Жас түлектің қанатын қомдады
Партия тарапы ешкімді елеусіз қалдырмайды. Қал-қадірінше жәрдем беріп, қолдау көрсетеді. Мәселені шешудің бар тетігін қарайды. Жуырда «Nur Otan» партиясы Сарқан аудандық филиалына көп балалы ана З.Акибаева келіп, мазалаған мәселесін ақтарып салды. Азаматшаның айтуына сүйенсек, баласы жуырда алтын ұя мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнына түсуге ұмтылады. Жағдай мен жайдың әсері ме, жас түлек І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне грант негіздегі оқуға тапсырады, бірақ оқуға түсе алмайды. З.Акибаева баласын өзі-ақ ақылы оқытар еді, жуырда ғана асыраушысынан және екі қызынан айрылған соң, отбасын қажетімен қамтамасыз ету мүлдем қиындай түскен. Басындағы тауқыметін айтып, филиал өкілдерінен баласын ақысыз түрде колледжге болса да оқуға түсіруге мұрындық болуды сұрай кепті. «Nur Otan» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Кубенов Алматы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесімен бірлесіп, мәселені шешуге тырысты. Партия өкілдері Талдықорған политехникалық колледждің директоры, «Парасат» БПҰ төрағасы Е.Мұқажановпен хабарласып, мән-жайды баяндайды. Ел үшін істелген қай істе де аянып қалмайтын Е.Биғалиұлы З.Акибаеваның баласын ақысыз негізде колледжде оқуға септігін тигізді. Нәтижесінде жоқ іздей келген көп балалы ана «Nur Otan» партиясы өкілдеріне алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді
