ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Жалындап өткен жиырма бес

Не бары 25 жасында өшпес ерлік көрсетіп, бейбіт өмірде өз өмірін қиып, ел азаматын қорғап қалған елінің каhарманы, II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, бауырым, полиция  лейтенанты  Қозыбаев Талғат Есентайұлы туралы бір үзік сыр

Ерлік, батырлық, каhармандық – бұл бір-біріне жақын егіз ұғымдар. Жалпы ерлік көрсету көкірегінде намысы бар әрбір адамға, азаматқа тән және оның  жасына, қызметіне, жынысына қарамайды. Ол әрбір адамның қолынан келе бермейді. Қазақтың мыңдаған жылғы тарихын сараласақ, біздің ата-бабаларымыздың қазақ даласына жан-жақтан анталаған жаудан қасиетті жерді, елді қорғаудағы жасаған ерліктерін сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Қазір шүкір, әуелі Алла тағаланың, сосын Елбасымыз Н.Назарбаевтың салиқалы саясаты және қазақ халқының бейбітсүйгіштігі, қанына біткен қонақжайлығы, сең қозғалса да, қозғалмайтын салмақтылығы, басқа да қасиеттерінің арқасында елімізде басқа мемлекеттердегідей соғыс, ұлтаралық қақтығыстар жоқ. Осының арқасында қазақстандықтар бейбіт өмір сүруде.

Бірақ, осы бейбіт күндерде, әсіресе соңғы жылдары қылмыскерлер, әсіресе топтанған, діни экстремистік қарулы қылмыскерлер тарапынан еліміздің азаматтарының қауіпсіздігіне, өміріне қауіп төну жиілеп кетті. Бұл тұрғыда ел қауіпсіздігін,  азаматтардың құқықтары  мен  тыныштығын адал қорғап, күзетіп жүрген әскери, полиция, арнаулы отрядтар, төтенше жағдайлар бөліністері қызметкерлерінің көпшіліктің көзіне көріне бермейтін ерліктерінің рөлі зор. Олардың көпшілігі ант пен қызметтік парызын адал орындап, Ата Заңын қорғау жолында соңғы демі қалғанша қылмыскерлермен күресу барысында қайсарлықтың, ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, өз өмірлерін құрбан етуде.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған 25 жыл уақыт ішінде қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, өз қызметтік міндеттерін орындау барысында 783 полиция қызметкері көз жұмса, оның 73-і қарулы қылмыскерді ұстау кезінде қаза тапқан. Ал 2186 полицейлер мен Ұлттық Ұлан жауынгерлері әртүрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған. Олардың 1093-і мемлекеттік марапаттауларға ұсынылса, оның 115-і қаза болғаннан кейін марапатталған. Осыдан бірнеше жылдар бұрынғы мәліметтер бойынша еліміздің 30-дан аса бейбіт азаматы қарулы қылмыскерлер қолынан қаза болған. Енді басқа статистикаға жүгінейік. Кеңес әскерінің Ауғанстан Демократиялық республикасындағы он жылдық соғыстарға қатысуы кезінде 924 қазақстандық қаза болып, 21-і із-түссіз жоғалып кеткен, мыңдаған офицер, солдаттар  әр түрлі дене жарақаттарын  алған.

Полиция қызметкерлерінің, әскерилер мен Ұлттық Ұлан сақшыларының қоғамдық тәртіпті сақтап, өз міндеттерін орындау барысында жарақат алуы, ең сорақысы қаза болуы әлі де азаяр емес. Бұған қызмет барысында жүріп жол-көлік оқиғасына ұшырауын, бақытсыздық, белгісіз жағдайлар салдарынан немесе қызмет барысында пайда болған аурулар салдарынан қаза болуын қоссаңыз, онда олардың қатары едәуір көп болатыны сөзсіз. Иә, осы сандардың артында қанша ошағы ойраңдалған отбасы, бұзылған тағдырлар бар десеңізші. Отанымыз қаза болған қызметкерлердің ерліктерін жоғары бағалап, олардың көпшілігін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Қаза болған қызметкерлердің есімдері олар қызмет еткен құрылымдарда алтын әріптермен  жазылып, оларға арналып ішкі істер бөлімдерінде ескерткіш тақталар орнатылды. Кейбіреулерінің  аттарымен саябақ пен шағын бақтар аталып, есімдері даңқты ұлдар, аяулы ерлер ретінде халқының жадында мәңгі сақталды.

Солардың бірі – небәрі 25 жасында өшпес ерлік көрсетіп, өз өмірінен гөрі халықтың амандығы мен тыныштығын жоғары қойған Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Қозыбаев Талғат Есентайұлы еді. Оның есімі арқау болған бірнеше кітаптар жарық көріп, ол туралы қысқа метражды фильмдер түсірілді, атымен көше аттары аталды. Ол қаза болғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі жауынгерлік «Айбын» ордені табысталып, рухына тағзым етілді. Өйткені ол бейбіт күнде, тең емес айқаста өзінің қызметтік борышын адал орындап, азаматты қорғау кезінде қарулы қылмыскер қолынан қаза тапты.

