«Жасөспірім – Заң – Қауіпсіздік»
Полицейлермен бірге түнгі операцияға прокуратура қызметкерлері, білім басқармасының және басқа да мүдделі органдардың қызметкерлері қатысты.
«Жасөспірім – Заң – Қауіпсіздік» республикалық акциясының басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Апта бойы тәртіп сақшылары оқу орындарында құқықтық дәрістер оқып, түрлі байқаулар мен флешмобтар ұйымдастырды. Ал, демалыс күндері бірқатар рейдтік іс-шаралар өткізілді. Олардың нәтижелері кәмелетке толмағандардың түнгі қалада еркін жүретінін көрсетті. 17 жастағы жасөспірім 18 жастағы досымен бірге Уәлиханов көшесіндегі компьютерлік клубтардың бірінде ойынға беріліп отырған. Осылай түн болып қалғанын байқамапты. Нәтижесінде жасөспірімге және клубтың иесіне әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Полиция қызметкерлері көңіл көтеру орындары мен түнгі көшелерді тексерумен ғана шектелмеді. Кәмелетке толмағандарға спирттік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сату фактілерін анықтау мен жолын кесу де басты назарда болды. Сонымен қатар, рейд барысында қылмыстық бұзушылықтар жасағаны үшін полицияда есепте тұрған бозбалалар тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексерілді. Инспекторлардың айтуларынша, мұндай шаралар жағдайды бақылауда ұстауға және тәртібі қиын жасөспірімдердің тарапынан болатын бұзушылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді.
«Прокуратурамен, білім басқармасымен, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиямен бірлесіп, тұрмысы төмен отбасылар мен ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдер тексерілді. Олармен профилактикалық түрдегі әңгімелесулер жүргізілді, қылмыстық және әкімшілік заңнама, сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі мен қоғамдық орындарда, көшелерде өзін-өзі ұстау ережелері түсіндірілді», - деп нақтылады Петропавл қ. ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналдық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Эльмира Абушева.
Жалпы, аптаға созылған акцияны өткізу барысында қалалық полицейлермен 31 әкімшілік хаттама толтырылды. Олардың 19-ы – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үй-жайдан тыс заңды өкілдерінсіз жүргендері үшін. Тәртіп сақшылары айтып өткендей, бұзушылықтарды анықтау – басты мақсат емес. Бастысы – жасөспірімдерді криминалдық әрекеттерден, жаман әдеттерден сақтау, сондай-ақ, бос уақытты зиянды емес, керісінше пайдалы етіп өткізуге болатынын айту.




СҚО ПД баспасөз қызметі
http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN
