Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жұмағұловтың жауы жастар ма?

Жұмағұлов жеткен екен. Жетіскен екен. Білім министрін айтамыз. Жетіскені емей немене, жерден жеті қоян тапқандай жастарды жау көріп отыр. Парақорлар мен жемеңгерлердің жағасына жармаспаңдар, оларды өзім қорғаймын деп отыр.

Естеріңізде болса жақында елімізде студент жастардың (ЖОО-дағы парақорлықтан әбден жалыққан) ұйымдастыруымен "Взяточник.инфо" деген сайт ашылғанын хабарлаған болатынбыз.

7-арнаның айтуынша, білім министрі Бақытжан Жұмағұлов мырза сайттағы ақпараттың ешқайсысына сенбейтін көрінеді. Ол «Бұл тізімге әркім өзіне ұнамаған адамды кіргізе беретін болар» деп сенімсіздік танытыпты. Дегенмен, өзі осы сайтты жасаған жастармен кездесемін деген екен. Ал жастар министр жұртқа көз қылып өтірік айта салды, бізбен әлі кездескен жоқ, ондай ниеті де жоқ. Есесіне, қалай да амалын тауып сайтты жабуды көздеп отыр деседі.

Сайтта екі түрлі тізім бар: сұры тізім және қара тізім. Алғашқысына аты енгізілген оқытушының расымен де пара алғанына сайт басшылығының көз жететін болса оны қара тізімге енгізеді. Қазір бірінші тізімде 49 адамның, екінші тізімде екі адамның аты тұр. Тізімге ілінгендердің ешқайсысы да БАҚ өкілдеріне түсініктеме бермеді. Не десін? «Иә, алдым, мен парақор едім» деп кім мойындай қойсын.

Дегенмен, студенттер білім ордаларын парақорлықтан арашалауда сайтты соңғы мүмкіндік санаса, парақор ұстаздар білім министріне құтқарушы Ғайсадан артық сеніп отыр.

Көңілге үміт отын ұялататын бір жайт – сайттағы ақпараттарды қаржы полициясы тексермекші. Мұның өзі жастардың жеңіске бір табан жақындағанын білдірсе керек.

Маса ақпарат

Ардабек СОЛДАТБАЙ

 

0
1
726

Осы тақырып бойынша

Жұмағұловтың жауы жастар ма? - Yvision.kz