Қазіргі кезде жер бетінде 450 миллионға жуық тұрғын жүйкенің бұзылуы деген ауруға ұшыраған. Әрбір төртінші отбасының бір мүшесі бүкіл өмірінде осындай аурумен ауырмай қоймайтынын айтады мамандар. Сонымен қатар психикалық аурулардың жаппай тарауы да жылдан-жылға өсе түсуде екен. 2020 жылға қарай депрессиялық аурулар екінші орынға шығады деген болжам бар. Еуропада депрессия әрбір бесінші адамда кездеседі.
«Психикалық денсаулық және қоғамдағы қауіпсіздік» атты бірінші ұлттық конгресте (2005 ж.) жыл сайын әлемде 1 млн адам өзіне-өзі қол жұмсаудан қайтыс болатыны, 20 млн адам өзіне-өзі қол салуға тырысатыны жөніндегі мәліметтер тұңғыш рет жария етілді. Бұл әлем бойынша. Ал Қазақстанда соңғы кездері жиі бой көтере бастаған оқиғалар біздің еліміздің де басқалардан қалыспай, өкшелерін басып келе жатқанын көрсетеді. Былтыр, оның алдындағы жылдары болған жап-жас балалардың суицидтен болған өлімдері ел азаматтарының психикалық денсаулығының шайқалып тұрғанынан хабардар етті.
Мамандар әлемдік психиатрияда аурулар үлкен екі топқа бөлінетінін айтады. «Үлкен психиатрия» тобына қояншық (шизофрения), маникалды депрессиялық психоз, органикалық сипаттағы психоздар жатады. Біз іс-қылығы шектен шыққан адамды көргенде «біртүрлі екен» деп жатамыз. Сонымен қатар «кіші психиатрия» деген болады, ол адамдардың белгілі бір оқиғалар мен жағдайларға байланысты көрсететін мінез-құлқы. Ал енді осылардың ішінде қояншық ауруының статистикадағы өзгерісі соншалықты байқала қоймайды екен. Себебі мұндай ауру тұқым қуалайды, оларды қоғамда болып жатқан өзгерістер тудырмайды.
Қоғамда болып жатқан өзгерістердің тудыратын ауруы - невроз, яғни жүйкенің бұзылуынан болатын ауру. Макро және микроэкономикалық ауытқушылықтар көп болған 2000 жылдары елімізде невроз қатты күшейгенін статистика көрсеткен. Бүгіндері республикамыздағы ахуал біраз тұрақтанды. Невроз да, мамандар пікірі бойынша өзінің сипатын өзгертіпті. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылға қарай депрессия әлемде жүрек қан тамырларынан кейінгі екінші орынды иемденеді екен. Бұл мәліметтің Қазақстанға да қатысы бар.
Әлеуметтік психология
Әлемдік дағдарыстың екпіні күшейген сайын азаматтардың да денсаулықтарына, әсіресе, жүйкелеріне ауыр салмақ түседі. Кәсіпорындар бірінен кейін бірі жабылып немесе жұмыс көлемі қысқарып жатқан еуропалық елдерде дәл қазір депрессиялық қысым артып тұрғанын көгілдір экраннан беріліп жатқан ақпараттардан көріп отырмыз. Бұл енді шетелде делік, мәселе бізде де мәз болып тұрған жоқ. Жалақысын бес-алты айлап ала алмай, жүйкелері тозған отбасылар жетіп артылады. Бір үзім нан алуға қарызға ақша таппай қалатын кездер біздің тұрғындарымызда да оқтын-оқтын кездесіп тұратыны жасырын емес. Қолында күш барлар болса, өздерінің қарны тоқ, балалары мәз болған соң өзгенің күнін ойлап қайтсін. Тіпті қызметкерлерінің немесе жұмысшыларының азын-аулақ еңбекақысын уақытында бере алмай отырып, қоғамға ақыл айтып, өзгелерді сынап-мінейтін өздерін тұлғамыз деп есептейтіндер саны да күннен-күнге арта түсуде. мінберде басқаша сайрап, одан түскеннен кейін өзінің жымысқы әдетін жалғастыра беретіндердің жүйкелері де дұрыс емес, бір ақауға ұшыраған секілді көрінеді. Психолог Гүлзат Сәрсембина ондайлар туралы «Адамның барлық мінезі айналып келгенде жүйкеге қатысты болады. Бірақ оның көптеген бағыттары бар. Дәрігерлер тек клиникалық психологиямен айналысады. Жұрт алдында басқаша, сайрап, өзі былықтарын жалғастыра беретін мінезді адамдар коррупцияның торына түскендер деп есептеймін. Олар әлеуметтік психология саласымен байланысқандар. Біздің қоғамымызда қалыптасқан белгілі бір адамдар категориясының менталитеті кейде бүкіл қоғамға ықпал етуі мүмкін».