«Ержүректілік пен батылдық жүректен шығуға тиіс» демекші Талғаттың  шыққан тегі текті тұқым еді. Оның әкесі Есентай Сарыұлы Қозыбаев менің нағашым, даңқты Қыпшақ руының Алтыбасының, Санай аталығынан. Атақты жауынгер қыпшақ тайпасының Алтыбас  руынан талай батырлар, ақын-жазушылар, атақты адамдар шыққан.

Мен Талғатты кішкентай кезінен бері білетінмін. Ол менің көз алдымда өсті. Әке-шешесінің еркелетіп өсіргеніне қарамастан өте тәрбиелі, еңбекқор, пысық, өз ісіне мығым, тіл алғыш, тәртіпті, оқу үлгірімі өте жақсы, зерек бала болатын. Орта мектепті жақсы аяқтаған соң өз күшімен көптеген адамдардың қолы жетпейтін Қарағанды қаласындағы Букетов атындағы Мемлекеттік Университетінің Заң факультетіне оқуға түсіп, оны жақсы  бағалармен аяқтап шықты. Оқуға түсуге барғанда оның басы-қасында мамасы Шынар жеңгеймен бірге жүрдік, оның  жақсы бағалармен тапсырған әр емтиханы үшін бірге қуандық. Қуанғаннан жеңгейдің көзіне жас алған кездері де әлі есімде.

Ол оқып жүргенде сол мезгілде мен де ҚР Ішкі Істер министрлігінің Қарағанды Жоғарғы мектебінде сырттай  оқитынмын. Талғат өзінің оқып жатқан пәндері бойынша  барынша мол ақпарат білуге тырысатын, әрқашан ізденіс үстінде жүретін. Мен сонда оның зеректігіне, сауаттылығына, есте сақтау қабілетіне, сабақтарға қатты көңіл бөлетініне таң қалатынмын. Әрқашан сұрақты ойланып қоятын және қойылған сұраққа ойланып жауап  беретін. Сол кезеңде онымен қатар көптеген белгілі заңгерлер мен ауқатты адамдардың балалары  оқитын, солардың арасында ол білімділігімен ерекшеленетін және болашағынан үлкен үміт  күттіретін.

Кейіннен оқуын үздік бағамен аяқтап, әскер қатарындағы борышын атқарудан босатылса да, өз еркімен сұранып, республиканың Қарулы Күштер қатарында азаматтық борышын өтеп қайтты. Өзі сұранып әрі қиын, әрі қауіпті Ішкі істер органдарына қызметке қабылданды. Ішкі істер саласындағы қызметін әуелі Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің жасөспірімдер инспекциясының инспекторы лауазымынан бастап, кейіннен учаскелік полиция инспекторы лауазымына ауысып, қауіпті аумақ болып есептелетін Тартоғай ауылына жіберілді. Ол аумақтың басты ерекшелігі – онда бұрын арақ ішкендерді еріксіз емдеу еңбек колониясы, кейін қоныс колониясы орналасқан болатын. Ол жерден бостандыққа шыққандардың көбісі сол жерде тұрақтап қалатын. Сондықтан ол жердің жастары Шиелінің басқа жерлеріндегідей емес, тынышсыздау, мәдениеті аздау, бұзықтау болатын. Осыған байланысты онда қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін және учаскелік полиция инспекторы тұрақтамайтын. Ол өңірге батыл, тайсалмайтын, тәртіп бұзушыларға қатаң талап қоя білетін әрі заң бұзушылыққа жол бермейтін қызметкер керек болатын. Полиция лейтенанты Талғат Қозыбаев дәл осындай қызметкер  еді.

Биыл оның қайғылы қазаға ұшырағанына да 13 жыл толды. 2003 жылдың  наурыз айының 8-нен 9-на қараған түні орын алған сол сұмдық оқиға санамда әлі сайрап тұр. Түнгі сағат 3-тер шамасы болатын. Ауылдық тірек пункіне дене жарақатын салып, жәбірледі деген шағыммен бір азамат келеді. Талғат жәбірленушіден жауап алып жатқанда, арызын қайтарып алуын талап етіп қарулы қылмыскер кіріп келеді. Талғат ашулы азаматты сабырға шақырып, жәбірленушіге қару кезеген қылмыскердің қаруын тартып алмақ болады. Алайда қылмыскер Т.Қозыбаевқа беттеп қатарынан 2 рет оқ атады. Екінші оғы шешуші болып, бет жағына тиген оқ әсерінен  Талғат тілге келместен ажал құшты. Талғаттың батылдығы мен қайсарлығының арқасында бір азаматтың өмірі құтқарылды.

