Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жаңа кейіптегі Жаңақорған

Әлемдегі озық отыз елдің қатарына ену үшін расында, осы ұстаным елдің әр азаматының қаперінде жүріп, құзырлы орын басшылары бұл жұмыстарды құмбыл жүргізуі тиіс екендігі белгілі. Осы аталмыш талаптардың орындалу барысы Жаңақорған ауданының орталығына бара қалған кісінің көзін еріксіз арбайды десек, артық айтқандық емес. Ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсібі үздіксіз өсе бастаған оңтүстік ауданның орталығы әсіресе, соңғы екі-үш жыл көлемінде күрделі өзгерістерге түсе бастады, әрине, жақсы жағынан. Аудан орталығы Жаңақорған кентінде қазіргі кезде халық саны күрт өсіп, отыз мыңнан асып жығылды. Осы жерде тағы бір айта кететін нәрсе, ауданның жалпы халық саны сексен екі мыңнан асып, облысымызда алдыңғы қатарға шықты. Бұл елдің өскенін, ондағы демографиялық саясаттың дұрыс бағытта келе жатқандығын аңғартса керек.

– Кенттегі экономикалық белсенді халық саны 16675 адам, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 4730, жұ­мыспен қамтылғандар саны – 15 мыңның үстінде, – дейді кент әкімі Есдәулет Сейілов. – Бұған жаңадан қосылған өндіріс орындарының ашылуы­на сай жұмыспен қамтылатындар саны арта түседі деген кент әкімінің уәжіне қосылуға болатын секілді. Өйткені, Тау-кен кәсіпорын мекемелері жергілікті атқарушы биліктің ұсынысымен негізі­нен, аудан тұрғындарын көптеп жұмысқа тартуға мүдделі болып отыр. Бұл, әрине, жақсы көрініс. 
Жаңақорған кентінің жаңа кейіпке ене бастауы туралы пікірімізді одан әрі тарата баяндасақ, бұрынғы орталық алаңның кеңейтіліп, замана талабына сай қайта күрделі жөндеуден өткізілгендігін айтуға болар еді. Аудан тұрғындары мен осында келген қонақтар орталық алаңның көз тартар келбеті мен әсем де әдемі орай­­ластыра салынған көптеген құрылыс­тарына сүйсінер еді. Сахна, су бұрқақ, тағы да басқа көрнекіліктер расында, жара­сымын тауып тұрғандығы анық. Сондай-ақ жергілікті деңгейде мәдени-демалыс жұмыс­тарын қолдау бағдар­ламасы шеңберінде бөлінген 5 048,4 мың теңг­еге Жаңақорған кентіндегі «Орда­кент» кино­театрына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның ажарын аша түсті. 
«Байкен-U» ЖШС-нің демеушілігімен 140 млн теңгеге типтік жобада 50 орындық бала бақша салынып, пайдалануға беріліп, оған типтік жобаға сай келмейтін ғимаратта орналасқан «Жалын» балабақшасы көшірілді. Республикалық бюджеттен бөлінген 4,5 мың теңгеге «Балғын», «Болашақ», «Алпамыс» ба­ла­бақ­шалары монтессори кабинетімен қам­та­масыз етілді. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен бөлінген 101 234,0 мың теңгеге Май бекеті аумағынан 12 арендалық тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Оның рахатын көптен баспанаға қол жеткізе алмай жүрген түрлі әлеуметтік топтардағы жандар көріп, бұл қам­қорлыққа алғыс­тарын білдіруде. 
Кенттің ішкі жолдары 156 шақырымды құраса, оның 57 шақырымы, яғни 37 пайызы асфальт, 56 яғни 36 пайызы тас жол болса, қалғандарын да жуық арада тұрғындарға қолайлы етуге күш салынып жатыр. Демек, Кентте жолға қатысты мәселелер көп кешіктірілмей шешімін табады деген сөз. 
«Елді мекендердің көшелерін күрделі және орташа жөндеу» бағдарламасы шеңберінде М.Көкенов, С.Қожанов,     А.Иманов тұйығы, Т.Бегелдинов,        С.Қожанов көшесінен Жаңақорған сана­ториясына дейінгі аралық жолдарына орташа жөндеу жұмыстары, тротуарлары мен коса жүргізілді. 
«Өңірлерді дамыту бойынша шара­лар­ды іске асыру» бағдарламасы шеңберін­де А.Сүлеймен көшесінен Т.Бегелдинов көшесіне дейін, Хорасан-Ата көшесінен Б.Майлин көшесі жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 
«Елді мекендерде көшелерді жа­рықтандыру» бағдарламасы шеңберінде 6 көше жарықтандырылып үлгерінді. Сол секілді жаңадан ел қоныстана баста­ған Ипподром, МАИ бекеті, Алтыкрант, Саяжай аумақтары бойынша 5765 метр шақырым тас жол құрылысы салынып, Ипподром, Саяжай, Май бекеті көшелеріне 727 метр жоғары вольтті электр желісі тартылды. 
Аудан әкімі Руслан Рүстемов кентті таза ауызсумен қамтамасыз етуге қажетті қаржы мәселесінің тиісті министрліктер арқылы шешімін тапқандығын, биылғы күз айына дейін бұл тарапта жанды тірліктер атқарылатындығын айтып отыр. Жалпы, жаңа әкім келгелі ауданда ауқымды жобалар жалғасын тауып, жұмыс жұртшылықтың көңілінен шығып жатқанын айта кеткен жөн. Аудан орталығы мен аймақты газдандыруға қатысты жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тұрғындар сенімін нығайта түсуде. 
Ия, замана талабына сай қайта түлеп, жаңара түскен Жаңақорған кенті көрікті, келбетті болуымен қатар адамдардың тіршілік етуіне жайлы, әрі қолайлы бола түсуде. 
Нұрмахан ЕЛТАЙ, 
Жаңақорған кенті

 
0
0
917

Осы тақырып бойынша

Жаңа кейіптегі Жаңақорған - Yvision.kz