Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жаңа Қазақстандық Патриотизм — жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру

Қорғаныс министрлігі ақпараттық-насихаттау тобының Алматы гарнизонындағы жұмысы жалғасуда. Бүгін қала әкімдігінде жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді дамыту шеңберінде Қорғаныс министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі және Жасармияшылар бірлестігінің республикалық штабы арасында өзара ынтымақтастық және қарым-қатынас жөніндегі Меморандумға қол қойылды.

Меморандумға қол қою рәсіміне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрии Ильин және ҚР Бас әскери прокурорының орынбасары – Жасармияшылар бірлестігі республикалық штабының төрағасы полковник Нұржан Нұрахметов қатысты.

Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұлттық патриотизм мәселесіне арнайы тоқталып, жастарға патриоттық тәрбие беруге айырықша назар аударғандығы белгілі.

Маңызды шара барысында Меморандумға қол қоюшы тараптар бұл істі жүзеге асыруда жергілікті басқару органдарына, жастар ұйымдары мен білім беру саласының қызметкерлеріне, мектептердегі алғашқы әскери даярлық пәні мұғалімдеріне, жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралардың оқытушыларына, әскери-патриоттық клубтар жетекшілеріне зор сенім артылып отырғандығын атап өтті.

Меморандумға қол қою рәсімінен соң ҚР ҚК Бас штабының бастығы Алматы қаласындағы Әскери-техникалық мектептің филиалында болып, оның оқу базасымен танысты. Оқу кластары мен спорт залын аралап, онда спорттың әр түрінен жаттығып жатқан жеткіншектермен емен-жарқын әңгімелесті.

Бұдан кейін генерал-полковник С. Жасұзақов ҚР ҚМ Әскери техникалық мектебінің бастығы полковник Мирас Жылгелдиновке мектептің жеке туын табыс етіп, жеке құрамды осы оқу орнының базасында құрылған әскери-патриоттық тәрбие беру орталығы жұмысының басталуымен құттықтады.

Сонымен, еліміздің облыс орталықтарында жұмыс істеп тұрған әскери-патриоттық тәрбие беру орталықтарының саны тағы біреуге артып отыр. Ол Алматы қаласының жастарын әскери-патриоттық тәрбиемен сусындатып, жасөспірімдерді Отансүйгіштікке, ел қорғауға тәрбиелейтін болады.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
0
669

Осы тақырып бойынша