Жанайдар Нұрсәлиев, «Керуен» дуэтінің жетекшісі: Ресейде тұрып орысшаны жетік білмейміз

– Жанайдар Ермекұлы, өздеріңіз тұратын қазақтар жиі қоныстанған аймақ жайлы айта отырсаңыз?
– Біз Россияның таулы Алтайында тұрамыз. Сондағы Қосағаш ауылының тумасымын. Біздің ата-бабаларымыз Шығыс Қазақстан жақтан келген екен. Осыдан 120 жыл бұрын ауып келдік деп үлкендер айтып отырады. Сонымен қатар біз жақта Қытайдың Қанас көлі маңынан ауып келген ағайындар да кездеседі. Біз балаларымызбен де қазақша сөйлесеміз. Біздің Алтай республикасы Қосағаш ауданы Қосағаш ауылында 18 мың қазақ тұрады. Ондағы қазақтар тілін, дінін өте жақсы сақтаған. Барлық той-томалақ ұлтымыздың дәстүрлері бойынша өтеді. Жастардың арасында дінді дұрыс ұстанатындар қатары мол. Қазақ мектептері жоқ болғанымен, қазақ тілі пән ретінде кіреді. «Чүй нұры» атты қазақша газетіміз бар. Спутник арқылы «Астана» телеарнасын ғана қараймыз. Жасыратыны жоқ, Ресейде тұрып орысша жақсы сөйлей алмаймыз. Россияның кей жерлеріндегі қазақтар қазақша сөйлей білмейді екен. Жаңа бір қыздар орысша сөйлесіп отыр екен. Сұрастырсақ, олар да Ресей елінен келіпті. «Қазақша түсінеміз, бірақ сөйлей білмейміз» деп отыр.
Жолдасыңыз Еркін Әжімқанов екеулеріңіз «Керуен» дуэті болып ән айтқандарыңызға ұзақ болды ма?
Ресейге қазақ өнерін таныту мақсатында осыдан 18 жыл бұрын, яғни мен бас құраған жылы құрылғанбыз. Содан бері балдызым Еркін екеуіміз жұбымыз жазылмай өнер көрсетіп келеміз. Көбінесе біз орыстардың алдында өнер көрсеттік. Қазақ әндерін орындаумен бірге домбырамен орыс әндерін де айтамыз. Орыстар қатты сыйлайды, құрметтейді. Шетелдерге шығып та жиі өнер көрсетеміз. Қазақстанда өтетін «Ән мен әншіге» де қатыстық. Осы өнеріміздің арқасында Қазақ еліне жиі келіп өнер көрсетіп тұрсақ деп ойлаймын.
– Өнер жолын таңдауыңызға не түрткі болды?
– Өнерге құштарлығымды оятқан ең алдымен әкем болды. Ол кісі күй шертіп, ән айтатын кісі. Тағы бір жағынан, Атажұртқа көшіп келген Рашат деген ағамның ықпалы зор болды. Рашат ағам мені 3-сыныптан бастап музыка мектебіне сүйреп, Консерваторияның дайындық курсына шейін алып келді. Сөйтіп, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын 1997 жылы күй өнері бойынша бітірдім. Қасымдағы азамат Еркін Әжімқанов болса Ресейдегі Барнаулда Өнер институтын оқыған.
– Өз ауылдарыңызда ұлттық өнер қалай дамыған?
Біз оқу бітіріп барғанға дейін өзіміз тұрған ауылдағы қазақтар арасында ұлттық өнерді дамыту – әншілік, күйшілік және оларды жазу дегендер болмаған екен. Біз өзіміздің аймағымыздағы тұратын үлкендерден көптеген әндерді жазып, сақтап алып қалдық. Оны біз тұрған аймақтан фольклор жинай келген алматылық азаматтарға да бердік. Өз қорымызға да көп әндер жинап алып қалдық.
– Ән, күй орындаумен бірге өздеріңіздің іздеріңізді жалғайтын жастарды тәрбиелеумен айналыстыңыздар ма?
Ауылымыздағы Музыка мектебінде Домбыра сыныбын ашқан болатынмын. Онда көп оқушыларым бар. Кішкентай қыздардан құралған ансамбль де бар. 12 қыз домбырамен ән айтады. Осы мектепте менің қолымнан оқып шыққан бір оқушым академияны тәмәмдап, басқа бір қазақ ауылда ұстаздықпен айналысуда. Тағы бір оқушым Алматыдағы Чайковский атындағы консерваторияны бітірді. Осындағы үш қазақ колхозының бірінде жұмыс жасап жатыр. Яғни мен тәрбиелеген шәкірттер де ұстаздықпен айналысып үмітімді ақтап жатқан жайы бар.
– Өзіңіз ән жазбайсыз ба?
– Иә. Қазірге дейін он шақты ән жазыппын. Өнер саласында жол ашып, әндер жазып шетелдерге осылай шығып жүрміз. Біздің Алтайдағы қазақтардың басына басқа аймақтарымыздағы қандастарымыз сияқты қиын күн төніп тұрған жоқ. Қосағаштағы қазақтар қазақылығын жақсы сақтаған. Өз бетінше өмір сүріп жатқан елміз. Бізде демократия. Еркіндік бар. Сондықтан да Атажұртқа оралуды көп ойламайтын шығармыз.
– Жеткен жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз?
– Біз «Сібір жастары» деп аталатын халықаралық конкурста 1-орын алдық. Алтай республикасының еңбегі сіңген әртісі деген атақтарды алғанбыз. Россияның еңбегі сіңген әртісіне ұсынылып жатырмыз. Жақында қазақ және орыс тілінде үнтаспамыз шықпақшы.
– Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?
Отбасылымын. Баламның алды 11-сыныпта оқиды. Екінші қызым өзім құрған ансамбльдің құрамында.
– Атажұртқа оралу ойыңыз жоқ па?
– Шынын айтқанда, бізде көш жиі болмайды. Осыдан 15-20 жыл бұрын көп көшкен.
Орыс балаларының қазақ өнерін үйренуге ынтасы бар ма?
Біздің аймақта орыстар көп жоқ. Алайда алтай ұлтының балаларынан домбыраға жазылатындар жиі кездеседі.
Әңгімелескен: Майгүл СҰЛТАН
