Жаңа қазақ тәрбиелеу керек.
18-ғасырда басталған Ресей отаршылығы 1928 ж. қазақтарды күштеп отырықшыландырып, өмір салтын мүлдем басқа арнаға түсіруді аяқтады.
Қазақ халқы Тәуелсіздікті отырықшы ұлт ретінде алғанымен, өзге отырықшы ұлттарға тән көптеген қасиеттерге ие болуға коммунистердің жоспарлы экономика саясаты мұрша бермеген еді.
Тәуелсіздікті алып, қаласа да, қаламаса да нарықтық қатынастарға көшкен қандастарымыз бизнес жүргізуді ақша жасау, ақша жасауды бизнес жүргізу деп түсінді.
Сананы тұрмыс билейтінімен келіссеңіздер, ұлттың ділі де өзгеріске түскенін мойындауымыз керек. Оның айқын көрінісі - қолы жеткендер қазына мен халықтың қалтасына түсуді ар көрмейтін болды.
Жетім-жесірдің аузындағысын жырып жеп жатқандарға назар да аудармайтын болдық.
Яғни, "Малым жаным үшін,
Жаным арым үшін!" - дейтін қазақтың ділі мүлдем кері бағытта өзгерді.
Жемқорлық бойымызға әбден сіңген кезде жемқорлықпен күрес басталды. Жыл сайын жемқорлықпен күрестің жаңа бағдарламасы қабылданғанымен, осы күрестің өзі ақша жасаудың бір жолына айналды.
Енді бұрынғы [көшпелі] қазақты аңсамай-ақ қойыңыздар.
Себебі, тарихтың доңғалағын кері айналдыру мүмкін емес.
Біржола құрып кетпейміз десек, жадымызда сақталған ұлттық рухты түрткілеп, қайта оятып, қазақтың тарихи-құқықтық тәжірибесі негізінде Жаңа қазақ тәрбиелеу керек. Оған әлі мүмкіндік бар, тек ниет болса болғаны...
