Жүректің көзі - 01.11.12.
| Сәуле ӘБЕДИНОВА, «Ақжүніс-Астана» журналының бас редакторы: Біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі... | ![]() |
![]()
- Сәуле, сізді жұрт жақсы біледі. Бір кездегі «Ақжүнісіңіз» сізді қазаққа жақсы танытты. Сізді эфирден жоғалтып алған елдің өзіңізге қояр сауалы көп шығар. Сол сұрақтардың ішінде алдыңыздан жиі шығатыны бар ма?
- Елден екі сұрақты жиі естимін: «Теледидардан қашан көреміз?» және «Әп-әдемісің, неге тұрмысқа шықпайсың?» - Сонда не деп жауап бересіз? - Бірінші сұраққа көбінесе, «нақты айта алмаймын. Амандық болса, Алла сәтін салса, теледидарға да шығармын. Шығармай жатса, өкпем жоқ...» деп жауап беремін. Ал екінші сұраққа әркезде әрқалай жауап беруге тура келеді. Кейде қалжыңмен, кейде назбен дегендей. «Сол әдемілікті жігіттер көрмейді», «сол әдеміліктен жігіттер қорқады», «көне етіктіні менсінбей, көң етікті кезікпей жүр...», «аузы күйген үрлеп ішеді...», «күйеусіз де өмір сүруге болады екен...», «однолюбпын, махаббатымды кезіктірмей жүрмін...», «мен сүйген азамат мені сүймейді...». Осы тәрізді жауаптар автоматты түрде өз-өзінен атып шығады (күлді). Сондықтан ол сұрақтың нақты жауабы жоқ. - Дегенмен әзілмен айтылса да, осы жауаптарыңыздың әрқайсысының түбінде бір шындық жатқан тәрізді... - «Кез келген қалжыңның астарында бір мысқал шындық жатады» деген сөз рас... - Кейде адам өзімен-өзі тілдесетін, сырласатын кездер болады. Сондай сәттерде қандай сауалды өзіңізге жиі қоясыз? - Иә, қияли адамша өз-өзімнен күбірлеп, сөйлесетін кездер менде жиі болады. Іштегі ойдың сыртқа шығып кететін сәттері де бар. Алқымнан алатын сұрақтар да көбінесе сол сәттегі жағдайға, сол мезеттегі көңіл күйге байланысты. Кей сұрақтың жауабын таба алсам, көп сұрақтың жауабын таба алмай, жылы жауып қоямын. Мен үшін ұғынықсыз сұрақтардың жауабын уақыт өте келе өмір өзі түсіндіріп береді. Ал сіздің сауалыңызға келсем, өз-өзіме «неге сонша жалқаусың?» деп ұрсатын кездер жиі болады. - Сізді жалқау дегенге кім сенеді? - Негізі, менің табиғатым, болмысым - өте жалқау. Бірақ өмір сүру керек болғандықтан, амал жоқ, «әрекетке - берекет» деп, алға жылжуға, тірлік қылуға тура келеді. Бойымдағы жалқаулықты аз-кем жоюға бейімдейтін бір мақал бар: «Құдай жүгірте алмаған сиырды бұзауы безек қақтырады» деген. Дөрекілеу естіледі, әрине, бірақ бұл мақалда менің шындығым жатыр. Балаларым үшін жүгіргеніме жиырма жыл болыпты... - Ұлыңыз ержетті, қызыңыз бойжетті, ендігі кезекте өзіңізді ойлайтын кез жетті деп есептемейсіз бе? Психологтар «адам ең алдымен өзі үшін өмір сүруі керек» дегенді жиі айтатынын білесіз... - Заманауи психология бізге Батыстан келгенін сіз де жақсы білесіз. «Әркімнің өзіне лайықтап пішілген үлгісі болады, ол біреуге тар, біреуге кең...» (Бауыржан Момышұлы). Бүгінгі психологтардың кей қағидалары қазақтың болмысына, менің табиғатыма жат. Ал шын мәнісінде қазақтан асқан психолог халық жоқ шығар. Оны дәлелдеп жатудың өзі артық. Қазақ ешқашан қара басының қамы үшін өмір сүрмеген. Қай кезде де қазақтың өмір сүру салты «малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген жалғыз қағидаға барып тірелген. Өле-өлгенше бала-шағасын, туған-туысын ойлайтын, солардың қуанышына қуанып, қайғысына қабырғасы қайысатын, олар абыройлы болса, төбесі көкке жететін, ұятқа қалдырса, олардан бұрын өзі өлетін елдің перзентіміз. Таяуда бір сіңілім Америкаға барып қайтты. «Америкалықтар бала-шаға, туған-туыс мәселесі дегенді түсінбейді, «каждый за себя» деген принциппен өмір сүреді» дейді. Бізге де сол мейірімсіздік, сол қаталдық, сол тасбауырлық келіп жетті. Ал оның несі жақсы? Иә, тәубе, ұлым ержетті, қызым бойжетті. Көптен көрмеген таныстар кездесе қалып, хал сұраса, «үшінші балам бар, Ақжүніс деген қыз тауып алғам, жеті айлық» деп қалжыңдаймын. Кейбіреулер шын сеніп қалады. Ал білетіндер «енді сол Ақжүнісіңді аяғынан тұрғыз» деп тілектестік білдіріп жатады. Наурыз айында «Ақжүніс-Астана» деген журнал ашқан болатынмын. Алғашқы санын шығаруға халық қалаулысы Нұртай Сабильянов қолдау танытты, одан кейінгі санын меценат ағамыз Өмірзақ Сәрсенов шығарып берді. Ол кісілерге айтар алғысым шексіз. Енді сол шаруаны дөңгелетіп, ары қарай алып кету мәселесі тұр. Менің бір жаман мінезім бар - бір істі бастасам, соңына дейін жетпей тынбаймын. Қазір баспасөзге жазылу маусымы қызу жүріп жатыр. Осы кезеңде білек сыбанып жұмыс істемесем, өзім де, бала-шағам да, санаулы қызметкерлерім де, әсірелеп айтсақ - аш қалады. Сондықтан психологтар ренжімесін, «өзімді ойлауға уақыт жоқ» (күлді). Жалпы, жұмысты, туысты, бала-шағаны ойлағаным - өзімді ойлағаным. - «Ақжүніс-Астана» журналы оқырманға кең тарай қоймаған сияқты. Басылымның басты бағыты, негізгі ерекшеліктері қандай? - Журнал қоғамдық-әлеуметтік бағытқа басымдық береді. Тек танымал адамдар ғана емес, кез келген қазақ баласы кейіпкер бола алады. Басылымды жаппай қазақ ұлтының тұрмыс-тіршілігіне арнауды жөн санадық. Адам тағдыры сөз болады, шынайылыққа көп көңіл бөлеміз. Оның ерекшелігі де осында. Әрине, жұлдыздардың, танымал адамдардың өмірі назардан тыс қалмайды. Қыз да, жігіт те, жас та, кәрі де көкейіндегісін осы журналдан табуына атсалысамыз. - Бүгінгі таңда газет-журналдың түр-түрі бар. Бәсекелестік зор. Оның үстіне, бір орыс танысым айтып еді, «казахи - не читаемый народ» деп. Сол айтпақшы, біздің қазақ халқының бір ерекшелігі - ақпаратты оқу арқылы емес, көру, есту арқылы алғанға бейім. Интернет, теледидар бар, одан қалса, радио бар. Осындай қайнаған нарық заманында бұрқыраған бәсекелестікке төтеп бере алатындықтарыңызға, өз аудиторияларыңызды қалыптастыратындықтарыңызға сенесіз бе? - Сенбесек, бұл істі бастар ма едік? Әрине, оңай емес. БАҚ-тағы бәсекелестеріміз де кілең мықтылар. Көпшілігінің артында бір-бір алпауыт тұр. Олардың көпшілігі мемлекеттен де қомақты қаржы алып шығып жатыр. Өзімізді олармен салыстыруға әлі ерте. Дегенмен әр басылымның өз оқырманы бар. «Ақжүніс-Астана» журналы да уақыт өте келе өз аудиториясын қалыптастырып, халықтың сүйікті басылымына айналуы үшін күш-жігерімізді аямаймыз. Бар мәселе қаржыға кеп тірелетіні айтпаса да түсінікті. Әзірше жоқтан бар жасап