"Жұлдыз" журналының мазмұндық, тақырыптық ерекшелігі
Жұлдыз журналы – республикалық әдеби басылым болып табылады. Әдеби журналдың ішінде басқа басылымдардан ерекшеленетін қандай мақалалар, қандай айдарлар бар екен?-деген сұрақ бізде де туындады. Қолыма бірнеше санын алған соң, қалай қызығып, барлығын бітіріп тастағанымды өзімде аңғармай қалдым. Жалпы басылым проза, поэзия, жас толқын, түрік дүниесі, сырсандық, сөз сәулесі атты айдарларды қамтиды. Мен үшін басқа журналдардан ерекшелігі де осында болды. Журнал беттерін ашып отырып, өткеннің қызықты естеліктерін, қаламы жүйрік қаламгерлердің өлеңдерін оқып, сөзсіз шығармашылық шабыт аласың. Біз білетін ақындардың біз білмейтін сырлары да осы журналда сөз болған. Солардың бірі «Сырсандық» айдарындағы, Нұрлан Сәрсенбаевтың «Мұқағали күнделігіне зер салғанда...» мақаласы. Ақынның «Күнделік» атты әдеби жинағы руханият үшін баға жетпес байлық. Ал оны зерделеп, талдап, жарыққа шығарып жатқан басылымдар кемде кем.
Бұл мақала арқылы ақын өмірінің қараңғы тұстарын көре аламыз. Біз білетін мұзбалақ ақын, қазақ поэзиясының хантәңірі осы күнделік арқылы өзімен-өзі сырласқан, өзімен-өзі мұңдасқан. Автордың айтуынша күнделікке зер салсақ сол заманның да, сондағы адамның да сан алуан бейнесін көреміз. Ақынның жабырқаған жанын, күйзеліп шыққан әнін тыңдаймыз. Ақиық ақын 1972 жылдың 21 сәуір күнгі жазған күнделігінде: «Адамдардың арасында болған алауыздық мені де шарпымай өткен жоқ. «Жұлдыздың» дилосын өткізіп беріп, поэзиямды өзім алып қалдым… немен тынары белгісіз, барым менің, балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям, тек сені сақтап қалсам екен. Сені де өлтіргісі келе ме, қалай? Олай бола қоймас, егер бола қалса, қалған өмірдің қызығы не маған?! Ойлап отырсам, менде бір-ақ арман бар екен. Ол – қалайда халқыма жағыну, ұнау соған. Тек, соған ғана жасырмай шынымды айтсам деп едім. Халқым, үнімді қалай жеткізем саған? Айналам тарылып, құрсауланып барады. Жағдай қиын, өте қиын…» деген үзінді келтірген. Осы жолдардан-ақ ақын жанының қаншалықты қиналып тұрғанын біле аламыз. Мақаладағы ендігі бір үзіндіден қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповке – кездескендігі, ол кісінің алтын қалам тарту еткені айтылған. Қарап тұрсаңыз, жай ғана мәліметтер болуы мүмкін, алайда журналистикаға, әдебиет әлеміне енді ғана аяқ басқан жас буынға берері көп мақала. Мұқағалидың өмір жолы, өсу жолы, қайғылы, қасіретті шақтары, ақын айналасындағы адамдардың ұнамды ұнамсыз қасиеттері кітапта берілген. Ал автор оны ашып көрсетіп, « Біз Мұқағали Мақатаевты терең тану үшін оның «Күнделігіне» ат ізін салып ізденіс жасаумен бірге зерттеуіміз қажет. Сонда ғана Мұқағалидай ұлы тұлғаның қыры мен сырын шынайы танумызға болады», деп қорытынды жасаған.
Осы тақырып аясында Сағатбек Медеубекұлының «Ақын тілін адақтаған сөздік» атты мақаласын да қарап шықтым. Мақалада Абайды қаншалықты танысақ, Мұқағалиды соншалықты танып, құрметтей біліуіміз керектігі жайлы сөз қозғалған. «Мұқағалиды білмеген Абайды білмегенмен бірдей намыс», деп, қалың оқырманға ақынның шығармашылығын дәріптейді. Осы тұста 2019 жылы шығарылған «Мұқағали тілінің сөздігі кітабы» сөз болады. Кітап авторлары Мұқағали шығармаларында қолданылған он үш мың үш жүз қырық сегіз сөз бен бес мың отыз бес тұрақты тіркесті түгендеп шыққан. Мақаладағы кітаптың сипатталуына қарай, әліпби бойынша басталған әр сөзді және оның мағынасын әрі ақын шығармаларындағы қолданысын тану арқылы бірте-бірте Мұқағали әлеміне ене бастайсыз. Мұқағали сөзі арқылы қазақ тілінің нәрінен сусындайсыз, байлығына кенелесіз. «Ерінбей санап отырсақ, ақын қолданысында «жан» сөзімен тіркесіп мағыналық өзгерістерге ұшыраған 93 тілдік бірлік бар екен. Дәл осы секілді «қара» сөзін Мұқағали 84-рет түрлендіріп қолданыпты. Сол сексен төрттің де ақын айтқысы келген мағынасын дәл тауып түсіндірме берген авторларға еңбекқорлығы үшін разы боласың» деп ақынның шеберлігі мен авторлардың еңбегін айта өтеді.
Жалпы алғанда Жұлдыз әдеби журналы басқа журналдарға қарағанда, сыршылдығымен, мақалаларды көрерменге көркем, биязы тілмен жеткізуімен ерекшеленеді. Менің пайымдауымда Жұлдыз журналы, жасөспірімдерден бастап, алпыстан асқан ақсақалдарға дейінгі аралықтағылардың сұранысына ие, беделді басылым.
