Мазмұнға өту
Обложка сообщества Общество

Жаңа медиа әлеміне саяхат

Жаңа медиа – дәстүрлі журналистикамен қатар дамып келе жатқан интернет журналистика. Интернет журналистика сан алуан тақырыптағы сайттарды, ақпараттық порталдарды, әлеуметтік желілерді қамтиды. Жаңа медиа кез - келген жерде қол жетімді, яғни, интернет желісіне қосылған құрылғының барлығы жаңа медианың контенттерін оқи алады.

Жаңа медиа конвергентті журналистика қызметін іске қосты. Бүгінгі таңда журналистер жаңа технология мүмкіндіктерін пайдаланып, ақпаратты әртүрлі форматта ұсына алады. Отандық медиа кеңістігінде ақпаратты таратудың заманауи тәсілдері қалыптасқанын байқап келеміз. Атап айтқанда, мобильді қосымшаларда қаралым саны өте жоғары. Қазіргі таңда медиапорталдардың өздерінің мобильді қосымшалары, сонымен қатар, қоғам көп қолданатын әлеуметтік желілердің барлығында парақшалары бар.

Осындай отандық порталдардың бірі – «Stan.kz». Осы орайда, «Stan.kz» журналисі Айнұр Мұхадимен сұхбаттасып, өз жұмысының жүзеге асу процесіндегі ерекшеліктері туралы ой бөліскен едік.

Айнұр Мұхади - ХАТУ-нің түлегі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің магистранты, алғашқы еңбек жолы «HolaNews» порталынан басталған, қазір «Stan.kz» порталында шұғыл ақпараттар бөлімінің тілшісі.

- Бір жарияланымды, яғни контентті дайындауға қанша уақыт кетеді?

- Ақпараттық контент болатын болса кемінде 20-30 минут, тіпті, 40 минуттай уақыт кетеді. Ал егер авторлық материал болатын болса, кемінде 1-2 күн аясындағы уақытты қамтиды. Себебі, біз сұхбат аламыз, спикерлермен сөйлесеміз. Соған байланысты 2 күндей уақыт керек.

- Тақырыпты редакцияға сіз ұсынасыз ба, әлде сізге редакция ұсынады ма?

- Тақырыпты редакцияға мен ұсынатын кездер де, редакция маған ұсынатын сәттер де болады. Бізде әр апта сайын жиналыс болып тұрады. Сол жиналыс барысында кім нені жазатынын, қандай тақырыпты ұсынатынымызды талқылаймыз. Сол бойынша бір апта бойы жұмыс істеп шығамыз.

- Сайтта бір күнде қанша мақалаңыз жарияланады?

- Егер кезекшілікті атқарып, бір күнде тек қана жаңалық жазатын болсам 20-дан көп мақала жарияланады. Ал авторлық материал күніне 1 рет жарияланады.

- Сізге ұсынылған фактілерді қалай зерттейсіз?

- Жаңалықты іздеу немесе жазу барысында әртүрлі ақпарат көздеріне жүгінеміз. Әлеуметтік желілердегі фактілерді алатын болсақ, мысалы блогерлер немесе қоғам белсенділерінің парақшалары болса, ондағы фактілерді бірден жаза салмаймыз. Бірінші растығын тексереміз, содан кейін ресми органдарға жүгінеміз. Олар бізге ақпаратты растап, пікір білдірген жағдайда ғана оны жариялай аламыз. Одан бөлек, бізден көмек сұрайтын тұрғындар да болады, яғни, полициядан немесе ресми органдардан жауап ала алмаған жағдайда адамдар журналистерге жүгінеді. Біз тұрғындарды тыңдап, ресми органдардың пікірін біліп, содан кейін барып қана ақпаратты жарыққа шығарамыз.

- Кәсіби қызмет аясында қандай қиындықтарды бастан кешірдіңіз?

- Кәсібі қызметімнің асында аса бір үлкен қиыншылықтарға тап болдым деп айта алмаймын. Бастыпқы да жұмыс барысында қиындықтар болатын. Мен ол кезде «HolaNews» порталында жұмыс істегенмін. Сол уақытта ақпаратты дұрыс жеткізу, мақаланы дұрыс жазу қиынға түсетін. Өйткені, мен студент кезімнен бастап жұмыс істедім, тәжірибем болмады. «HolaNews» порталында жүргенде әртүрлі шараларға, жиындарға қатысатынмын. Митингтерде қиындықтар жиі болатын. Мысалы, полиция өткізбей қояды, теріс ақпарат береді, көп уақытымызды алады. Қыстың суығында 10 сағатым митингте өткен күндер де болған.