Ал енді осы әлеуметтік психология мен медициналық психологияның арасындағы жікті ажыратуға бола ма деген сауалға келетін болсақ, ол өте қиын шаруа көрінеді. Психологтар екеуінің тым жақын екенін де жоққа шығармайды. Әлеуметтік психология қоғамда болып жатқан құбылыстармен тікелей байланысты дегенімізбен, мысалы, алкоголизмнің қоғамдық себептері көп, бірақ медициналық тұрғыдан оған ұшыраған адамды емдеуге болады. Сол секілді сыбайлас жемқорлардың психологиясы да қоғам тудырған нәтиже. Бірақ олар емдеуге келмейді. Әр адамның адами кейпі, алған тәрбиесі, көрген өнегесі мен дүниеге жақындығы, жанының сатқындығы мен тұрақтылығы деген болады. Ол туыла бітетін қасиеттер, жайлы жағдай туған кезде оның бәрі іске қосылып, адамның шын кейпін ашады. Сыбайлас жемқорлық пен екіжүзділік психологиясына осындай сипаттама беруге болады. Ол тәртіп пен бақылау жоқ қоғамның бет-бейнесі.
Ауруын жасырған тұңғиықтан шықпайды
Кеңес одағы кезінде тек ауыр психикалық ауруларға көңіл бөлініп, адамның көңіл күйінде болып жататын өзгерістерді жай еріккендік, деп қабылданғаны рас. Ал бұл кездері шетелдерде бір шеңбердің ішінен шыға алмай, тұйыққа тірелген адамдардың психологиясына аса мән берілді. Адамдар да жүйкелеріне түсіп, жанши бастаған салмақты сезінсе, ешбір қорықпастан психиаторға барып емделетін. Бізде ондай тәжірибенің жоқтығы әлі күнге дейін өз жемісін беріп келеді. Қазақстандықтар бойында болып жатқан өзгерістерді жария етуге, психиатрдың алдына барып, науқасын айтуды ар көреді. Жалған намыстың ақыры жарға жығатынын білсек те, оның уақытын кейінге соза түсеміз. Бұл да біздің кеңестік менталитетіміз болса керек.
Тек ауыр науқастарды емдеп үйренген біздің кеңестік медицинаның тәжірибесі бүгінде шетелдіктерге, ал олардың психоз шырмауына іліккендерді емдеу тәжірибесі бізге қажет болып тұрған заман қазір. Психоанализ, психотерапия жақсы дамыған шетелдердің тәжірибесін үй-ренуге жол ашылды. Психиатрлар мен невропатологтардың айтуынша біздің елде терапевтер-ге жүгінетіндердің 23 пайызы психиатрлар мен психотерапевтердің көмегіне зәру екен.
Бұл жерде әңгіме психика-лық ауытқулар туралы болып отырған жоқ, әңгіме белгілі бір жағдайлардың ортасында жал-ғыз қалған адамдар жайында. Ондайлар әлеуметтік жағдайлар, еңбекақының төмен болуы немесе жетіспеушіліктер қыспағынан тыс да бола береді екен. Кейбір адамдар баршылықтың ортасында отырып-ақ сарыуайымға салынып, өзінен-өзі тұйықтала түседі. Әсіресе, жастары келген адамдар арасында мұндай тұйықталу көп кездеседі екен. Себебі белсенді жұмыс істеп, қоғамның қайнаған ортасында жүріп әдеттенген адам зейнетке шыққанда өзін ешкімге керек еместей сезініп, жалғыздықтың тұңғиығына батады. Өсіп-өнген, бақуатты балалары мен немерелері де оларды қызықтырмайды. Яғни адам өзімен-өзі ғана қалады. Мұндай депрессия бүгінде екінің бірін шалуы мүмкін дейді мамандар. Себебі қазіргі кезде зейнетке шығып жатқандардың басым бөлігі кезінде өздерінің қабілетін ел, қоғам пайдасына жаратып, жауапты қызметте істегендер. Олар қоғамның толық мүшесі ретінде өздерінің еңбегі сол қоғамның нығаюына ұлес қосқанын іштей мақтан тұтатындар. Жұмыстан кеткеннен кейін оның бәрі бітіп қалғандай көрінеді. Яғни ондай адамдар қарапайым отбасылық өмірге үйренбегендер. Міне соларға психотерапевтің көмегі керек-ақ екен. бірақ көбіміз оның алдына баруды ар санаймыз.
