Жүректің көзі - 08.11.12.
![]() Әнес САРАЙ, Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Арманым жоқ деуіме болады
- Аға, жетпістің бесеуіне келіп жатырсыз, құтты болсын айтамыз. Бұл жасқа жеткен де, жетпеген де бар. Әр жылды артқа тастаған сайын адам баласы өзіне-өзі есеп беріп тұруы керек екен. Ал сіз саналы ғұмырыңызды жазуға арнаған адамсыз. Қалам ұстаумен өткен өмір белесіңізге бұрылып қарағанда не көріп жүрсіз? Әттеген-айыңыз бар ма, әлде тәубешіл көңіл басым ба?
- Жетпіс бес жыл өмір сүру оңай емес. Біз халықтың басындағы қиын кезең өтіп жатқан 1937 жылы туғандармыз ғой. Осы жылы туған 15-ке жуық жазушы бар едік бір кездерде. Бүгін солардан Қайрат Жұмағалиев екеуіміз ғана 75-ке жетіп отырмыз. Демек, осы өмірдің өзін жүріп өту оңай шаруа болмағаны да. Соның өзі ойға қалдырады. Біз соғыс балаларымыз ғой. Соғыс балаларының басынан аз тауқымет өткен жоқ. Әйтеуір анамыздың жалғыз тұяқ деп алақанына салып, өсіргенінің арқасында аман қалдық. Жазушы өмірі үлкен бір бәйге іспетті. Сол бәйгенің соңында қалсаң, сенде ешкімнің шатағы жоқ, тиіспейді. Алға шыға бастасаң, аяғыңнан тартуға тырысатындар табыла кетеді. Ондайды да көрдік. Мен бүгін ондайлардан гөрі, Мұхтар Әуезов секілді тәлім-тәрбие берген тұлғалар туралы айтуды жөн санаймын. Жақсы ағалардың алдын көрдік. Дәрісін тыңдадық. Соның өзі біздің бақытымыз екен. Мұхаңның дәрісін көп тыңдай алмадық, бақилық болып кетті ғой жарықтық. Кейін оның орнына Темірғали Нұртазин деген кісі келді. Өзі репрессияға ұшырап, Киевке жер аударылған екен кезінде. Киев университетінде сабақ берген. Ол кісінің даусы қандай еді, бабымен ғана сөйлейтін адам еді. Қазақ, орыс тілдеріне де бірдей, ұстаздық қасиеті, мәдениеттілігі, үстіне қылау жұқтырмайтын кірпияздығын айтсаңшы, керемет білімді еді. Қазақ әдебиетін дүниежүзі әдебиетімен шендестіріп тұрып түсіндіретін. Төл әдебиетімізге деген сүйіспеншілігімізді оятқан да осы Темірғали ағамыз болды. Ғабит Мүсірепов ағамыздың да көзін көрдік. Ұстамды. Орынсыз сөйлемейтін. Жазушылардың көңіліне қарағаны болар, айтар сынын астарлап қана жеткізетін. Ол кезде 50-60 қана жазушы едік. Ал қазір жазушылар саны 777-ге жетті деді өткендегі жазушылардың құрылтайында, құдды әлгі бір «крутой» машинаның нөмірі секілді санға жетіппіз (күліп алды). - Сіз Ресейдің Астрахан облысына қарасты Володар ауданының Қармалай ауылында тудыңыз, сол жақта мектеп бітірдіңіз. Білім қуып, Мәскеуге барсаңыз, бұдан да биік асуларды бағындырар ма едіңіз? Алматыға қалай жолыңыз түсіп жүр? - Бұл тағдырдың ісі ғой. Әйтпесе мен онжылдық мектептен кейін физика-математикалық факультетке де, теңіз капитандарын даярлайтын училищеге де оқуға түскенмін. Алайда ешқайсысы ұнамады. Дел-сал болып жүрдім де қойдым. Арасында балық аулап теңізде жүрдім. Сосын әскерге кеттім. Әскерде солдаттарды плацқа шығарып жібергенде, казармада кезекші болып жападан жалғыз қалатын кезім бар. Сондай сәттерде, оңашада өзімше ой кешіп отырғанда, қалай да Қазақстанға жетуім керек деген байламға келдім. Сөйтіп, әскерден босаған бетте, «Алматы қайдасың?» деп тартып отырдым. Жалғыз ұлының жолын тосып отырған анама да айтпай кетіп қалдым. Әрине, кейін анамды алып келдім ғой. Бірақ екі көзі төрт болып, мені күтіп отырған шешемді ренжітіп алдым ба деп ойлаймын, көп ұзамай, тісім түсе бастады. Есіңде сақтай жүр, анасын ренжіткен адамның тісі түседі деген ырым бар бізде. ...