Жасанды түсіктің әлемдік маңызы. Стивет Левиттің «Фрикономикасына» рецензия
"Сіз шынымен солай ойлайсыз ба, әлде Сізге солай айтты ма?" осыдан 3 жыл бұрын Павлодарда "Самұрық" қоғамдық бірлестігінде координатор болып жүргенімде осынау сөзді өзіміздің ұстанымымыз етіп жүруші едік. Сондағы мақсатымыз - өзгелер секілді ойланбайтын, өзгеше адамдарды ортамызға жинау. Сол бір команданың әрқайсысы қазір қай салада болмасын жақсы маман екенін көріп, мақсатымыз орындалғанын көргендеймін. Бірақ, біз өзіміз ойлағандай өзгеше ойлауды толықтай үйрете алмадық. Өзіміз де білмедік.
Негізі, қазіргі қоғамның көптеген мәселелері осы бірсарынды ойлай беретін адамдардың кесірінен, яғни, сараптамалық ойлау қабілеті дамымаған және мәселені бір бағытты ғана зерттейтін азаматтардың кесірінен деп білемін. Әйтпесе, "Қытайға қазақ қыздары кетіп жатыр" деп бос айғайға салынбас еді. Болмаса, "қазақ тіліне мына министр қарсы" деп Ерлан Сағадиевке шүйлікпес еді. Аталмыш адамдардың да кінәсі жоқ әрине, тек толғандыратын кітаптарды емес, ойландыратын кітаптарды оқымауына ғана кінә арта аламын.
Айналадағы оқиғаларға, олардың шығу себептері мен әкеле алар нәтижесін дұрыс бағамдай алатын, сараптама жасауға үйрететін дәрістер мен кітаптар қазақ тілінде жоқ. Сондықтан орыс тілінде оқуға мұқтажбын. "Фрикономика" сондай кітаптардың бірі - ойландырады, ойлануға мүмкіндік береді, сыни көзқараспен қарауға шақырады, сараптаманы тереңдей жасауға үйретеді. Бір қызығы - менікі дұрыс, өзгенікі қате деп шықпайды Стивен. Салыстыра, сараптай келе, жағдайды түсіндіреді. Экономика ғана емес, отбасы, отбасылық тәрбие мен мектептегі тәрбие жайында ой қозғайды. Баланың есімі мен оның өміріне деген әсерін тереңдей түседі.
Кітаптың мақсаты - мәселелерді шешіп беру емес, өзгеше көзқарастар мен сараптама жасаған кезде ешкім ойланбайтын тұстарға назар салу. Мысалға: жасанды түсік жасауға тыйым салу тұтастай мемлекеттің құлауына әкеліп соғуы мүмкін деп ойлап па едіңіз? Немесе АҚШ секілді алпауыт мемлекеттің жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмысының көбеюіне себепші сол жасанды түсік десе сене алар ма едіңіз?! Левит өз кітабында осы жайлы дәлелдер келтіреді.
Бұл кітап кімдер үшін пайдалы? Әрине, жас журналистерге, қоғамның алдында сөз сөйлеп үйренгендер мен қоғамға ой салып үйренгендер үшін пайдалы болады. Жас саясаткер, экономист, социологтар мен математиктерге. Былайша айтқанда, зерттеу мен зерделеудің, сараптау мен түсіндірудің саласында жүрген адамдарға пайдалы болады.
Бірақ, кітапта айтылған барлық ойға сене беріңдер дегеннен сақтаймын. Себебі, Сіздің ойыңыз - ол Сіздің ойыңыз, өзгенің ойымен келіспес бұрын жақсылап саралап алыңыз.
