Рахым Асылхан
2-орын: "Қалай қарайсың?" фракциясы. Жұбаныш Аружан, Тәтіш Шарапат
3-орын: "Ұлағат" фракциясы. Демеубаева Айжан, Молдабекова Ханзада
Үздік Спикер: Мұхитжан Ролан