Жолым болып, оқуға қабылдандым. Негізі, біздің қазақ өз қадірін өзі айта бермейді. Қазақтың жақсылығын көре бермейміз. Ал мен қазақтың жақсылығын көп көрген адаммын. Алматыға оқуға түсуге келгенімде, ҚазМУ-дің оқытушысы Мәскен апай Сармурзина нағыз жанашырым болды. «Ресейден бір қазақ келген екен, «ананы білмейсің, мынаны білмейсің» деп сұрақтың астына ала беретіндерің не, Ресейден келіп, қазақша оқимын деп тұрған бірінші адам емес пе?! Одан да қолдау білдірсеңдерші» деп өз сабағынан бес қойып, оқудан құлап, кері қайтып кетейін деп тұрған жерімнен сүйреп алып шықты. Мен сондай жанашыр апайларымның арқасында Алматыда қалып қойдым. Сондай қамқорлықты көрмесем, бүгін қайда жүрерімді кім білін? - Қаламгерге тұңғыш туындысының баспа бетінде жарық көруі шексіз бақыт сыйлайды дейді. Алғашқы әңгімеңіз басылым бетіне шыққанда, сізде сондай күй болды ма? Есіңізде ме? - Менің ең алғашқы әңгімем «Қос капитан» деп аталды. Бірақ ол газетте «Дауылда» деген атпен жарық көрді. Біз оқуға түсерде екі жыл стажы бар және әскерден келгендер конкурссыз қабылданатын тәртіп шықты. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне жылына 25 адам ғана қабылдайды екен. Ал қас қылғанда, сол жылы журналистикаға әскерден келіп жеті адам оқуға түсіппіз. Сол жетеуіміз көзге шыққан сүйелдей болдық па, әйтеуір бір пысықай студент бұлардың бірде-бірі жазу білмейді, журналист емес, бұларды оқудан шығару керек немесе филология факультетіне ауыстыру керек деген мәселе көтерді. Әсіресе, «қазақ тілін білмейді» деп маған көбірек шүйлікті. Ал мен ол кезде «Қос капитан» деген әңгімемді «Лениншіл жас» газетінің әдебиет бөлімінің қызметкері Жүсіп Қыдыровқа тапсырып қойғанмын.Жүсіп аға әңгімең әне-міне шығып қалады деген. Біздің мәселемізге қатысты әңгіме ушыға бастаған соң, газетті күнде қарайтын болдым. Содан күндердің бір күнінде газетті ашып қалсам, бір бетіне жетеқабыл жарияланған әңгімем көзіме оттай басылды. «Дауылда» деген атпен шығыпты. Көзімнен жас тамшылап кетті. Университетке келсем, айғай-шу, бәрінің қолында бір-бір газет. Мен сол бір қуанышымды өмір бойы ұмытқан емеспiн, ұмыта да алмаймын. Бұл әңгімем мені жазу білмейді деген әңгіменің сап тыйылуына және жазушылық қырымнан таныла бастауыма себеп болды. - Бұлар жазу білмейді деген сөз шықпаса, «Дауылда»-ның жазылмауы мүмкін бе еді? - Кім біледі, әйтеуір сондай бір қызық оқиғаның болғаны бар. Менің басымдағы кішкентай бір күйзелісті жағдайға «Лениншіл жас» ара түскендей болды. Мен осы оқиғадан кейін қиын-қыстау кезде адамды қорғайтын бір құдіретті күш бар екен-ау деген ойға келдім. Сол жылдары көп әңгімем «Лениншіл жаста» басылды. - Кейін «Лениншіл жаста» өзіңіз де еңбек еттіңіз... - Иә. Бірақ оған дейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде өндірістік тәжірибеден өттім. Қаби Мыңжанов аға басқаратын бөлімде аға редактор Шерхан Мұртаза, жай редактор Мұқағали Мақатаев жұмыс істеді. Төртеуіміз бір кабинетте отырамыз. Маған бұйырған бұрыштағы үстелдің бір шеті ғана. Соның өзіне мәзбін. Шерағаңның Текеліден жазған очкерктері күнбе-күн шығып жататын. Бір күні Шерхан аға: «Бір жерге барып келейін, сен мына телефоннан бұрылушы болма» деп тапсырды. Шығып кетіп еді, телефон шыр ете қалды. Көтердім, «Шерхан бар ма екен?» деді. Даусынан таныдым, Камал Смайылов екен. Арада бір сағаттай уақыт өткен соң, Шерағаң да келді. Қағаздарын жинап, сала бастады. «Әй бала, сен бірдеме сезіп отырсың ба?» деді. «Сезген де, сезбеген де болып отырмын» дедім. «Лениншіл жасқа» редактор болып бекітіліп келіп отырмын, мына үлкен кісі (Қаби ағаны айтып отыр) жоқ кезде, Мұқағали да кетіп қалды. Мен де кетіп жатырмын. Үлкен бөлімде сен ғана қалдың, енді екеуміз байланысты үзбейік, «Лениншіл жасқа» келем десең, есік ашық» деді. Сол айтқанын орындап, 1963 жылы қазан айында мені жұмысқа алды. Мен осылайша студент кезімде-ақ жұмыс істей бастадым. Батыс Қазақстанның төрт облысы бойынша тілшісі болып тағайындалдым. Ақселеу Қарағанды облысы, Мұхтар Шаханов Шымкент облысы, Рымғали Нұрғалиев Ақмола облысы бойынша тілшісі болды. Атырауда істеген жылдарда іссапарда көп жүрдім. Нарын құмын, Тайсойған, Қызылқоға ауданын Ойылға дейін араладым. Индер, Махамбет, Исатай, Ганюшкин, Бөкей орда, Жәнібекке де ат ізін салдым. Соның бәрі тегін кеткен жоқ, жадымда қатталып жата берді. Бала кезде көргендерім, жадыма тоқығандарым «Атырау» дилогиясына кірді. Ал журналистік сапардан түйгендерім «Еділ - Жайық» трилогиясына арқау болды. Мен сізге бір деректі айтайын: 1919 жылы Ленин Жылыойдағы 12 млн пұт мұнайды алу үшін бір жыл бойы совнаркомның бірнеше мәрте жиналысын өткізген екен. Ленинге Киров қол қойып жіберген құжатта үш қазақтың аты аталады. «Революция ісіне ерекше еңбек сіңіріп, Жылыойдың Рокуша аралында 12 млн пұт мұнай тұндырулы тұрғанын анықтап келген Ақтан Мұхамедиев, Ізбасар Жанекенов, Қазығали Жарқынбаев» деген жазу бар сонда. Мен сол үш адамның ізіне түсіп, көп зерттедім. Алайда олар туралы ешқандай дерек қалмапты. Біреуі әкесі Алашордаға қосылғаны үшін атылған. Екеуі азаматтық соғыста қаза болған. Жымпитыдағы Алашорданың кеңсесін, Алашорда әскері тұрған казармаларын көрдім. Соның бәрі «Еділ-Жайықта» жазылды. - Дәл осы «Еділ-Жайық»романы сізге мемлекеттік сыйлықты әперді. Сіз бұл сыйлыққа ұсынылғанда бәсеке қалай болып еді? Мұны сұрап отырған себебім, соңғы жылдары осы сыйлықтың айналасында әңгіме көбейіп кетті ғой, естіп те жүрген шығарсыз? Мемлекеттік сыйлық жазушыны емес, жазушыларымыз мемсыйлықты қуып жүргендей көрінеді... - Бұл сыйлықтан құламайтын адам жоқ. Мен де 1992 жылы ұсынылғанда құлап қалғанмын. Бұл сыйлыққа ұсынылғандардың барлығы да алуға лайық жазушылар деп санаймын. Мемсыйлықты