жүрген жайымыз бар. Халық аман болса, ел ағалары аман болса, әлі-ақ журнал ең танымал басылымдардың қатарына қосылады. Бұлай дейтінім, «журналыңыз біздің қалаға қашан жетеді, біздің ауылға қашан жетеді, қалай жазылуға болады?» деп электронды поштама хабарлама жазатындар саны күн сайын артып отыр. Алматыдағы кейбір мектеп ұжымдары біздің тұрақты оқырмандарымызға айналып үлгерді. Таяуда Павлодар облысына іссапармен барып қайттым. Павлодар Мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы, С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетінің басшылары, сондай-ақ Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылығы жылы қабылдап, журналға қолдау танытатындықтарын айтты. Облыс басшысы Ерлан Арын мырза журналдың тұтастай бір нөмірін Павлодар өңіріне арнауға ұсыныс білдірді. Мұндай ықылас төбемді көкке жеткізді. Сондықтан журналымыз болашақта өз аудиториясын қалыптастыратынына сенемін. Негізі, жаңағы сіздің орыс танысыңыздың сөзімен келісуге де, келіспеуге де болады. Рас, интернет дамып кетті, теледидармен газет-журнал бәсеке бола алмайды, радио тыңдаушылар да аз емес. Дегенмен «қазақтар оқымайды» деген стереотип түсінікті кезінде кеңестік шовинистік пиғыл қалыптастырған, әлі де кейбір «ұлы халық өкілдері» қазақты «оқымайтын надан» дегенге сендіргісі келеді. Қазақ оқымаса, Абай қайдан шықты? Мұхтар қайдан шықты? Сәтбаев қайдан шықты? Қазақтан шыққан оқымысты ғұламалардың тізімі сала-құлаш. «Бала оқыт, ағаш отырғыз, үй тұрғыз» деген ең «цивилизованный» қағиданы ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етіп қалдырған қазақ қалай надан болады? Бүгінде бала оқыту жолында жанкештілік танытатын бір ұлт болса, ол - қазақ. «Ішпесем ішпейін, кимесем, кимейін, баламды оқытайын» дегенді жүз қазақтың тоқсан тоғызы айтады және сол жолда бар жанын салады. Оның ішінде өзім де бармын. Сондықтан қазақты надан санайтын кез өтті. Оқылатын дүние болса, оқушысы табылады. - Сіздің негізгі мамандығы-ңыз - театртанушы. Бірақ журналистикада жүргеніңізге он жылдан асыпты. Ол кәсіптен кетіп, бұл кәсіпке келуіңізге не себеп болды? - Театр - менің мешітім. Ең алғаш рет он жасымда театрға барғаным есімнен кетпейді. Ауылда, дәу жолдың бойында шашым жалбырап, құрбыларыммен жалаңаяқ «скакалка» ойнап жүрген болатынмын. Бір кезде көшеде кетіп бара жатқан жигули көзіме оттай басылды. Солай қарай тұра жүгірдім. Әдетте сенбі күні әкем үйде болады. Демалыс күні ол атқа отырды деген сөз - не базарға, не қонаққа барады деген сөз. Жанында екінші шешем, арт жағында ағам, інім отыр. Бәрі сықиып киініп алған. Мені көріп, ол да тоқтады. Қайда бара жатқаныммен шаруам жоқ, әй-шай жоқ, «мен де барам!» деп көлікке ұмтылдым. «Мына түрің не? Үйге барып киіміңді ауыстырып, аяқкиіміңді киіп кел, біз осында күте тұрамыз...» дейді. Көнбеймін. «Мені алдап кетіп қалмақсыңдар ғой...» деп ебіл-дебілім шығып жылап, ақыры айтқанымнан қайтпай машинаға мініп алдым. Әкем, шешем, ағам «ұят болады, дұрыс киініп кел» деп қанша айтса да көнбеймін ғой. Ақырында екінші шешем «жарайды, бала ғой, жүре берсін» деп