Ұйымдастырушылар уәде еткендей, бұл туынды ешкімді де бей-жай қалдырмады. Көрсетілімге қатысқан барлық жанның жүрегі бұл кештен ауырып қайтты. Көрерменнің туындыдан кө-
ңілі қалып жүрегі ауырған жоқ, ондағы ауыр сюжеттен еңсесін көтере алмай шықты. Осылай басталған бұл телетоптаманың бірінші сериясынан-ақ көпшіліктің көңілінен шығатыны анық байқалды. Жобаның бас продюсері Баян Есентаева: «Залда отырған көрерменнің көз жасын сығып алғанын көрдім. Біздің басты мақсатымыз да осы еді, яғни адамға ой салу болатын. Бұл бір көрген соң ұмытылып қалатын дүние емес деп ойлаймын» деді. Расында, бұл туындыны әрбір жан жүрегі сыздап отырып көретіні анық. Өйткені мұнда кешегі мен бүгінгінің проблемалары, қилы өмірдің қиындықтары жақсы көрініс тапқан.
«Еларна» телеарнасының директоры Айгүл Мүкей де телесериалдың жұрт көңілінен шығатынына сенімді. «Көрерменіміз бұл телетоптаманы ұзақ күткен болатын. Қазақ жұртының сол үмітін ақтаймыз дегенге сенгім келеді. Өйткені мұнда романти-
ка да, бүгінгі күннің көкейкесті проблемалары да бар. Сюжеті де қызық. Сонау 90-жылдардың басынан бастау алатын оқиға желісі осы күнге дейін созылған. Мұнда жетім балалардың тағдыры басты назарға алынып отыр. Бұл туынды өмірдің өткір тұстарын, қатал қоғамды көрсете отырып, адамды мейірімділікке шақырады» дейді.
Режиссер Асқар Ұзабаев пен Баян Есентаеваның айтуынша, бұл жоба - кинотоптама. Өйткені туындының әрбір сериясында көркем фильмге тән ерекшелік бар. Ендеше, кинотоптаманың бірінші сериясынан көңілге түйгенімізді баян етейік.
Алдымен телетуындының мазмұнына тоқталсақ. Оқиға 1990 жылдардан басталады. Сол кездің бүгінгі күнмен үндес әлеуметтік проблемалары, әрбір қазақтың тұрмысындағы қиындықтар, мәдениет саласындағы көкейкесті мәселелер туынды шеңберінен шет қалмаған. Сондай-ақ қазіргі күннің өзекті мәселесіне айналып отырған қыз тәрбиесі, ойнап жүріп от басатын арулардың тағдыры, соның нәтижесінде дүниеге келетін өмірге назалы, мұңды жетімдер өмірі түгел қамтылған. Туындыдан шерлі жетімдердің шынайы өмірін көруге болады. Бұл орайда Баянның шығармашылық тобы көрерменге аяушылық танытпапты. Қалшылдап, дірілдеп суық көзқарастардан тоңып, қорғансыз бүрісіп тұрған жетімдерді көрген адамның жүрегі сыздап қоя берері анық. Жетім бүлдіршіндердің қорқа қараған жанары, қайда барып, не істерін білмей, аңтарылып тұрғаны шынайы шыққандығы соншалықты, дәл сол сәтте көкірегіңнен ауыр күрсіністің қалай шыққанын өзің де аңғармай қаласың. Иә, бұл сәттің шынайы шыққанының себе-
бі картинада шын жетімдердің ойнағандығы болар. Міне, басты кейіпкердің өмірі осындай азаптан, тар жол тайғақ кешуден басталмақ. Туындыда одан да басқа адамның барды бағаламайтын қасиеті әшкереленіп, оның әлсіздіктен, дәрменсіздіктен ішкілікке салынатындығы да жақсы көрініс тапқан.
Телетоптаманың ең ауыр жүгі актерлерге жүктелетіні аян. Барлық актер мінсіз, керемет ойна-
ған деп айтсақ артық болар. Шыны керек, жас актерлерге біраз шеберліктің жетіспей тұрғаны аңғарылып қалады. Бірақ Берік Айтжанов сынды талантты актердің шебер ойыны сол жастардың олқылықтарын жуып-шайып кететіндей. Естеріңізге сала кетсек, бұл - туындының алғашқы сериясы. Ал кейінгі оқиға балалар үйінде өрбіп, онда сол үйдің перзенттері бой көрсетпек. Періштелерде жасандылық болмайтынын ескерсек, кейінгі сюжеттердің сәтті шығатыны сөзсіз.
Бір айта кетерлігі, телехикаяны сазбен әрлеген композиторлар музыка таңдауда еш жаңылыспапты. Құлақ құрышын қандыратын ұлттық әуен туындының сюжетімен керемет үндесіп жатыр.
Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша 25 сериядан тұратын бұл телетоптама көзі қарақты көрермен назарына 15 қазаннан бастап «Ел арна» телеарнасынан ұсынылады.
Сабина Зәкіржанқызы