Мазмұнға өту
Обложка сообщества Наука

Жаңа алфавитке байланысты бір пікір

Латын әріптері негізінде енгізілген жаңа алфавитке көшуді алғашқыда біз де қолдамақшы едік. Алайда айқын кемшіліктерге байланысты бір-екі тілегімізді айта кетуді жөн көрдік. Ғылым мен техника саласында еңбек етіп жүргендіктен, өндірістік тәжірибеден туындаған пікірлерді ортаға салғымыз келді. Алғашқы нұсқадағы кириллицадағы [Ж] әріпін (дыбысты)-латыншада [Zh] диграфымен өрнектеген дұрыс еді, деген шешімге келдік. Себебі кейінгі қабылданған нұсқадағы [J] әрпі көптеген әлемдік дамыған елдерде (ағылшын тілінде) {Дж} деген дыбысты береді. Ғылымда, техникада аса кең тараған Джоуль өлшем бірлігі осының дәлелі. Жасалған жұмыстың өлшем бірлігі. Кириллицадағы [Ж] дыбысты латыншада [Zh] - пен жазу ағылшын тілінде өте кең тараған. Әлемде текстіні компьютер, интернет арқылы on line режимде аударатын автоматты аудармашылар күн өткен сайын көбейіп келеді. Жанабаев, Жандос деген сөздерді олар Zhanabayev, Zhandos деп аударып береді. Бұл IT технологиясында стандарт болып кеткен. Сонымен қатар, алғашқы варианттағы [Ч] – ны - [Сh], [Ш]-ны - [Sh] диграфтарымен өрнектегені дұрыс болып көрінді бізге. Бұның да себебі қалыптасқан әлемдік ғылыми техникалық терминологияда жатыр. Себебі компьютерлік Микрочип деген сөз ағылшын тілінде MicroChip деп жазылады. Сол сияқты, Shop – Шоп - цех, магазин, мастерская дегендей де сөздер күнделікті өмірде өте жиі пайдаланады. Уран элементін қайда тастаймыз? Ағылшын тілінде ол Uranium. Бүкіл атом энергетикасының негізі. Келесі мысал: Урбанизация – Urbanization. Осыдан кириллицадағы [У] әріпін (дыбысты) латын әріпімен [U] деп жазғанымыз өте дұрыс болып көрінеді. Басқаша қылып жазсақ - ол қателік. Ал қазақша кириллицадағы [Ұ] дыбысы латыншада - [Y'] әріпімен, кириллицадағы қазақша [Ү] дыбысы латыншада – [Y] (өзгермейді) әріпі бола берсін.

Қабылданған жаңа алфавитте [Э], [Ю], [Я], [Ц] әріптерінің және соған сәйкес дыбыстардың жоқ болуы - ешбір ақылды ойға қонбайтын нәрсе! Цистерна, целлюлоза, цистит, цифра, эмаль, якорь, эбонит, Юнг модулі ...тізім жалғаса береді. Заманауи ғылыми-техникалық терминдерді, стандарттарды ысырып тастап қалай өмір сүреміз?

Мақсат - тек әліпбиді өзгерте салу емес қой, басты мақсат - осы жаңа әліпби арқылы әлемдік ғылымға, мәдениетке, технологияларға жақындай түсу, қол жеткізу. Сондықтан, жаңа әліпбиді еңгізу арқылы олардан алыстап кетпейік, керісінше жақындай түсейік. Алайда, кәзіргі кезде қабылданып кеткен жобада (кейбір жоғарыда айтылған әріптерге байланысты) тиімді (рационалды) емес, көңілге қонымсыз, пайдалануға икемсіз кездері көп. Белгілі латын әріптерінің үстіне қосымша нүкте (нүктелер) немесе басқадай таңба қойып - сөйтіп жаңаладық деп ойлау, - қателік болып көрінеді? Әсіресе ғылыми-техникалық терминдерге байланысты айтып отырмыз.

Сондағы принцип – ұстаным қандай болу керек? Жауабы – маңыздылық (приоритет) әлемдік ағылшын тіліндегі заңдылықтарға және әлемдік ғылыми-техникалық стандартқа берілуі керек еді. Ал біздің адамдардың, өзіміздің жаңадан ойлап тапқан принциптерімізбен шешімдеріміз, содан кейінгі (екінші) орында бола берсін. Апострофтармен диграфтар арасында тепе теңдікті сақтаған дұрыс болар еді.

Ең болмағанда жоғарыда айтылған әріптерге байланысты ағылшын тілінен және көптеген халықаралық ғылыми-техникалық стандарттан алыстап кеттік. Жаңа алфавитке көшу мәселесінде асығыстық, кемшілік болмау керек еді. Ол келешектегі ұлт тағдыры. Кәзіргі кездегі қабылданған жоба өзгерісті (түзетулерді) қажет етеді, қолдануға келмейді.

Қорыта келе, латиница негізінде ұсынылған жаңа алфавитті көпшілік ел тоқтата тұруын талап етеді. Ал бұрынғы үйреншікті кириллица негізіндегі алфавитімізді ешбір шектеусіз қолдана беруіміз керек, сол дұрыс болады дейді. Кириллица негізіндегі бұрынғы алфавитіміздің ешқандай міні, кемшілігі жоқ. Көпшілік халық сол бұрынғы, үйреншікті кириллица негізіндегі қазақ алфавитін қолдайды, соны пайдалана беруді халық үкіметтен талап етеді !

80-жылдан астам уақытта кириллица алфавитінде пайда болған үлкен тарихи, ғылыми, мәдениеттік, техникалық мұрамызды қолданыстан шығарып тастауға ешбір моральдық құқымыз (правомыз) жоқ. Кириллицадағы алфавитіміздің ешбір кемшін, ешқандай мін тағатын жері жоқ. Негізі жоқ болғанда, ешнәрседен бостан бос бас тартуға болмайды. Орындық деген сөзді "orynduk" деп жазғаннан ағылшын тіліне, дамыған өркениетке біз бір табанда жақындай түспейміз. Ағылшын тілін жақсы білу үшін - сол тілді жеке өзін жақсы меңгеру керек. Ал біздің бұрынғы кириллица негізіндегі үйреншікті қазақша алфавитіміздің оған (ағылшын тілін білуге, немесе білмеуге) ешбір қатысы жоқ. "Болашақ" бағдарламасымен шет елдерде білім алып, келіп, өз елімізде табысты қызмет етіп жүрген мыңдаған жастарымыздың жетістіктері - осында айтылғандардың айқын, нақты дәлелі болып табылады.

Барлықтарыңызға жақсы тілектермен осы мақаламызды аяқтаймыз.

* * * * * * *

Токсан Айыпханұлы Жакатаев, техника ғылымдарының докторы, ҚР журналистер одағының мүшесі, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Көлік-энергетика факультетінің "Жылу энергетика" кафедрасының проф. м. а.

19-03-2018

2
1
2395

Осы тақырып бойынша