Жалпықазақстандық диктант
Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Мәңгілік ел» атты патриоттық актісіне арналған қазақ тілінен жалпықазақстандық ашық диктант жазылды. Ассамблея төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, аталған шараға республика бойынша 20 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Жалпықазақстандық диктант республиканың барлық облыс пен аудан орталықтарында өтті. Ол үшін аталған бастамаға қатысуға ниет білдірген азаматтар кітапханалар мен жоғары оқу орындарында жиналып, бір уақытта қазақ тілінде диктант жазып шықты. «Бүгінгі диктант «Мәңгілік ел» тақырыбына арналды. Біз бір жарым беттік диктант жазып шықтық. Сосын филолог мамандардан құралған комиссияға тапсырып қойдық. Жауабы ертең болады деді», - дейді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ «Көлік персоналын бағалау және дамыту орталығы» филиалының бас маманы Ербол Тоқтағазы.

Айта кеткен жөн, «Мәңгілік ел» атты патриоттық актісіне арналған қазақ тілінен жалпықазақстандық ашық диктант Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ұйымдастырылды. Диктант жазғандардың басым бөлігі – қазақтар, олардың ішінде өзге ұлт өкілдері де болды. «Мәңгілік ел» атты патриоттық актісіне арналған қазақ тілінен жалпықазақстандық ашық диктант Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Бүгінгі іс-шараға республика бойынша 20 мыңнан астам адам бір уақытта қатысып жатыр», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов шараның ашылу рәсімінде.
Дереккөз:baq.kz
