Мазмұнға өту
Обложка сообщества Закон  и порядок

Жануарларға деген қатыгездік

Адамдардың тірі ағзаға деген қатыгез іс-әрекеттері қоғамдағы моральдық-этикалық мәселелерді көрсетеді. Қазіргі таңда көптеген отбасыларда ата-аналар балалардың бойына жанашырлық пен аяушылық, жануарларға деген қамқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіруге аса мән бермейді. Мәселенің түбірі содан басталса керек.

Қостанай облысы, Рудный қаласында биыл қазан айында далада ойнап жүрген Лиза атты тойтерьер мерт болды. Себебі, бейтаныс әйел оны қуалап келе жатқанын қауіпті санап, жас балалардың көз алдында оны көтеріп, жерге лақтырған. Иесі Светлана Цурканның сөзі бойынша, итіне алғашқы медициналық көмек көрсеткенімен пайдасы болмаған.

Ал Тайга есімді итті өз иесі терезеден тастап жібергені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Көршілері оны иті мас кезінде тістегеніне бұлданып, керек етпеген көрінеді деседі. Қуанышқа орай, Тайга тірі қалған, алайда Рудный тұрғынының үстінен арыз жазған көршілері әділдікке қол жеткізе алмағанын @dobro_hvostik_rudny Іnstagram парақшасына жариялаған. Ал түсініктеме қағазына Михаил Катышев итінің байқаусызда қолынан секіріп кеткенін жазғаны мәлім болды.

Ешкімге зиянын тигізбей жүрген қаңғыбас ит-мысықтардың тамағына у қосып, көше бойына шашып кететін «қара» волонтерлар да өз жұмыстарын бастап кетіпті. Көлігімен көше кезген жануарларды қағып кетіп, оқиға орнынан тайып тұратын жүргізушілер де жоқ емес. Не себепті мұндай жайттар белең алып жатыр? Жануарларды қорлағандар заң бойынша қандай жазаға тартылуы тиіс?

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 11-тарау, 316-бабында жануарларға қатыгездік жасау туралы былай делінген:

«1. Жануарларға олардың өлуiне немесе мертiгуiне әкеп соққан қатыгездiк жасау, егер бұл іс-әрекет бұзақылық ниетпен немесе садистік әдiстерді қолдана отырып немесе жас балалардың көз алдында жасалса, бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

2. Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған немесе бiрнеше мәрте жасалған дәл сол іс-әрекет екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады».

2021 жылы 6 қазанда Мәжіліс депутаттары «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын және соған байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістерді қабылдады.

4-бабында жануарларға қарау мынадай адамгершілік қағидаттары мен ізгілік қағидаттарына негізделеді деп көрсетілген:

жануарларға ауырсыну мен азапты сезіне алатын тіршілік иесі ретінде қарау;

жануардың өміріне, саулығы мен амандығына иесінің дербес жауаптылығы;

жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау;

халықтың жануарларға адамгершілікпен және ізгілікпен қарым-қатынас жасауын тәрбиелеу.

Жануарларды қараған кезде:

ауырсынуды басатын препараттар мен анестетиктерді қолдану жануардың саулығына зиян келтіруі мүмкін жағдайларды қоспағанда, жануарларға ауырсынуды басуды немесе анестезияны қолдану көрсетілген ветеринариялық және өзге де емшараларды тиісті құралдарды міндетті түрде қолданбай жүргізуге;

бұзақылық пиғылмен не қызметтік міндеттерді атқаруға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын аңшылыққа байланысты емес мақсаттарда жануарларды басқа жануарларға және/немесе адамдарға өшіктіруге;

жануарларға арналған панажайларға берілгенге дейін немесе өзге де заңды тәсілмен иеліктен шығарғанға дейін жануарлар иелерінің жануарларды асырау жөніндегі міндеттерін орындаудан бас тартуына;

жануарлар төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге;

жануарлардың жарақаттануына, мертігуіне немесе өліп қалуына әкелетін ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге;

жануарлардың зақымдануына, мертігуіне немесе өліміне әкелетін мүкаммалды және өзге де құрал-жабдықты пайдалануға;

сою немесе жарақат салу және мертіктіру арқылы иттер мен мысықтардан өнім мен шикізат алу үшін осы жануарларды өсіруге, асырауға, пайдалануға, сондай-ақ мысықтар мен иттердің жүнін тарау тәсілімен алудан басқа, осындай өнімді өткізуге;

жануарды өз бетінше эвтаназиялауға тыйым салынады.

Сондай-ақ баптардың бірінде жануарларға қатыгездікті насихаттауға тыйым салынады.

Құжатта: «Жануарларға қатыгездікпен қарауды, оның ішінде пайда табу мақсатында немесе онсыз баспа, аудиобейне өнімін және басқа да ақпарат арналарын шығару, көрсету, тарату және өзге де пайдалану арқылы насихаттауға және (немесе) соған үндеуге тыйым салынады», - делінген.

0
1
876

Осы тақырып бойынша