Жандос-Жігітек батыр
Жалғасы. Осы тақырыптағы алдыңғы зерттеулер: "Найман & Арғын. Аралас тарих" https://yvision.kz/post/888335; "Тобықты - Арғынның бір бұтағы" https://yvision.kz/post/892097; Елатан - Тобықты https://yvision.kz/post/892334.
.... Таупиқты-Тобықты бабамнан кейін мені бала кезімде қатты қызықтырған Жандос (Жігітек) батыр болды. Нағашы атам Қабылхақ көңілі түскенде үйдің көлеңкесінде отырып, басы ұшталған жеңіл аллюминий таяғымен жерді шұқып, құлақшаларын жіппен орап қойған көзілдірігін түзеп қойып, Тобықты аталарым туралы әңгімелерін бастайтын. Әсіресе мен Ушелишеден (училище, ПТУ, Қарауылдан үш-төрт шақырым жерде, атам сонда запқоз) Қарауылға барып Рақыш атаның үйінен қымыз алып келгеннен кейін аузы майланып көңілі дұрысталғанда - ұзағынан түсетін. Міндетті түрде бірінші менің сабағымды сұрайды, орыс мектебінде не оқытатының білгісі келеді (өзі кезінде Күнгейде, Дүрбілжінде мұғалім, гимназияның мүдірі болған), сосын: «ой, бестолкобой, қызталақтар» деп таяқпен жерді түрткілеп алып, маған «дұрыс» тарихты біраз үйретеді. Һақ ханымыз Шыңғыс, Арғын-Найман, Тобықты тарихы туралы айтады. Ерекше ықыласпен Жандос-Жігітек жайлы толғайды. Үлкен адамдарға тыңдайтын құлақ керек, қызыққанынды байқаса тоқтамай айтуға дайын...
Қазір ойлап отырсам, сөзінің арасына Шәкерім Қажының айтып-жазғандарын да қосып қоятын болса керек. Ол уақытта, белгілі, Шәкерімнің атын атауға болмайды, бірақ атам Шәкерімнің жазғандарын үнемі жадында ұстап жүрген сияқты...

Қабылхақ Арыстанбекұғлы
Төменгі жазғандарымда атамның айтқанына басқа әкем Шәуеннің, анам Рахиманың айтқандары да молынан бар, олардан кейін өзімнің де оқып-тоқығаным қосылған – сондай бір mix-әңгіме...
Әйтседе, нағашы атам Қабылхақ Арыстанбекұғлы атымен бастайын. Ол кісі былай деп әңгімелейтін: .... Жандос - «Үш Олжайдың» кенжесі. Біздің жетінші атамыз Әйтек, Әнет Бабаңның інісі. Әкелері Кішік, Сары батыр мен Қатаған Тұрсын ханның қызынан туған. Әйтектің бәйбішеден жалғызы - Олжай, Тоқалынан - Байбөрі Қалқаманмен... Олжайдың «Үш Олжай» аталған ұлдары болған – Айдос, Қайдос, Жандос. Үлкені Айдос, батыр да емес, би де емес, «Жеті момында» одан асқан момын болмас. «Шөккен түйеге міне алмайтын жаман Айдос» деген артынан сөз қалған, бірақ ұрпағымен айбынды болады. Айпара анамыз Айдостан төрт ұл тапқан: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай. Айдостың ұрпағы азулы, өктем, мықты болуы Айпараның ақ сүті мен міңезінен дарыған... Осылай кете береді. Кейіннен Ырғызбай ұрпағы Ниязбек Алдажаровтың жазғанынан оқыдым: «Айпара ер қайраты бар, есті, адуын әйел болған. Өзінде бір жағынан, тапқыр шешендік, бір жағынан, бақсы-құшынаштық сияқты сәуегейлік те болған». Құшынаштық сәуегейлігімен қоса «Айпара тапқыр, білгір адам болған». «Айдос атамыз – өте бақытты адам, - деп жазады Ниязбек Алдамжаров, - Айпара шешеміз қыз күнінде Айдосты көріп: «Мен анау қарны шертиген сарыға күйеуге шығам. Өзі өте бақытты болайын деп тұр», – екен дейді. Айпараның міңезіне қарап Айдос билікті соған ұстатқан. Атамның айтуы бойынша – Айпара Хас батыр Қабандайдың Қабанбайдың қарындасы болған. Қазіргі біраз деректерде - Үйсіннен келген, әкесінің аты мәлім емес делініп жүр.