да алатын адам алады. Осыған дейін мемлекеттік сыйлық алған жазушылардың тізімін қарасаңыз, өзіңіз-ақ осындай қорытынды шығарасыз, кездейсоқ өткен ешкім жоқ. Әрине, ең соңғы мәреде екі-үш адам бәсекеде қатар келіп қалады да, солардың біреуіне ғана бұйыратыны заңды ғой. Сондықтан да бұл сыйлықтың айналасында әңгіме туындайды. Меніңше, Мемлекеттік сыйлықты тағайындайтын комиссияның құрамына осы сыйлықты алған жазушыларды енгізу керек. -«Желмаясымен жер шолған Асан Қайғының қазақ өлкелері мен қоныстарына берген бағасы дәлдігімен, терең мағынасымен әлі де таңғалдырады. Жағырапия ғылымы үшін аса маңызды Асан Қайғы пайымдаулары оқулықтарға енгізілсе...» деген пікіріңізді оқыдым. Бірақ қазіргі жағырапия пәндерінен Асан қайғының пайымдауларын көзіміз шалмады... Осы идеяны құзырлы орындарға өзіңіз ұсынып көрмедіңіз бе? - Мен ұсынысымды орындатуға жоқ адаммын. Міндетім жазу деп білемін, бір шығарманы бітірген соң,екіншісі кезегін күтіп тұрады. Мен үшін жазылып біткен туынды халықтыкі, оны әрі қарай жүзеге асыра ма, жоқ па, өздері біледі. - Соңғы жылдары жарық көрген кітаптарыңыз көркем шығармадан гөрі, тарихи дерекке құрылған зерттеулерге көбірек келеді. Жазушылықтан тарихқа бет бұруға не себеп болды? Бұл әлде он жыл жұмыссыз отырғанда айналысқан ермегіңіз бе? Айтқандай, сіз осы қалай жұмыссыз қалып жүрсіз? Әрине, ол жөнінде айтқыңыз келмейтінін білемін. Дегенмен оқырмандарыңыздың дәл сол оқиға туралы білгісі келетіні ақиқат. - Оны қайтеміз қозғап. Бірақ қысқа қайырып қана айтсам, Жазушылар одағынан Жұбан Молдағалиев, Қалтай Мұхаметжановтар кетіп, олардың орнына келгендер қазақ әдебиеті енді басталды деп ақылға сыймайтын сөздер айта бастады. 100 том фольклорды шығарған қазақ, авторлық поэзияны Шалкиізден, Асанқайғыдан бастаған қазақ, зар-заман ақындары, Исатай - Махамбеті, Абайы бар қазақ, 1000 томдық рухани мұраны қаттап қойып отырған қазақтың әдебиеті енді басталды деген не сөз? Әрине, мен бұл пікірмен келісе алмадым. Жұмыстан кеттім. Бірақ ол үшін бәлендей өкінбеймін. Себебі тарихи деректерді жинастырумен, өзімше бір ретке келтірумен айналыса бастадым. Әуелі қазақ руларының тарихы туралы деректерді жинадым. Қай ру туралы қай жерде қандай дерек бар, соның бәрін сілтемесімен жазып шықтым. Қалың-қалың он дәптер шықты. Қазір еш қиналмаймын, дәптерлерімнен көре саламын. Хандарымыз, батырларымыз, шешендеріміз, көсемдеріміз туралы да барлық деректі осылай қаттап қойдым. Бұл жұмыс үшін он жыл аздық етті, тағы да он жыл шұғылдандым. Не керек, 25 жылда осы кітаптардың реті бір ізге түсті. Бұл жұмыстарыммен қатар, «Еділ - Жайықтың» үш кітабын жаздым, пъесаларға да қалам тербедім. - Ал қазір не жазып жүрсіз? - «Қалмақ қырғынын» жазып жатырмын. Әрине, менің жазғандарымның барлығы маған дейін де жазылған. Тек оларда хандардың тарихы ғана жазылды, тайпалардың тарихы жазылмаған. Мен осы тақырыптарға тайпалар тарихы арқылы келдім. Бүгінгі жас ұрпақ жаңа тарихты талап етіп отыр. Соларға азық болсын деп жаздым. Мәселен, Көк түріктің тарихын