Жаңа республикалық телебайқау – «Жігіт сұлтаны»
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда елімізде нәзік жандылар қатысатын көптеген байқаулар бар: «Қазақ аруы», «Мисс Қазақстан», «Қазақстан топ-моделі», «Қазақ ханшайымы» және т.б. Бірақ ер жігіттерге ғана арналған байқаулар біздің елде әзірге болмай тұр. Осыдан 20 жыл бұрын, 1993 жылы алғаш және соңғы рет сондай байқау өткен еді.
Ол дода баршамызға М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының актері, тележүргізуші және әнші Жалғас Толғанбай атты жаңа есімді сыйлаған болатын. Финалда Жалғас автокөлікті ауызбен бірнеше метрге сүйрегені көптеген отандастарымыздың әлі есінде шығар.
Ақпан айында Астана қаласында байқауға қатысуға үміткерлер арасында іріктеу өтті. Қазылар алқасы бәйгеге қатысуға лайық деген 16 үміткерді таңдап алды. Ал сәуір айынан бастап қатысушылар ән сайысы, актерлік шеберлік, цирк өнері, би жарысы, ұлттық қолөнер, спорттық бәсеке және т.б. сайыстарда бақтарын сынайды. Әр байқау күнінен кейін бір үміткер жобадан шығып отырады. Финалдық жарыста үздіктің үздігі атану үшін 6 адам сынға түседі деп жоспарланып отыр. Жүлдегерлерді құнды сыйлықтар күтіп тұр, ал бас бәйге – автокөлік.
Қазылар алқасы – әр бағдарламаның тақырыбына сай шақырылған белгілі кәсіптің майталмандары. Жобаның алғашқы шығарылымдары, яғни 13 сәуір мен 20 сәуірде эфирге шығатын бағдарламалар көптеген қызықты оқиғалардың куәсі болған іріктеу кезеңіне арналады.
- «Жігіт сұлтаны» жобасы – қазақстандық көрермендер үшін тың, жаңа, күтпеген бағдарлама, – дейді «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар өндірісі дирекциясының бас продюсері Ринат Кертаев. – Алдыңғы буын өкілдеріне де, кейінгі буын өкілдеріне де қызықты болатын жоба. Бағдарламаның әр саны әр түрлі өнер түріне арналады, сонысымен қалың көрерменді еліктіріп отырады деп ойлаймыз. Төл жобамызда ұлттық нақыш пен заманауи талаптар жақсы үйлесім тапқандықтан, жігіт төресін анықтайтын бұл байқау телевидение айдынында өзінің лайықты орнын алады деп үміттенеміз.
Жігіттің сұлтаны атануға үміткерлер тек қана сырт келбеті мен сымбатына иек арта алмайды. Қазылар қатысушылардың өнерін бағалап, ақылын, тапқырлығын сынайды. Өз білімі мен ақылына сүйенген қатысушылар интеллектуалдық сұрақтарға жауап беру арқылы қосымша ұпай жинауына мүмкіндігі бар.
13 сәуір күні, сағат 22.20-да «Хабар» арнасында жаңа жоба – «Жігіт сұлтаны» республикалық телебайқауының тұсаукесерін жіберіп алмаңыздар. Әр сенбі сайын нағыз ер жігіттердің нағыз сайысын көріңіздер!
