Адамның бақыты неде? Қалтасындағы толы қаражатында болар. Тіпті, бәлкім, тамаша сарайдай үйінде, соңғы шыққан автокөліктерінде, жоғары лауазымды қызметінде ме? Жоқ! Ақша, байлық, дүние - адамға өткінші бақыт сыйлағанымен, толықтай бақытқа бөлей алмайды. Егер бұл сөздермен келіспесеңіздер ары қарай оқымай-ақ қойсаңыздар болады)
Менің бақытым - жақындарымның амандығы, дендерінің саулығы екендігін өмірімде болған жайттардан кейін барып түсіндім. Адамның өмірі қандай да бір кино туындысы іспеттес. Аяғында не болары белгісіз. Мүмкін хэппи энд, я болмаса трагедия. Менің өз жалғасын тауып келе жатқан өмірімде де қуаныш пен қайғыдан жылаған күндер қатар өтті. Енді ойлап қарап отырсам, сол күндердің себепкері тек жаныма жақын адамдар. Олар саусақпен санарлық қана. Ал маған алдамшы бақыт сыйлаған материалдық заттардың бірі қазір бар болса, екіншісы әлдеқашан тозуға ұшырап жойылған. Жақындарым деп отырғандардың ішіндегі ең басты жандар, әрине, ата-анам. Олар жөнінде қазір ештеңе жазбаймын) Тек айтарым, өмірдегі ең КЕРЕМЕТ ата-ана екені мен үшін сөзсіз! Жақындарымның ішіндегі "жалғызым" деп отырғаным - менің жалғыз ағам. Кімде-кім Жаратушының алдында не үшін рақым ете аласың деген сұрақ қойып жатса: "Аға ретінде дәл осы Адамды жібергені үшін" деп айтар едім. Недеген керемет аға ол деп ойлауларыңыз мүмкін. Барлық адамда өз кемшілігі болады. Менің ағамда да бар олар. Мейлі, бола берсін. Оның бойындағы кемшіліктері мен үшін түкке де тұрмайды. Себебі, олар басқаға тайға таңба басқандай көрінгенімен, маған мүлдем көрінбейді... Енді ағам туралы толығырақ сөз қозғасам...
Менің ағамның мінезі орташа) Қатал да, жуас та емес дегенім ғой. Кішкентай кезінен маған қарағанда зерек әрі ақылды болып өсті. Бәрі мақтап, сөздеріне қосып жүретін. Бала күнімде сол үшін көңілім түсіп кететін. Кейін мектепке барған соң ғана ағамның шынымен ел алдындағы бала екеніне көзім жетіп, ендігі мақтаныш сезімін бойыма сіңіріп жүрдім. Мені бірінші сыныпқа барғалы "Санжардың қарындасы" деп мұғалімдер де, жоғары сынып оқушылары да танитын. Ағамның арқасында мектептегі білім алған жылдарым мен үшін өте оңайшылықпен өтті. Шығара алмаған есептерімді шығарып, жаза алмаған шығармаларыма көмектесіп келді. Мені шаңғыға, велосипедке, көлік жүргізуге үйреткен де ағам. Тіпті, сол кездегі GTA, CS, Call of duty, Need for speed сияқты компъютерлік видео-ойындардың қыр-сырын, компъютерді қолдануды, бағдарламалармен жұмыс жасауды үйреткен де өзі. Осындай ұсақ нәрселерден басталып, маған өмірге бейімделуге жол ашқан адам. Ағам мені өмірге үйретті...
Ағам алғаш мектепке барғанда менің үйде ішім пысатын, күтіп қана отыратынмын. Мектепте оқығаны маған қызық көрінетін. Үйге ауыр портфелін сүйретіп келгенде қатты қуанатыным әлі есімде. Түскі аста берген тәттілерін, майлы болса да костюмының қалтасын кірлетіп, өзі жемей маған алып келетін. Бала күнімде оның қамқорлығын мен түсінбейтінмін. Ата-анам мен үшін мектеп формасын кірлетіп келгені үшін қуанатын. Туған күнімде, қыздар мерекесінде, жай күндерде болсын ұсақ-түйек қыздардың заттарын алып беретін. Ұлдар шашымнан тартып ойнап жатса, келесі күні маған жоламастай қорқытып қоятын. Көрші үйдің баласынан қызғанатын. Маған "агент" әлеуметтік парақшасынан жазатын таныс балалар туралы біліп қойса, қарсы болып, парақшамды өшіріп тастайтын. Өсе келе би кештерінен, кешкілік отырыстардан уақытынан ерте алып кететін. Сол үшін достарыммен ұзақ отыра ламағаным үшін ағама ренжіп, сөлеспей қоятынмын. Сол кездегі жасаған істерінің барлығы мені қорғау үшін екендігін есейген шақта енді ғана түсіндім.
Ел-жұрттың көзі тиіп, бала күнінен көп ауыратын. Жігіттік сымбаты мен мінезіне, әдемі түр-әлпетіне барлығы, әсіресе қыздар қызығып жататын. Сахнаға шығып, ән шырқап жүргенде де, спорттық жарыстарға қатысқан кездерде де, олимпиадалардан жүлделі орындарды алып келген де ауырып қалатын. Меннен небәрі үш жас үлкен болса да өмірде меннен жүз есе көп қиындықтарды көрді. Оны өмір де, жанындағы достарым деген адамдары да, сүйген қызы да сынға алды. Бірақ ағам барлығына шыдас беріп, әлі де күресіп келеді. Қазір өмірінде барлығы жақсы. Болашақта одан да жақсы болатындығына сенемін. Себебі өмірді көрген адамның тәжірибесі жиналып, ақ пен қараны ажырата алып, дұрыс қадамдар жасайды.
Әлі күнге дейін материалдық жағынан болсын, рухани жағынан болсын барлық жағдайымды жасап жүрген бір өзі. Өзін ойламаса да, әр уақытта, қайда болмасын жанұясын ойлап жүретін алтын жүректің иесі де өзі. Түрі келбеті мен сөзі келіскен, бойында жігіттік қасиеттері жетерлік, мен үшін қазақ жігітінің жалғыз эталоны болып қалатын адам. Қайда жүрсең де аман жүр! Мен сені шексіз жақсы көремін!