Жаппай ішкіш ұжымдар
Қазақтар бүгінде күнкөріс көзін іздеп, қай жерде жұмыс бар сонда жөңкіліп көшіп жүретін болды. Бұл да қоғамның, өмірдің заңына айналды. Жап-жас жігіттер мен қыздарымыз құрылыс дейсіз бе, автобустарда кондукторлық дейсіз бе, аула сыпыру, базарда барып кел, шауып кел қызметтер ме, әйтеуір екі қолға бір күрек табылса болды, жұмыс істеп жүр.Олардың бәрі кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен жиналғандар (Алматы мен Астанаға). Олардың ауылдарында ата-анасы, бала-шағасы, есік алдында істейтін шаруасы болған болса, үлкен қалада тек жұмыстан басқа ештеңе жоқ. Суықта тоңып, жалдаған пәтеріне келіп, құлай кетеді немесе жиналып арақ ішеді. Бос уақытты бірдеңемен толтыру керек қой. Өте ауыр еңбек, татымсыз еңбекақы, көбі жан-жақтан жиналған неше түрлі тәрбиедегі адамдар ортасы шынында да қиындау. Міне осы жастарға ойластырылған қамқорлық қажет-ақ. Оларды өмірдің басқа да құндылықтарына ынталандыру керек. Біздің адамдардың менталитеті басқаша. Шетелдіктер секілді жұмыстан кейін әрқайсысы бөлмелеріне тығылып алып отыра бермейді. Араласып, әңгімелесу, пікірлерін ортаға салу біздің басты қасиетіміз. Сондықтан да үйден тыс жерлерде еңбек етіп жүрген жастар бос уақыттарын бірігіп арақ ішуге ұластырып жүргені жасырын емес, өйткені жұмыс берушілер олардың бос уақыттарын тиімді өткізу, демалыс күндерін пайдалы істермен айналысуға жұмсайтын шараларды ұйымдастыру жайында ойламайды. Бүгінде арақ ішіп алып, соңы жанжал мен төбелеске ұласып, бірінің қолынан бірі өліп жатқан жастар көп. Алкоголизмнің тамыры да тереңге жайылып барады. Оның басты себебі топ-топ болып ішуге вахталық жұмыс әдісі, жастардың отбасынан алыста еңбек етуі де жол аша түсуде. Әрине, еңбек етіп ақша тап. Бірақ екінің бірінің діні мықты еместігін де қоғам ойлауы керек-ақ. Жұмыс берушілер болса, қарамағындағы жұмысшылардың бос уақыттарын қалай өткізетінімен еш шаруасы жоқ, тек табыс тапса болды. Нәтижесінде, жүйкесі бұзылған, маскүнемдерді дайындап жатқанымыз жайында тым кеш ұғатын боламыз.
Сарапшылар жұмыс берушілердің психология және психотерапия ғылымымен тығыз байланыста болып, жұмысшыларды алкоголизмнің шырмауына түсірмейтіндей бағдарламалар жасайтын уақыты туғанын айтады. Қарамағындағы құрылысшылардың тағдыры мен ертеңі үшін олар да жауапкершілік алуы тиіс. өкінішке қарай, ондай қадам байқалмайды.
Қысқасы, жүйкеге түсетін жүк қадам аттасаңыз, менмұндалап алдыңыздан шығады. Солардың бәрін айналып өту үшін адамға мықты рух, көлеңкені ғана емес, сонымен қатар әлемнің жақсы жақтарында көре білетін, сонымен, рухтанатын көкірек көзі керек-ау.
Алма МЏХАМЕДЖАНОВА