Мазмұнға өту
Обложка сообщества Кино

Жанель Серікбол: «Бұл — менің үлкен киноға алғашқы қадамым» немесе «Бабай»: отбасы құндылығын дәріптеген жаңа қазақстандық комедия

Күні кеше Алматыда «Бабай» отбасылық комедиясының алдын ала көрсетілімі өтті.Осы ретте, біздің тілшіміз тұсаукесерге барып, туындыны тамашалап, басты кейіпкер Жанелмен сұқбат құрып қайтқан болатын.

21 мамырдан бастап қалың көрерменге жол тартқан бұл фильм әке мен қыздың арасындағы нәзік байланысты, мейірім мен ғажайыпқа сенімді арқау еткен туынды көрерменге жылы атмосферасымен ерекшеленеді. Фильмнің тұсаукесері ерекше форматта, балалар үшін қызықты болып өтті. Премьера кеші де картина рухына сай шынайы отбасылық көңіл күйде ұйымдастырылды.

Кеш барысында жас актриса Жанель Серікболдың әжесі қазақы дәстүрмен шашу шашып, атасы түсірілім тобына ақ батасын берді. Бұл сәт кеш қонақтарына ерекше әсер қалдырды.

Премьерадан кейін біз фильмдегі басты рөлдердің бірін сомдаған жас актриса Жанель Серікболмен әңгімелескен едік.

— Жанель, бүгінгі кеш сіз үшін ерекше өткені байқалады…

— Иә, расында ерекше күн болды. Себебі бұл — менің үлкен экрандағы алғашқы басты рөлім. Премьера кезінде қатты толқыдым. Әсіресе ата-әжемнің батасын алып, отбасы мүшелерінің жанымнан табылғаны маған үлкен күш берді.

— Көрермен сізді бұған дейін «Балапан» арнасынан танып үлгерді. Ал «Бабай» сіз үшін қандай жоба болды?

— Бұл фильм мен үшін жаңа белес болды. Тележүргізушіліктен кейін киноға қадам басу оңай емес екен. Бірақ осы жоба арқылы көп тәжірибе жинадым. Түсірілім алаңында әр күн ерекше өтті.

— Фильмдегі Камила образы туралы айтып өтсеңіз…

— Камила — анасынан айырылғаннан кейін ғажайыпқа сенуден қалған қыз. Бірақ оның өміріне күтпеген адам келіп, бәрі өзгереді. Бұл фильмде отбасының қадірі, жақын адамдардың орны туралы өте жылы ой айтылады.

— Фильмдегі атмосфера көрерменге бірден сезіледі…

— Иә, өйткені түсірілімнің өзі сондай мейірімге толы болды. Біз бір-бірімізді қатты қолдадық. Әсіресе тәжірибелі актерлерден көп нәрсе үйрендім.

— Сіз Азамат Сатыбалды, Қуандық Жүніс, Ұлбосын Шалқарова сынды актерлермен бірге ойнадыңыз. Олардан не үйрендіңіз?

— Ең алдымен қарапайымдылықты. Олар әрдайым көмектесіп, ақылдарын айтып отырды. Азамат аға әсіресе қатты қолдау көрсетті.

— Фильмнің режиссері Олжас Ермекбаев үшін де бұл алғашқы толықметражды жұмыс екен…

— Иә, бірақ соған қарамастан бәрі өте кәсіби деңгейде өтті. Ол кісі бізге ерекше атмосфера қалыптастыра білді.

— Премьерада продюсер Бухар Марат бұл фильмді қызына көрсеткісі келгенін айтты. Сіздіңше, «Бабайдың» басты ерекшелігі неде?

— Меніңше, бұл — отбасымен бірге отырып көруге болатын шынайы әрі жылы фильм. Қазір сондай кинолар өте қажет сияқты.

— Соңғы уақытта қазақ фильмдеріне қызығушылық артып келеді. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

— Көрермен өзіне жақын дүниені көргісі келеді. Қазақы мінез, отбасы, эмоция — бәрі адамдарға жақын. Сондықтан отандық кинолардың деңгейі де, көрермен ықыласы да өсіп келеді.

— Әңгімеңізге рақмет! Фильм көп көрерменнің көңілінен шықсын!

— Рақмет!

0
0
8575

Осы тақырып бойынша