Жаңадан алынған футболшылар көзге түскен тур
Футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында 15-турдың ойындары өтті. Бұл тур жанкүйерлер үшін бірнеше тосын нәтижелерімен қызықты болды.
Ел біріншілігінде жеке-дара көш бастап келе жатқан «Ақтөбе» Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» клубымен тең түсіп, бір ұпаймен шектелді. Қаржыдан қиындық көріп, бірнеше ойыншысынан айырылған «Жетісу» клубы қайсарлықтың үлгісін танытып, ел біріншілігінің көшбасшысына дес бермеді.
Ал ақтөбеліктердің ізін басып келе жатқан «Астана» өз алаңында азулы «Шахтерді» шалып жықты. Сөйтіп, басты бәсекелестерімен ұпай айырмасын қысқартып, ақтөбеліктерге жақындай түсті. Бұл ойында «Шахтер» жазғы трансфер кезінде Оралдың «Ақжайығынан» алған ел чемпионатының сұрмергені Игорь Зеньковичті жасыл алаңға шығарды. Бірақ тек екінші таймда ғана. Алайда Тәжімбетовтің орнына шыққан Зенькович те Қайрат Нұрдәулетов бастаған «Астана» клубының қорғанысын бұза алмады.
Жазғы трансфер кезеңінде бүкіл футбол жанкүйерлерін елеңдетіп, құрамын нығайтқан «Қайрат» Қостанайда «Тобылды» тобықтан қақты. Бір голды Алматы клубының сапына Қарағандының «Шахтерінен» келген Жамбыл Көкеев соқты. Командаға жаңадан алынғандар қатарынан Самат Смақов негізгі құрамда өнер көрсетіп, түзде «Қайраттың» жеңіске жетуіне үлес қоса, қақпашы Давид Лория қосалқы құрам орындығында тыпыршып отырды. Владимир Вайсс әзірше «Қайраттың» қақпасын бұрынғысынша Даниил Рихардқа сеніп тапсырыпты. Жанкүйер біткен Давид Лорияның өнерін қашан көзбе-көз көреміз деп алаңдап қала берді.
«Тараз» өз алаңында Шымкенттен келген «Ордабасы» клубынан ұтылып қалды. Шетелде жүрген жерінен шақыртып алған Арно Пайперс те «Таразды» жеңіске жеткізе алмады. Бірақ голланд маманы жергілікті жастарды негізгі құрамда алаңға шығарып, Тараз жанкүйерлерін риза қылды. 21 жастағы Жақып Қожамберді мен 17 жастағы Әділет Кұдайберген «Тараз» сапында алаңға жиі шыға берсе бар ғой, Пайперс қазақ халқынан алғыстан басқа ештеңе естімес деп ойлаймыз. Ал қонақтарды жеңіске жеткізген жалғыз голды Эдин Юнузович соқты. Бұл – «Ордабасының» жақында ғана «Жетісудан» қалап алған сұрмергені.
«Ертіс» өз алаңында кежегесі кейін тартқан «Ақжайыққа» әлімжеттік жасады. Орал клубы да қаржы тапшылығын басынан кешіріп, бірнеше ойыншысынан айырылды. Тіпті бас бапкері Погос Галстян да командасын тастап, кетіп қалған көрінеді. Әйтсе де қандай қиыншылық болсын клуб намысын қолдан бермеуге тырысатын жігіттері бар екен. Түзде «Ертістің» арынына төтеп беруге тырысты-ақ…
Айтпақшы, Павлодар жанкүйерлері бір голды жас дарын Қуаныш Бегалиннің соққанына ерекше қуанды.
«Атырау» күннің аптап ыстығында Өскеменнен келген қонақтарынан басым түсті. Екі голды жақында ғана команда сапына алынған серб футболшысы Ненад Иняц соқты. 28 жастағы шабуылшы бірер жыл Ресейде де доп теуіп, «Амкар» (Пермь) клубының сапында да болған екен. Енді, міне, дәм жазып, қазақ топырағына келген. Бастамасы жаман емес. Келе сала екі гол соғып, командасын жеңіске жетеледі.
Жетісу – Ақтөбе – 0:0
Астана – Шахтер – 1:0
Гол: Ивановски, 84.
Тобыл – Қайрат – 2:3
Голдар: Сиссей, 21 (0:1). Көкеев, 25 (0:2). Тонев, 44 (1:2). Кнежевич, 74-пенальтиден (1:3). Бугаев, 79 (2:3).
Тараз – Ордабасы – 0:1
Гол: Юнузович, 85.
Ертіс – Ақжайық – 3:1
Голдар: Юрин, 10 (1:0). Бегалин, 43 (2:0). Шомко, 71 (3:0). Хаман, 80 (3:1).
Атырау – Восток – 2:0
Голдар: Иняц, 32. Иняц, 54.

