Жәнібекте өткен турнирге ресейлік командалар да қатысты
Жәнібек ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай аудан әкімінің кубогы үшін волейболдан ерлер командалары арасында ашық турнир мәреге жетті.
Аталмыш сайысқа жергілікті волейболшылардан басқа «Бөкей ордасы», «Қазталов», «Жалпақтал», сондай-ақ Ресейдің Саратов облысынан «Рекорд» (Красный Кут ауданы), «Азамат» (Саратов қаласы), Волгоградтан «Волжск», «Ромашковск» (Палласов ауданы), «Николаевск» (Николаев ауданы), барлығы 10 команда қатысып, бақ сынады.
Аудан әкімі Мұрат Мұқаевтың атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес елімізде, соның ішінде өңірде спортқа баса көңіл бөлінуде. Жәнібек ауданында да түрлі деңгейдегі жарыстар көптеп ұйымдастырылуда. Ауданды мекендейтін 17 мыңнан астам тұрғынның 5 мыңға жуығы спортпен шұғылданады. Бұл ретте Ресейдік көршілес облыстарымен де жақсы қарым-қатынас жолға қойылған.
Турнир қорытындысында қарсыластарының бәрін айқын басымдылықпен ұтқан «Жәнібек» командасы жеңімпаз атанса, «Волжск» екінші, «Жалпақтал» үшінші орынды еншіледі. Жекелеген волейболшылар арасынан Татьяна Егорова («Волжск») мен Марат Құрманғалиев («Азамат») «Тамаша ойын өрнегін көрсеткені үшін», Ақылжан Ғұмаров («Бөкей ордасы») «Үздік шабуылшы», Владислав Каядко («Николаевск») «Үздік тосқауылшы», Азамат Берғалиев («Ромашковск») «Үздік байланыстырушы», Бекжан Нығметов («Жәнібек») «Үздік ойыншы» аталымдарына ие болып, оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