Тұрсын Жұртбай «Абайдың арғы аталары туралы сөз қозғағанда, әлқиссаны Айпара ана жөніндегі аңыздан» бастау керек дейді. Содан бастаймыз, біреу емес бірнешеуінен. Алғашқысы: «Ол заманда қазақ пен қалмақ ұдайы алма-кезек соғыса береді. Бір-біріне шабады, қатын-баласын иемденеді, ертеңінде бәрін тастап қашады, көшеді. Бір күні Айпараның көшіне қалмақтар келеді. Соның алдында ғана інгеннің ботасы жол көтере алмай өлген екен. Қатын-бала түйені сойып жатқанда, қалмақ жасауылдары көрінеді. Түйенің етін Айпараның отауына тығып, төрге көлденең салып, бетін ақпен жауып: Түйелі елдің жақсысы-ай, Түйедей менің арысым, Төрде сұлап жатысы-ай, – деп дауыс салып, жоқтау айта жөнеледі. Пұқа табынса да құдайы бар қалмақтар: «Адамы өлген үйді тінтіп, күнәлі болмайық», – деп кетіп қалады. Айпара жұртын да, аш елдің қазанын да алып қалады". "Содан Айпараның аты шығып бастап, мұқым Олжай баласы оның алдынан кесе көлденен өтпеген», дейді атам. Мен – баламын - бүл әңгімеден батырлық, героикалық еш нәрсе көре алмаймын. Тек тапқырлық. Атам бұл әңгімені қайталап айта беретін. Адамның жасы ұлғайғандағы әдеті. Содан есімде жатталып қалыпты, кейіннен әдебиеттен де оқыдым. Нобайы бір.
Айпара туралы айтылатын келесі әңгіме – балаларын қалай сынағаны. Бұл әңгіме көбірек (Торша қызы) Тілеухан апам айтқанынан есімде қалыпты. «Айпара бірде қой сояды да, етін түгелдей асып «балдарының алдына қояды». Үлкені Ырғызбай бірден жамбасқа бас салады, Көтібақ тоқбас жілікке жармасады, Топай ортан жілікке иеленеді, Торғай біресе омыртқаға, біресе қабырғаға ұмтылып, ақыры кәрі жілікпен қалады». Мен ол кезде еттің мүшелерін пәлендей айыра алмаймын, бірақ жамбас пен жілікте ет мол екенін білем. «Содан Айпара балаларына қарап отырып: Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым, / Тоқпақ жалды торы айғыр Көтібағым. / Әрі де кетпес, бері де кетпес Торғайым, / Сірә де оңбас Топайым, - депті». Әр Тобықты білетін бұл төрт жолды еске алып отырғанда апам Тілеухан мен анам Рахиманың дауыстары құлағымда қосылып кетеді. Ассоциациаларға толы бұл теңеулер баланың қиялына әсер етеді. «Шұбар төс» Ырғызбай - азулы жыртқыш, бәлкім, аңшыға ұқсас. «Тоқпақ жал» – үлкен асау айғыр болу керек. Тоқбас жілік ұстаған Қөтібақ батыр - Тілеухан апамның атасы, асау айғыр сол. «Ары да кетпес, бері де кетпес» Торғай - сәл түсініксіздеу. «Анау да емес, мынау да емес» деген сияқты. Атам өзінің бір баласын «кедір-бұдыры жоқ құла дала» деп отырытын. Сондайға ұқсас. Ал «оңбас Топайым» жақсы сөз емес. Осыдан кейін осы руларға жататын адамдарды ойлаймын. Дүйсен ағам – Топай. Қара адамның сұлуы, мінезі тұйық, момындау. Атамның құдасы, жиені Қуантайдың қайын атасы - Торғай, өзі де торғайға ұқсас кішкентай шынашақтай шал. Ырғызбайларды көп білмеймін. Білетінім: Құнанбай, Абай – Ырғызбай.
Ырғызбайдың әкесі Айдостың інісі Қайдос ерте қайтыс болған. Бәлкім, қалмақпен соғыста шейіт болған. Кейіннен Шәкерімнің Шежіресінен де оқыдым: «сірә, көп жүрмей жасында өткен». Қайдостың әйелінің аты Айсана, екі ұлы болған: Бөкенші мен Борсақ-Шегедек. Бөкеншіден Нұрила апам тарайды.
Айдостың балаларынан бала маған ұнайтыны - Көтібақ. Анайы емес - ұранды, батырлар заманының есімі. Батыр Есеттің әкесінің аты Көтібар. Кейіннен Мадиар қыпшақтарының тарихын зерттегенде хан Көтен Сүттей ұғлы туралы оқыдым. Қазақ тарихшылары бұл есімнен ұялып, бетін басып, Қотан, Құтан деп өзгертеді. Академик Болат Көмековтың маған айтқаны: ханның аты – Көтен. Тіл, оның сөздік қоры – тірі организм, өзгеріп, дамып отырады. Сөздердің мағыналы өзгереді. Ескі қазаққа "Көті бар"– «арқасы бар» дегенге парапар. «Арты бар, мықты, дәулетті» деген мағынада. Осы күнге дейін қазақ біреуді мұқалтқысы келсе – «көтіне қара» дейді. «Артына қара, әліне қара» дегені. Осының бәрін білгеннен кейін «Көтібақ» маған ерсі көрінгенін қойды. «Даулетбақпен» бірдей болды. Жалпы, қазақ антропонимикасы – аз зерттелген қызық дүние. Жандос атамның балаларының аттары тіптен ерекше, арасында animal, bestial Түлкібай, Қарсақбай, Күзембайлары бар.