әкемді көндірді. Сөйтсем, олар театрға бара жатыр екен. Қойылым басталмай тұрып, театрдың қапталын айнала бере, екінші қабаттағы кафеге кіргеніміз есімде. «Кафе-бар» деген жазуды оқығанда ол сөздің «кофе бар» деген сөз екеніне сенімді болдым. «Көке, кофе ішеміз бе?» деп сұрадым. «Сені мына жалаңаяқ, шашың жалбыраған түріңмен театрға қалай кіреміз? Елден ұят емес пе? Осында жұрттан жасырынып, шай ішіп, елдің театрға кіріп кеткенін күтейік...» деді. Кафеде адам жоқ, жым-жырт екен. Жұрт түгел театрға кіріп кеткен соң, ең соңынан кірдік. Зал тас қараңғы. Түк көрінбейді. Бір қыз бізді жетектеп апарып бір орынға жайғастырды. «Неғылған қап-қараңғы жер... бекер келіппін...» деп, көкемдерге жабысып еріп алғаныма пұшайман боп отыр едім, бір кезде музыка ойнап, шымылдық баяу сырғып ашыла берді. Бұрын-соңды көрмеген ерекше әлем. Ғажайып сиқырлы дүние. Сол әлем мені баурап алған екен. Бұл 1981-82 жылдар шамасы еді. Аудан орталығындағы Жетісай театрына жалаңаяқ, кір-кір, шаң-шаң, алба-жұлба боп барғаным есіме түссе, күлкім келеді. Сонда «Әр үйде мереке» деген қойылымды көргенім де күні бүгінгідей көз алдымда. Театрға деген махаббат сол жолы мені мәңгіге жаулап алған екен. Одан кейін де әкеме бірнеше рет театрға апаршы деп жалынғаным есімде, бірақ қайтып апарған жоқ. Жетінші сыныпта Алматыдағы әпкем қаладан оқытамын деп қолына алып, қалалық боп шыға келдім. Мектептен оқушыларды театрға жиі апаратын. Солайша театр десе, ішкен асымды жерге қоятын дәрежеге жеттім. Фарида Шәріпова, Зәмзәгүл Шәріпова, Меруерт Өтекешовалардың сахнадағы бейнелерін көріп, соңғы сыныптарда актриса боламын деп шештім. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына, Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасына оп-оңай оқуға түстім. Алайда екі жылдан кейін өзімнің актриса бола алмайтыныма көзім жетті де, театртану бөліміне ауысып кеттім. Белгілі театртанушы, осы салада қазақтан шыққан жалғыз доктор, марқұм Бағыбек Құндақбаев өз жетекшілігіне алып оқытты. Әшірбек Сығай, Сәния Қабдиева, Ахметжан Насыров сынды білікті ұстаздардан дәріс алдым. Мені журналистикаға әкелген де осы театртанушы деген кәсібім. Театр артистерінен алған сұхбаттарымды «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсынып жүрдім. Көп ұзамай газеттің сол кездегі бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбек мені жұмысқа алды да, «Сәуле Әбединованың сұхбаты» деген айдар беріп, менің кейіпкерлермен болған әңгімелерімді газетке жиі жариялап тұрды. Газетте істеген соң, журналистикадан да аз-маз хабарым болуы керек деп өзіме талап қойдым да, осы салада өз бетімше біраз іздендім. Іс жүзінде журналистиканы да меңгеруге тура келді. Одан кейін телеарна, қайтадан газет-журнал... Осылайша журналистика мамандығым болмаса да, кәсібіме айналды. Дегенмен негізгі мамандығымды біржола тастап кеткен жоқпын, театрға жиі барып тұруға, театр туралы жазып тұруға тырысамын. Жалпы, театртанушылық пен журналистиканың айырмашылығы жоқ сияқты. ![]() - Ендеше, театртанушы ретінде бүгінгі қазақ театрларының ахуалы туралы не