Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Конференция жұмысына Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қорғаныс университетінің, Кадет корпусының және басқа оқу орындары әскери кафедраларының өкілдері қатысты. Шетелден аталмыш шараға Беларусь Республикасы Әскери Академиясы мен Беларусь ұлттық техникалық университеті Әскери-техникалық факультетінің делегациясы қатысты.
Кездесуге келген қонақтарға осы шараны өткізуге мұрындық болған Евразия Ұлттық университетінің әскери кафедрасы туралы деректі фильм көрсетілді. Конференцияға қатысушылар әскери білімге инновациялық педагогикалық технологияны енгізудің өзектілігін, оқу орындарының студенттері мен курсанттарын дайындаудың сондай-ақ, оқытушылардың педагогикалық әдістерінің шеберлігін арттырудың жолдарын талқылады.
– Тақырыптың өзектілігі ортақ күшті жұмылдыру арқылы тәжірибе алмасу, ҚР ҚК әскер білім және ғылымның келешегі туралы тапсырмаларды айқындау арқылы бар проблемаларды шешу,-деді ЕҰУ әскери кафедрасының бастығы генерал-майор Уәли Еламанов.
Конференция жұмысының соңында аталған бағыт бойынша тығыз үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыруға және кадрлар дайындау жүйесінде тәжірибе алмасуға шешім қабылданды.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