Жандосты «Жігітек», «Жігіт-ақ» деп атаған Айпара екен. Қалай, не үшін аталғаны - атамның айтқандарының ішіндегі ең жақсы көретін приключение-adventure әңгімем. Былай болған екен: Олжай батыр Терісаққан қамысты өзенің бойында қалмақпен жанкешті соғысып жүргенде, Қайдостың ауылының жау шабады, балалары Бөкенші мен Шегедекті қалмақтар аттың алдына өңгеріп алып кетеді. Шегедек титімдей, емшекте. Олжай батыр атамыз болса - «қан майданда», Айдос - «шөккен түйеге міне алмайды», әлде сырқау. Айпара құмалақ салады, түсіне алтыемшекті (қаншықты) емген Бөкенші мен Шегедек кіре береді. Осы мезгілде ауылға он жеті жасар өжет қайнысы Жандос жетеді. Содан жеңгесі екеуі жоспар құрады. Жандос – тапқыр. Жасақталып, мүсәпір дәруіштің кейпіне еніп, жолға шығады. Бауырларын көп іздейді, кездескен елдің бәрінен жөн сұрайды. Бір қалмақтың кейуанасы екі кішкентай қазақ тұтқындары туралы айтады. Жандос көрсетілген қалмақтын қосын тауып, түнемек ниет танытады. Шыңғысханның Жасақ (Йасақ) заңы бойынша дәруішке ешкім тиіспейді, тексермейді, ешнәрсе сұрамайды. Ел ұйқыға енгенде, Жандос жарықта бағдарлап алған бауырлары жатқан үйге үлкен ептілікпен еніп, екі бауырын мойнына іліп келген түйенің шудасы толтырылған екі басты үлкен қоржынға тығып алып, қашады. Айпараның айтуымен төбе бастарындағы обаларды сағалап, жол қарап, жасырынып ауылына жетеді. Қоржыннан бастары сығалаған балаларды көргенде, Айпара «Жігіт-ақ екенсін!» деп қайнысын құшақтап, жылайды. Содан Жандос «Жігітек» аталынып кеткен. Емшектегі Шегедекті Айпара анамыз түйенің сүтімен асырайды, Шегедек бордай болып семіріп алып, содан Борсақ атанып кетіпті.
Жандос атамның Жігітекке дейін айдарын ескен тағы бір есімі Кішекең болған. Тобықтының ата қонысы Шыңғысты қарауға Мамай батыр аттанғанда Айпара оған он үш жасар қайнысын қосып: «Кішекең ере барсын» деп бірге жібереді. Мамай «Шыңғыс босады!» деп сүйіншілеп келгенде оң жағында «Кішекең» аталған Жандос тұрған.
Жандос-Кішікең-Жігітектің тағы бір ұранды аты – Арқатай. Абылай Кеңгірбайдан жөн сұрағанда: Арқатай – менің әкем! Кекілікті кезеңде оққа ұшқанда атыңызды Құдайға айтып үш күн жер бауырлап жатып алып жылаған едіңіз ғой. Ал анамыз Айпара көш түгілі елді бастап Арқаға әкеліскендердің бірі – деген екен...
Жандос-Жігітек қазіргі қолда бар мәліметтер бойынша 1715 жылы туылып, 1752 жылы дүниеден қайтқан. Абылайға баласы Кеңгірбай жөнің айтқаның алдында ғана шейіт болған. Кеңгірбай онда он жеті жаста. Жазба деректер бойынша бұл жылдары (1740-1755) қазақ аламанының Бас Сардары Хас Батыр Қаракерей Қабанбай болған. Сол қырғауыл жорық заманда Абылайдың өзі қатысқан ұрыстың бірінде Жігітек бабамыз қайтыс болған. Бүл кезең қалмақтарды қазақ даласынан, Шыңғыстау, Тарбағатай, Алтай мен Алатаудан жаппай қуыдын бастауы. 1752 жылы Абылай Қаратаудың батыс жақ етегіне ордасын тігіп отырған. Жалпықазақ ханы болып сайланбаса да Алашқа сөзі жүретін әйгілі жаугер сұлтан. Сол жылы қазақтың бір түмені Лама Доржының 20 мың қолының шабуылына тойтарыс бергені туралы айтылады. Мен бұны айтып отырғаным, бұл шайқасқа Абылайдың өзі қатысқан, соңынан шейіт болған қазақ батырларын жоқтап ордасынан үш күн шықпай отырған. Сол шайқаста, басқасында ма, Жандос-Жігітек батыр небәрі 37 жасында жау қолынан қаза тапқан.

Жалғасы бар...
Постыда Нұрлан Қилыбаевтың суреттері пайдаланылған.
