Жамбыл облысында ғылыми-практикалық конференция өткізілді
Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру мақсатында 2015 жылы 21 мамырда Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының базасында «Сыбайлас жемқорлық – білім беру сапасына кері әсер етуші фактор» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті болды.
Конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Е.Н.Манжуов, облыс прокурорының орынбасары С.А. Майлыбаев, «Нұр Отан» партиясы ЖОФ төрағасының бірінші орынбасары М.Ә.Берік, «ЖАҢАРУ» жалпы ұлттық жемқорлыққа қарсы қозғалыстың ЖОФ төрағасы Қ.Е.Төлендиев, «Бірінші жемқорлыққа қарсы медиа орталық» ЖОФ төрағасы М.Мұстафаев, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Д.Қожамжарова, облыстың жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жетекші профессорлары мен оқытушылары, департамент басшылығы, сондай-ақ, республикалық және өңірлік «Айқын», "Егемен Қазақстан", "Ақ жол", "Знамя труда", «Арай» газетінің шолушылары және бірқатар интернет-ресурстар қатысты.
Конференцияда алғашқы сөзді Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Қожабаев Мақсат Аманқұлұлы сөйледі.
Мақсат Аманқұлұлы өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуде мемлекеттік органдар және қоғамдық институттар, оның ішінде білім саласы белсенді атсалысуы қажет екендігін атап өтті. Бұдан бөлек ол, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының басым бағыттарына тоқтала келе, Мемлекет басшысының бес институционалды реформасын да айтып өтті.
Сондай-ақ, конференцияның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы Манжуов конференция қатысушыларының жұмыстарына сәттілік тілей келе, осындай іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Д.Қожамжарова конференцияның модераторы болды.
Конференция барысында М.Х.Дулати атындағы Тар-МУ-дің «Философия және саясаттану» кафедрасының оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты, доцент, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры П.Мамедованың оқытушылар мен студенттер арасындағы жемқорлық деңгейіне жүргізген әлеуметтік зерттеулердің негізінде жасаған баяндамасы қызу талқыланды.
Қатысушылар Тараз инновациялық – гуманитарлық университетінің PHD докторы М.Нұрғабыловтың, Тар-МПИ-дің философия және социология» кафедрасының меңгерушісі Г.А.Гизатуллинаның, сондай-ақ, М.Х.Дулати атындағы Тар-МУ-дің «Тарих және мемлекет теориясы және құқық» кафедрасының аға оқытушысы, құқықтану магистрі С.Б.Көшербаевтың баяндамаларына қызығушылық танытты.