оқып-білмей, оны бойымызға сіңірмейінше жастарымызда патриоттық сезім оянбайды. Біздің бойымызда әлемдегі ең ғажап көшпелілер өркениетін жасаған халықтың ұрпағымыз деген мақтаныш сезімі оянуы керек. Әлемге танылған көшпелілер өркениетінің мәңгі көктем аясында өмір сүру деген философиясы бар. Көшпелілер көктемнің соңынан жүріп отырды. Көктем қайтқан кезде олар да қайтатын. Жазу-сызуын орыстан 5 ғасыр бұрын шығарған да осы көк түріктері. Махмұд Қашқари ХІ ғасырдың басында түріктің грамматикасын жазды, Жүсіп Баласұғын философиялық- этикалық трактаты «Құдатғу білікті» жазды. Мен бұл жерде парсы тілінде жазған әл-Фараби, Ибн Синаларды айтып тұрған жоқпын. Міне, осындай тарихы бар халықтың ұрпағы өз тарихын білуі тиіс. Жаңа тұрпатта. - Сіз Алашорда тақырыбына да қалам тербедіңіз. Бұл тақырыпты қозғауыңызға не себеп болды? - Біреулер бір-екі жерде Батыс Алашордаға тіл тигізіпті. Олардың айтуына қарағанда, Алашорданың екіге бөлінуіне Батыс Алашорда мұрындық болыпты-мыс. Бірақ ондай пікір айтпас бұрын тарихи жағдайды бағамдау керек қой. Себебі Алашорда отырған Орынборды Дутов алып қойды. Сөйтіп, Алашорда өзінің негізгі штабын Семейге ауыстырды. Бұл Батыс Алашорда мен Шығыс Алашорданың арасындағы қарым-қатынасты баяулатты. Себебі Семейге бару үшін Оралдан шығып, Орынборға бару керек, содан Челябіге келіп, Омбы арқылы Семейге дейін кемемен жүзу керек болатын. Ол кезде Семейге барып қайту үшін 3 ай керек екен.Осындай жағдайда Оралда қалған Батыс Алашорда мен Семейге кеткен Шығыс Алашорданың арасында қалай байланыс болуы мүмкін. Олар бір-бірімен қалай хат-хабар алмасады, қалай бір орталықтан басқарылады? Жер жағдайы келмейді ғой. Сондықтан Батыс Алашорда «біз Алашорданың құрамындамыз, Батыс бөлімшесіміз» деп айтқан. Батыс бөлімшесі ретінде жұмыс істеген. Шығыс Алаш ордамен таласы әскер құру мәселесіне қатысты болған. Батыс Алашорда «егер біз әскер құрмасақ, бізді мемлекет ретінде ешбір ел мойындамайды» деген. Сөйтіп, өздері әскер құрған. Ал Шығыс Алашорда «әскер құрсақ, басымызға пәле болады» деп тек қана милициялық қосын ашты. Ал Батыс Алашорда Ойылдан юнкер училищесін, Қызылқоғадан милиция мектебін ашты. 5 мыңға жуық тұрақты кәнігі маман әскер дайындады. Олар сол әскердің күшімен Фрунземен де, Толстов әскерімен де соғысты. Мен әскер құру керек деген Батыс Алашорданың ұсынысы өте орынды болды деп санаймын. - Байқауымша, сіз жазушылар арасында болып жататын дауларға мүлде араласпайсыз. Ешқандай қақ-соқта шаруаңыз жоқ. Десе де, қоғамда болып жатқан өзгерістердің сіз де куәсісіз ғой. Бүгінгі елдің ахуалы, тыныс-тіршілігі жайлы айтарыңыз бар шығар? - Мен өзімнің адам, жазушы ретіндегі кредомды айтайын. Біз егемендікті қалай да сақтауымыз керек. Тәуелсіздік болмаса, осыған дейін айтылған сөз де, төгілген көз жасы да, ағылған ата-баба қаны да бос нәрсе болып қалады. Барлық мемлекеттер өзінің мемлекеті жаңа орнаған кезде, басшының соңынан ергені жөн. Өзгеріс көп бола бермеуі керек. Көп өзгеріс аяғынан жаңа тұрған мемлекетке келе бермейді. Баяғыда