- «Өмір айнасы» айдарына мақала жазу қаншалықты қиын немесе оңай?

- «Өмір айнасы» айдарына жаңалықтар да, авторлық материалдар да жазылады. Айтып өткенімдей, жаңалықтар жазу оңай, оған көп уақытымызды жұмсамаймыз. Авторлық материалға ұзақ уақытымызды бөлеміз. Спикерлермен келісу, сұхбат алу барысында қиындықтар туындауы мүмкін. Себебі, кейде келісіп қойған спикер бас тартады немесе жазғың келген нәрсені айтпайды. Нәтижесінде, ойыңды дұрыс жеткізе алмай қаласың. Бірақ, менде жазу жағынан қиыншылықтар болмайды.

- Сіздің сүйікті тақырыбыңыз қандай?

- Маған саяси және әлеуметтік тақырыптарды жазған ұнайды. Бірақ сайтта тек бұл тақырыптарға жазбаймын, қаржы, экономика, әлемдік тақырыптарға да жаза беремін.

- Мультимедиа журналисі болудың ерекшелігі неде?

- Әрине, біз ақпараттық порталда жұмыс істегеннен кейін мультимедиа журналисі бола білгеніміз жөн. Себебі, сайттың басқа БАҚ-нан артықшылығы ақпаратты тез арада таратуы. Сол үшін де журналист белгілі бір оқиға орындарына, жиындарға барғанда ақпаратты бірінші тарату үшін мәтін жазудан бөлек, фото түсіруі, аудио, видео материалдарды өңдеп сол жерде таратуы керек. Әлеуметтік желілер мен сайттарға бірінші жазуы тиіс. Мультимедиа журналисінің ерекшелігі осы деп ойлаймын. Сондай-ақ, журналист бір оқиғаны жазу үшін аудионы, видеоны, инфографиканы пайдаланады. Осылай түрлі медианы қолдану арқылы ақпаратымызды қызықты, интерактивті, түсінікті ете аламыз. Мультимедиа журналисінің медианың барлық түрін әзірлеуге дағдылануы маңызды рөл атқарады.

- Ашық дереккөздерін пайдаланасыз ба, яғни дата журналистикадан сауаттылық деңгейіңіз қандай?

- Материалды дайындау кезінде әрқашан ашық дереккөздеріне жүгінеміз. Ашық дереккөздері дегеніміз – мемлекеттік органдар, арнайы ұйымдар, компаниялар таратқан барлық ақпараттар, яғни интернеттегі ашық деректермен жұмыс істейтін журналистердің ақпарттары. Өзімізге керек ақпараттарды іздеп тауып аламыз, сонымен қатар материал жазу кезінде бізге статистика қажет болады. Мысалы, көші-қон статистикасы, каронавирус кезіндегі өлім-жітім саны керек болғанда да ашық дереккөздеріне сүйенеміз.

- Ақпараттық технологияларды қолдануды қалай үйрендіңіз?

- Ақпараттың технологияларды қолдануды университетте үйрендім. Мен ХАТУ-де оқығанмын, оқып жүргенде бізге барлық технологияларды пайдалануды үйретті. Атап айтсам, фото және видео түсіру, мәтін жазу, монтаж жасауды меңгердім.

- Шұғыл ақпараттарды жазу үшін қанша уақыт жұмсайсыз?

- Шұғыл ақпаратты жазуға мен шамамен 15 минут уақытымды жұмсаймын. Негізі өзімді жылдамдықтың журналисімін деп айтсам болады, редакцияда осы міндетті көбінесе мен атқарамын. Мысалы, брифингтерде немесе жолдауларда ақпаратты тез жазу керек болады. Сондай сәттерде осы міндеттерді өз мойныма аламын.

Алматы қаласы

№58 жалпы білім беретін мектептің

11 «Ә» сынып оқушысы

Дүйсен Қарақат

Ғылыми-шығармашылық жетекшісі: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

Жидегүл Әбдіжәділқызы

0
0
422

Осы тақырып бойынша