айтасыз? - Бүгінгі қазақ театры халық алдындағы да, мемлекет алдындағы да өз міндетін дұрыс атқарып отыр деп айтар едім. Рас, заманауи шығармалардың деңгейі публицистикадан аса алмай отыр. Жеңіл-желпі қойылымдар да, үстіртін ойнай салатын артистер де жоқ емес. Тере берсек, кемшілік жетеді. Алайда өз басым, тырнақ астынан кір іздегенді ұнатпаймын. Таяуда Қырғызстанда Қазақстанның Мәдениет күндері өтті. Бір айға созылған сол шараның соңғы нүктесін Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры қойды. Қазақ театрының төрт қойылымын тамашалаған қырғыз ағайындар аузын ашып, көзін жұмды десек, артық айтқандық емес. «Қазақ театры алға озып кетіпті», «қазақ мәдениеті алға озып кетіпті» деген сөзді ханы да, қарасы да, бәрі айтты. Ең бастысы, нарық заманында театр да күн көру керек, бүгінгі көрерменнің сұранысына жауап беруі керек. Осы жағынан алғанда қазақ театры қоғам алдында ілгері-кейінді орнын сақтап тұр. Театрға сынау үшін барған дұрыс емес. Кейбіреулер мақсатты түрде сынап жатады. Тіпті артықшылықты көрмей, бас салып сынаған дұрыс емес. Қазір мен сізге қазақ театры туралы сын айтсам, оным «тисе - терекке, тимесе - бұтаққа» болар еді. Сондықтан бұл мәселеге тереңірек зерттеп, мақтасам да, даттасам да оған негіз боларлықтай салмақпен қарауға міндеттімін. - Ал журналист ретінде өмірден түйгеніңіз не? - Журналист ретінде түйгенім, журналист неғұрлым шынайы, адал болса, өзі де, сөзі де өтімді болады. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жететіндігіне» көзім жетті. Әрине, өмірдің өз заңы бар, бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Тек өзіндік принциптен ауытқымау керек екен. Бір данышпанның: «Никогда не отказывайтесь от своих принципов - принципов свободы и духовности. Не то, вы погибнете» деген сөзі ойыма оралып отыр. Адам өз принципiнен бас тартқан күні - өледі. - Дегенмен әйел заты үшін журналистиканың қиындығы көп екенін мойындайтын шығарсыз? - Әрине, мойындаймын. Оңай еш нәрсе жоқ. Қиын дей берсек, бәрі қиын. Мәселе сол қиындыққа мойымауда болса керек. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айнаш Есалиден осы туралы сұхбат алғанымда: «Басқа кез келген жұмысты жұмыста тастап кетуге болады, тек журналист қана жұмысын жұмысында қалдырып кете алмайды, өзімен бірге жүрген жерінде арқалап жүреді...» деп еді. Сол рас. Жазған дүниең де, жазатын дүниең де әркез мазалап, миыңда тұрып алады. Журналистиканың рахаты да өз алдына. Журналистканың арқасында ел көрдім, жер көрдім, небір мықтылармен дәмдес те болдым, сырлас та болды, жолдас та болдым. Сондықтан шағымданбаймын. - Жігіттерден көңіліңіз қал-ған сәттер көп пе? - Жоқ, мен жігіттерді жақсы көремін. Әйел достан гөрі, жігіт достарым көп. Бір жігітке ренжісем, жүз жігітке риза боламын. Өйткені мені бірінші Құдай қолдап, аруақ оңдап жүрсе, екіншіден, желеп-жебеп жүрген адамдардың бәрі жігіттер, қазақтың ер-азаматтары. Расында, «біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі...» Осы ән маған да қатты ұнайды... Сұхбаттасқан Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ |



