Жасөспірім қыздарға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың алдын алу

«Еуразиялық келісім қоры» ҚҚ Алматы қаласы ішкі істер саясаты басқармасының тапсырысы бойынша Алматы қаласы əкімінің жанындағы əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы мен Алмалы ауданы əкімдігімен бірлесе отырып 2016 жылдың 30-қарашасында Алматы қаласының №8 мектеп-лицейінің жоғарғы сынып оқушыларына жасөспірім қыздарға көрсетілетін зорлық-зомбылықтардың алдын алу туралы ақпараттық семинар өткізді.

Əрбір жасөспірім қыз – болашақ ана, білікті маман, сонымен қатар, олар Қазақстанның гүлденуі мен өркендеуіне үлесін қосатын көшбасшылар мен үздік саясаткерлер. Сондықтан зорлық-зомбылық əрекетін болдырмау үшін əрбір қыз баланы қорғау шараларын қолға алу керек. Статистика бойынша əлемдегі əйелдер үлесінің 35%-ы осындай зорлықтың құрбаны болады. Мемлекет, отбасы, қоғамдық институттар күш біріктіріп, қауіпсіз əрі еркін жағдайда қыздардың адами әлеуетінің өсуіне, жан-жақты білім алып, технологияларды игеруіне ықпал ете отырып, жасөспірім қыздарға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың алдын алады.

Жоғары сынып оқушыларына арналған семинарларды жүргізуде Алматы қаласы əкімінің жанындағы əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, қоғамдық көшбасшылар, Шығармашылық бастамашы әйелдер лигасының, Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының, Y-PEER халықаралық еріктілер желісінің, «БҰҰ-әйелдер» халықаралық ұйымының, БҰҰ Тұрғын халық саласындағы (ЮНФПА) қорының белсенділері қатысты.
