Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жұлдызы жарқыраған Ақтауым!

Үш жүз алпыс әулиелі киелі Маңғыстауымызда тектілік қадір-қасиет жетіп артылады. Маңғыстау деген үш қиян: Бозашы түп, Қараған түп, Исан түп болса, оның қай аймағы да құнарлы, асыл болмысты ата-бабаларымыздың маңдай тері сіңіп, қаһармандық рухы қалған, тұлпарларының тұяғы тиген, елдік рухы бекем өңірлер. Ал осы үш қиянның қақ ортасы, нақ жүрегі осы Ақтау болса керек. Баяғы замандарда теңізден қайықпен келе жатқанда бұл жер ақ мәрмәр тау, бағыт ұстар бағдаршам болып сонадайдан «мен мұндалайды» екен.
Ақтау – Маңғыстаудың басқа жерлеріне қарағанда өзінше бір тылсым сырға толы. Бұл жердің облысымыздағы неміс ұлттық-мәдени орталығының төрағасы С.Б.Мартын айтады бірде: «Мен талай Германияға кеткім келіп еді, Ақтаудың магниті тартып жібермеді». Ал мұндай сөздерді Қазақстанның қай тарабынан келген азаматтар да жиі қайталайды және мақтанышпен айтады.Елбасы өлкемізге келген сапарының бірінде Маңғыстау – бұл пенде баласының , оның ішінде әрбір қазақстандықтың өмірде бір аяғым тисе деп армандайтын қасиетті мекені екендігін ашық айтқан болатын. 
Ал Маңғыстау десе, оның астанасы, бас қаласы –Ақтау аузымызға алдымен ілінетіндігі белгілі. Ақтау Кеңес заманында П.Амберкромби атындағы халықаралық сыйлықты иеленген болса, бұл күндері қайта жаңғырып, жаңаша түлеп, аққудай тарана, сылана түсуде. Қалада рухани орталықтар көп демесек те, Алланың үйі – Бекет ата мешіті мен облыстық музыкалық-драма театры, Абай атындағы мәдениет сарайы, тағы басқа да мәдениет ошақтары көңілді орнықтыра түседі. Әрине, көңіл көкжиегінде сол рухани кеңістігімізді толтыратын мәдениет ошақтары, білім ошақтары көбейе берсе деген тілек бар. 
Қала, оның ішінде Ақтау сияқты келесі жылы бар болғаны елу жасын толтырғалы отырған жайсаң қалаға тек қана сәнділік, сұлулық жарасады деп ойлаймыз. Керемет галерея түзеген Таңшолпан, Оазис, Грин-парк, Өркен, тағы басқа да тұрғын үй кешендері, түнгі көшелер бойындағы жарқыраған бал-бал шамдар, әр-жер-әр жерден пайда болып келе жатқан жаңа скверлер мен гүлзарлар, тротуарлар көңілді жайлылығымен баурайды.
Көсілген кең жазира даламызды, ақ шағаласы шаңқылдап, аққу-құсы сыңқылдаған, адамдарының жүзінен Күн нұрының шұғыласы төгілген ақ шаңқан Ақтауымызды, оның қоршаған ортасын көздің қарашығындай күтіп, баптау – баршамыздың еншімізде, ағайын!
Әлемде күмбездері көк тіреген нешебір көрікті де зәулім шаһарлар баршылық. Алайда, ол қалалардың қай-қайсысы да біздің Ақтауымыздан артық емес. Ақтау –Қазақстанның бірден-бір теңіз қақпасы, мұнайлы өңірдің астанасы! Әрі тұнып тұрған экзотика! Жаса, қалам, жаңғыра бер! Сенің сыртқы келбетің де, адамдарыңның жан дүниесі де рухани бай, кемел, имандылыққа бейіл. Ендеше, болашағыңа аршындап жол тарта бер, айдыны арқыраған, жұлдызы жарқыраған Ақтауым менің!

1
0
1028

Осы тақырып бойынша

Жұлдызы жарқыраған Ақтауым! - Yvision.kz