Егер де Талғат қу, анты мен арына адал емес болғанда, онда ол бірінші оқтан кейін қылмыскермен келісіп, жалынып, оны көндіріп, өзінің тірі қалу мүмкіндіктерін қарастыратын еді. Алайда ол нағыз қайсар рухты қазақ баласына тән жолды таңдады, қарулы қылмыскерден қорықпай, жақындап қалған ажалды қасқайып тұрып қарсы алды және азаматты  қорғау арқылы оның өмірін сақтап қалды. Оның ержүректігі мен табандылығы, азаматтылығы көптеген қызметкерлерге үлгі болды.

Талғаттың мезгілсіз қазасы полиция қызметкерлеріне, оның ішінде Облыстық ішкі істер басқармасының басшылары мен бүкіл қызметкерлеріне, Шиелі, Сырдария  аудандық ішкі істер бөлімдеріне, жалпы облыстың барлық полицейлеріне ауыр тиді. Сол қайғылы оқиғадан кейін сол кездегі облыстық ішкі істер басқармасы басшылығы кінәлі қызметкерлерді қатаң тәртіптік жазалауды талап етті. Жерлеумен байланысты барлық мәселелерді орындауды тиісті бастықтарға қатаң тапсырды және өзі үнемі  бақылауда ұстады. ОІІД-нің бұрынғы бастығы полиция генерал-майоры М.Амиров, бастықтың кадр жөніндегі орынбасары Әбдіғаппар Ибраймовпен, тергеу жөніндегі орынбасары Бауыржан Рахимовпен бірге Талғаттың әке-шешесіне, ұлы Алматқа материалдық, рухани түрде көмек көрсетілді.

Жалпы облысымызда Талғат қайтқалы оны еске алуға Қызылорда облысы, Шиелі, Сырдария әкімдері, орынбасарлары, ОІІД-нің әр кездегі бастықтары мен орынбасарларының, басқа да әртүрлі деңгейдегі жауапты полиция қызметкерлерінің бастамасымен Талғатты еске алуға арналған бірнеше үлкен іс-шаралар өткізілді. Оның өшпес ерлігі республикалық «Дала» журналы мен республикалық, облыстық, аудандық газеттерде 50-ден аса мақалалар жазылды.

Ал Сырдария ауданының Мәлібаев атындағы ауылда жаңадан салынған мектеп алдына Талғаттың мүсіні орнатылып, 2007 жылы сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің қатысуымен  аталған ескертіштің ашылу салтанаты өтті. Сонымен қатар, республикалық ономастикалық комиссия шешімімен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен О.Мәлібаев ауылындағы №131 қазақ орта мектебі полиция лейтенанты Талғат Есентайұлы Қозыбаевтың атымен аталды.

Талғат аз, небәрі 25 жыл-ақ өмір сүрді. Амал қанша, оның Алла Тағаламен берілген өмірі қысқа болды. Бірақ ол осы қысқа өмірінде өзінің атын тек жақсы жағынан ғана көрсете білді. Ол өзін осы ерлікті жасауға үнемі дайындап жүргендей болды. Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген қанатты сөзі бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед  айтқан екен: «Кімде-кім  Отанын, жанұясын, мал-мүлкін, өзінің ар-намысын қорғау жолында қаза болса, ол шахидтер қатарына жатқызылады. О дүниеге барған басқа пенделер сияқты Баздақ әлеміне бармайды, Пайғамбарлармен, Алла тағала жолында өлгендермен бірге бірден жұмаққа барады. Бір адамды өлімнен құтқарған адам бүкіл адамзатты  құтқарғандай сауап алады дейді.

Тағдыр ғой. Алла Тағалланың бұйрығы ғой. Көнбеске шарамыз жоқ. Талғат та өзге  қызметкерлер сияқты қызметтік міндеттерін адал атқарып, сол жолда ерлікпен мерт болды. Берген антына соңына дейін адал болды. Оның  ерлігі мен көрсеткен қайсарлығына, өшпес ерлігіне тағзым етеміз. Біздің бейбіт өмір сүруіміз үшін өмірін қиған Талғат Қозыбаевтың есімі ешқашан өшпейді, жадымызда мәңгі сақталады. Атаның емес, адамның баласы бола білген Талғатты дүниеге әкеліп, халқының адал ұланы етіп өсіргені үшін ата-анасына үлкен алғыс білдіреміз. Және артынан ерген тұяғы Алмат та әкесінің жолын қуып, әкесінің даңқты есімін өшірмей жалғастыратынына сенімдіміз.

 

Қоразбаев Хұсайын Асанұлы,

Қызылорда облысының Ішкі істер департаменті

Заң бөлімінің басшысы, запастағы полиция полковнигі