Римнің билік басына Цезарь келгенде айналасындағылар көп өзгеріс болады деп күтіпті. Алайда арада екі жыл өтсе де, ештеңе өзгермепті. Содан бір күні жолдастары: «Екі жыл уақыт өтті. Бір адамды орнынан алмадың, мұның не?» деп сұрапты. Сонда Цезарь: «Бала кезімде базарға барғанымда, бір қылмыскерді базар ортасында алып жүрді. Үсті-басы толған жара, жараның үсті толған шыбын екен. Байғұсқа жаным ашып, үстіндегі шыбынын қағып қалып едім, ол менің жағымнан тартып жіберді. «Неге ұшырасың, үстімдегі шыбынды?! Сен қаққанмен бұлардың орнына аш шыбындар келіп қонады. Олар енді менің жанымды шығарады ғой. Одан да тоқ шыбындардың отыра бергені жақсы еді» деді жыларман болып. Сол себепті мен де өзгеріс жасасам, аш шыбындардың келгеніндей, бұрынғыдан да жаман болады» депті. Мен де сол көзқарастағы адаммын. Әрине, бәрін көріп, сезіп отырмын, қиянаттар бар, түңілдіретін нәрселер бар. Бірақ егемендік үшін төзуімізге тура келеді. - Арманыңыз бар ма? - Арманым жоқ деуіме болады. Мен Ресейден келіп, атақ алмай, мемлекеттік сыйлық та алмай, жүре берсем, жазушы деген атыма да риза болатын адам едім. Себебі менің өмір сүрген ортам үлкен самғауға жібермейтін орта болатын. Көп уақыт тілдік жағынан кемістік көрдім. Менің ана тілімді сақтап қалуыма ықпал еткен елге деген махаббатым мен Әбу Сәрсенбаев дер едім. Себебі біздің колхозда Әбу Сәрсенбаев екі жыл парторг болып істепті. Парторг болып жүрген кезінде, колхоздың кітапханасына бүкіл фольклорды алдыртқан екен. Сол кітаптарды жесір жеңгелеріме аңыратып тұрып, әнге салып тұрып оқып беретінмін. Менің кітапқұмарлығым қазақ тілімді сақтауыма тікелей ықпал етті. Әйтпесе, Алматыға келіп, орыс бөліміне түсер ме едім? Кім білсін, тағдыр ғой. Менің Амангелді Тәжібаев дейтін жолдасым бар. Қазақфильм тарихында қазақ тілінде тұңғыш рет кино түсірген адам. Сол Амангелді біздің ауылда өсіп, мен сияқты орысша оқып, татар мектебінде директор болған жігіт. Кейін ол да Алматыға келіп, оқуға түсті. Сонда Асқар Тоқпанов ағамыз емтихан алып жатыр дейді, Амангелдінің сөзін түсіне алмай қиналған Асқар аға: «Қай тілде сөйлеп тұрсың?» депті, Амангелді: «Біздің ауылдың тілінде сөйлеп тұрмын» депті. Ол сөздің жаны бар, елдің нобайы жалпы қазақ тілінде сөйлегенімен, күнделікті сөз алмасуларымызда говор, диалекті, кәсіби сөздер қаптап жүретін. Міне, сол Амангелді комиссия мүшелеріне маскүнемнің рөлін ойнап беріп, оқуға түскен. Сол Амангелді бір жылдың ішінде қазақшаға судай болды. Қазақтардың арасында тұңғыш рет қазақ тілінде кино түсірді. Себебі оның қазаққа деген сүйіспеншілігі күшті болатын. Менің түсінгенім, адам баласының жүрегінде, ата-баба қанымен келе ме, халқына деген шексіз махаббат орнайды. Ол адам орыстың арасында жүрсін, мейлі ағылшын мен жапонның арасында жүрсін, өз тілін ешуақытта ұмытпайды. Ол әр адамның өз ұлтына, тіліне деген сүйіспеншілігінің белгісі. Сондықтан халқына деген сүйіспеншілігі жоқ адамға қазақша үйретудің қажеті жоқ. Өйткені үйрене алмайды. - Әңгімеңізге рақмет. Сұхбатты жүргізген |

