Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жүрекке жақын мамандық таңдау — өмірдің бір кірпішін дұрыс қалау

Қазір мен биология факультетінің екінші курс студентімін... Мектеп кездерін есіме алсам, өзімді болашақта қай мамандық иесі болатынымды жоғары сыныптарда нақты білетінмін. Cол кезде өзімді дәрігер ретінде ғана елестетуші едім. Білмеймін, мүмкін, ата-аналарымның қалауы бойынша ма, әлде балабақшада жыл сайын жаңа жылда “Айболиттің” рөлін атқарғандығымнан ба, әйтеуір, биологияны орта сыныптардан бастап сүйіп ерекше көңіл бөлуші едім. Сол кезде күдіктеніп жүргенмен, университетке түскенде осы мәселе нақты шешіледі деген ойда болдым.

Ал қазір болса ол мәселе одан әрі қара шиеленесе түсті. Алдымда бірнеше таңдаулар бар және олардын қайсысын таңдау маған бір маңызды мәселеге айналды: мұғалім боламын ба, әлде лаборант, немесе ғалым болып оқуды неге жалғастырмаққа секілді ойлар жиі кездеседі. Бәлкім, қазір таңдау пайда болғандықтан ба, дәрігер болуға қалауым уақыт өткелі азая түсті. Әрине, таңдау бар болғаны қай жағдайды қарастырсақ та, мүмкіншіліктердің артуына себеп болады. Алайда, сол мүмкіншіліктердің қайсысын таңдау – үнемі оңай бола бермейді. Себебі, адам баласы болған соң, бір мәселе шешілген соң, “егерде ананы таңдағанда ғой немесе басқаша істегенімде ғой” секілді ойлар мазалайды. Биологияны тереңірек тани отырып, оның түрлі аяларымен танысып, қайсысын таңдайтынымды әлі шеше алмадым. Шынын айтсам, өзіме не қызықты екені өзіме де беймәлім.

Менің пікірімше, мамандық таңдау – өмірімнің маңызды кірпішін қалауымен тең. Адамның жақсы, өмірлік табысқа жетуіне әсер ететін ең бір маңызды шешімдердің бірі болып табылады. Осындай ойлаумен өткізген күндердің бірінде зертханалық жұмыспен айналыса отырып, істеп жатқан ғылыми тәжірибе біршама қызықтырды. Кейін профессорға барып, сол сала жөнінде сұрастырып, ой-өрісімді кеңейттірдім, және одан кеңес сұрадым. Әңгіме үстінде профессор менен сұрады: “Негізі өзіңді не қызықтырады? Немен айналысқын келеді”,- деп. Сонда мен біраз күдіктеніп: “Мені бірнеше сала қызықтырады, бірақ олар елімізде аса дамымаған және де жұмыс табу қиын болатын да шығар”,- деп жауап бердім. Сонда оның маған жауабы осындай болды: “Әрине, сенде біраз ойлануға уақытың бар, бірақ есіңде болсын қай саланы таңдасан да, қай жерде оқуыңды жалғастырсаң да, жұмыс берушілер өзіңді қызықтыратын кәсіпті ұсынбайтынына да дайын бол! Алайда өзіңе ұнамайтын кәсіппен де ұзақ айналыса алмайсын. Өзіңе ұнайтын сала әлі дамымай немесе қалыптаспаса да, оның ашылуына және әрі дамуына ат салысып бірінші орнатушы болып, негізін қалауға мүмкіндігін бар болса, қорықпай алға қадам бас! Мүмкін адамдар сені белгілі бір саланың негізін қалаушысы ретінде танитын болады!”. Профессордың шетелде алған білімі сол кезде Қазақстанда мүлдем болмаған биоинженерия саласында болатын, бірақ өзінің басынан өткен қиыншылықтарына қарамастан, өз саласының негізін қалаушысына айналып, дамуына біршама үлесін қосты.

Профессордың сөздері жүрегімді терең бойлап, өз орнын тапты. Әрине, нақты шешімге әлі келмегенімен, бірақ мамандығымды таңдауымда келесі тұжырымдамаларды ескеретінімді шештім: кім болғанмен ол сала міндетті түрде біріншіден өзіме ұнап, жүрегіме жақын болуы тиіс. Және де айналысатын салам міндетті түрде қоғамға пайдасын тигізуі қажет. Сонымен қатар, өз салаңның білікті маманы болу үшін істеп жатқан жұмысыңнан ләззат алу керек, ал оны анықтау үшін өзіңді әртүрлі салаларда сынап байқаудан қорықпаған жөн.

Менімше, осындай уайымдар тек мені ғана емес, өз кірпішін қайда қалайтынын шешпеген тұлғаларды да мазалап жатқан болар, сондықтан, құрметті оқырман, сіз де осындай тұлға болсаңыз, сізге беретін кеңесім - өзіңізді қызықтыратын салада жетістікке жеткен есімдердің тәжірибесінен үйреніп, оларды сондай адам етіп қалыптастырған қиыншылықтар мен ұстанымдарын үйрену керек. Сонымен қатар, ешқашан жаңа нәрселерді үйренуден қорықпау. Себебі, мүмкін ертең сіз де біреудің шабытының қайнар көзі боларсыз!

 
0
0
2450

Осы тақырып бойынша