Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жаңа Өрмекші-Адам: Миссия орындалды.

24 сәуірден бастап барлық кинотеатрларды «Жаңа Өрмекші-Адам: Қуатты кернеу» атты  Sony Pictures компаниясының кезекті туындысы қазақ тілінде көрерменге жол тартады. Өрмекші-Адамның бет-бейнесіндегі  супергерой, сүйікті қызы Гвэн және сәтсіз тәжірибенің құрбандығы болған жағымсыз кейіпкерлердің төңірегінде өрбитін  туынды бұл жолы негізгі құпиясымен бөліспек. Осыған дейін Мэй тәтесі мен Бэн ағасының қамқорлығында өскен  Питер Паркер бұл жолы өзінің әке-шешесіне қатысты шындықтың беті ашады. Бұл туралы толығырақ 24 сәуірден бастап біле аласыздар, ал әзірге фильм туралы бірер фактілер.

-          Негізгі актерлік құрам өзгермеген. Басты ролде Эндрю Гарфилд пен Эмма Стоун кейіпкерлерінің арасындағы жанқиярлыққа толы махаббат көрінісіне куә боламыз.

-          Фильм арнайы эффектілерге сараңдық танытпаған. Ең басты жағымсыз кейіпкер Электроның ешкім көзге ілмейтін қарапайы маманнан, Нью-Йорктің бар электрэнергиясын жұмса жұдырығында ұстаған зұлым күш иесіне айналғанға дейінгі аралық нағыз динамика мен шытырыман көріністерге толы, өтіп бара жатқанда бір сәтке аңтарылып қарап қалатын сәт.

-          Алғаш рет Sony Pictures ресейлік музыканттармен жұмыс жасаған. Бұл фильмнің саундтрегін орыс рэпері Баста жазды. Музыкамен кадрлердің шеберлікпен үйлестірілген көрінісін айтпай кетуге болмас. Егер зер сала қарасаңыз, Өрмекші-Адам мен Электроның қаланың Орталық жылу жіберу ғимараттарында шайқасқан сәттері  салалы саусақтарымен бар екпінімен ойнаған пианисті елестеткендей болады.

Ал енді ең бастысы.

-          Қазақ тілді дубляж. Ауқымды  және табысты еңбек. Питер Паркер мен Гвэн Стейсиді дыбыстау Мерей Аджибеков пен Әлима Қайырбековаға бұйырған. Ал Электроны  Азамат Қанапия дубляждаған. Үнемі позитивті нотада, жеңіл әзілмен және өзіне-өзі сенімді сөйлейтін Питер Паркер қазақ тілінде де осы стилінен танбаған деуге болады. Алғашқы кадрлерінде Мерей ролге ене алмағандай. 15 минуттық кіріспеден кейін біз нағыз қазақша үн қатқан американдық Питерді көреміз. Ұқыпты, ізденімпаз Гвэннің дауысы осыған дейінгі «Гвэнге» қарағанда жоғарырақ тонда сөйлегендей болды. Ерін қимылы мен дыбыстың сәйкес келмеуі анық байқалды. Әрине, ағылшын тілі мен қазақ тілінің айырмашылығын  ескереміз. Жалпы алғанда, басты кейіпкерлерді түсіндік және сезіндік.

-          Электро және жағымсыз кейіпкерлер. Ең сәтті шыққан дубляж ретінде дәл осы топтың шоғырын айтуға болады. Фильмнің бастапқы және соңғы эпизодтарында көретін орыс қарақшысы  «Лехадан» бастап, ақыл-есі кем қылмыскерлерге арнаған түрменің дәрігеріне дейін өз «дауыстарын» тапқан. Харри Озборн мен Электроның үні барынша нанымды , барыншы «жағымсыз». Бұл орайда Азамат Қанапияның өлшеусіз еңбегі бар екендігі даусыз.

-          Американдық және қазақша қалжың. Екі түрлі менталитет, тілдік ерекшеліктер және аударма кезіндегі сөз мағынасының өзгеруін де ескеріңіз. Сондықтан да болар, бізге Питер мен Мэй тәтесінің арасындағы кейбір әзілдер екеуіне ғана түсінікті Бэн ағасы туралы диалог тәрізді көрінді.  «Ердің екі сөйлегені өлгені». Фильмнің басында осы мақалды басты кейіпкердің аузынан есту тіптен таңсық көрінді. Ол американдық қой. Бірақ дубляждағы шынайылық  барлығының тігісін жатқызды. Дегенмен аударма сәтті шыққан. Жоғарыда айтқан түсініксіз диалогтарды қоспағанда тапқыр ойдың жиынтығын жиі кездестіресіз.

-          Фильмнің журналистер үшін көрсетілімі 22 сәуір күні болды. Ал барлық кинотеатрларға АҚШ премьерінен 10 күн бұрын шығарылады. Демек, Өрмекші-Адам бірінші қазақша сөйлемек. Жобаны жүзеге асырушылардың  осы қадамы үшін алғыс айту керек.

Сонымен  қазақ тілді фильмдердің қоржыны  тағы бір туындымен толықты. Миссия орындалды.  Ал қанша  пайызға екендігін көрермендер анықтай жатар.

 
0
0
951

Осы тақырып бойынша

Жаңа Өрмекші-Адам: Миссия орындалды. - Yvision.kz