Жақсылыққа жаны құштар азамат
Айқын, 21.01.2014
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің бас ғимаратында оқу ордасындағы Ақпарат орталығының жетекшісі, ақын, жазушы, сазгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мырзахан Ахметтің 60 жасқа толған мерейтойы өтті.
Бұл бекер емес. Мырзекең 14 прозалық-публицистикалық, 2 поэзиялық кітаптардың, бірнеше драмалық шығарманың, 50-ден астам вальс пен романстың авторы. Тамаша әнші-композитор. Қоғам қайраткері.
Салтанатты кешке зиялы азаматтар, «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамының төрағасы Жұмабек Кенжалин, «Президент және халық» газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Зәкір Асабаев, сатирик ақын Толымбек Әлімбеков, жазушылар Талғат Айтбаев, Талғат Сүйінбай, сондай-ақ танымал ғалымдар мен туған жерінен ат арылтып келген Жуалы ауданы мәслихатының өкілі Құрыш Садығалиев қатысты.
Абай атындағы ҚазҰПУ аппарат жетекшісі, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы Бахтияр Сманов Мырзахан Рахманбердіұлының өткен өмір белестеріне, жеткен жетістіктеріне, қаламгерлік, сазгерлік ерекшеліктеріне, ал ең бастысы, азаматтық, адамгершілік қасиеттеріне тоқтала келіп, мерейтой иесіне жолданған құттықтауларды оқып берді.
Мәкеңе Мәскеу қазақтары қауымдастығы жіберген Алғыс хат, Мәжіліс депутаты, Халық қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаев, Қорғаныс министрлігінен – заң ғылымдарының докторы, генерал-майор С.Қойбақов ыстық сәлем жолдапты. Осы салтанатқа бастан-аяқ қатысқан университет ректоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев мерейтой иесіне ақжарма көңілмен жылы лебізін білдіріп, игі тілектер айтты.
Мырзахан Ахметтің Қазақстандағы оқу ордаларының қара шаңырағындағы ерен еңбегіне жоғары баға беріп, оның өңіріне «Абай» медалін өз қолымен тақты. Қазақ Ұлттық СД академиясының Президенті М.Тоқашбаев Мырзахан Ахметке осы академияның толық мүшесі – академигі болып сайланғандығы туралы дипломын тапсырды. «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Ж.Кенжалин Мырзекеңді қазақ баспасөзін дамытуға сіңірген еңбегі үшін арнайы Дипломмен марапаттады.
Жамбыл облысы, Жуалы ауданының мәслихат депутаты Құрыш Садығалиев Мырзахан Ахметке «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілгенін жариялап, тиісті куәлікті, төсбелгіні, ескерткіш лентаны салтанатпен тапсырды. Ардақты азаматты басылым жанашыры ретінде айқындықтар да құттықтады.
Серік Қалиев
