Түнде шаш, тырнақ алуға болмайды деген тыйымды ес білгелі естіп келе жатырмыз. Бірақ неге екенін ешкім түсіндіре алмайды, тек бұрыннан ата-бабаларымыз жасатпаған, ұрпақтары да олай істемеуге тиіс. Шынымды айтсам, себебі жоқ ырым-тыйымдардың бірін де бала кезімнен орындамай өстім. «Көре-көре косем болсың, ...» демекші, жүре келе жоғарыда айтылған тыйымның тікелей электр қуатының жоқтығы себебінен шаш-тырнақтың асқа түсіп кетпеуін болдырмау үшін айтылғанын естіп, оның қазіргі заманда өзектілігін жоғалтқанын түсіндім. Содан бері әрбір ырымның не үшін айтылғандығына мән беретін болдым, әсіресе жүктілік кезінде әйел мен құрсағындағы баласына қатысты түрлі сенімдердің барына таң болдым. Ең күлкілісі – жүкті әйел балық жесе, баласының тілі жай шығады дейтіндер бар екен. Бұл балықтың құрамында ағзаға қажетті ең құнды дәрумендердің барын білмейтін, балықтың тілі жоқ, оны жесе баланың тілі жәй шығады дегенге ғана санасы жеткен біреудің айтқаны болар деп ойламын (басқа себебін білсеңіз, пікір қалдырыңыз).
Басқа да ырымдарға көз жүгіртіп, талдау жасап көрелік:
- Жеңілтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды деп айтады екен: сонда адамның мінез-құлқымен, жүріс-тұрысына 1-2 күннің әсері болады деп ойлаған ба?! Тағы бір нұсқасы – ұлды қырқына жетпей шығарғаны қалыңдығына берер қалың малы аз болсын дегені, қызды асырса, оған келетін қалың мал көп болсын деп ырымдаған екен, мммм онда қызымызды бірааааз қырқынан асыра тұру керек сияқты.
- Жүкті әйел шашын кессе - іштегі бала кемтар болып туады, бақыты кесіледі: менің ұштанған, күнге күйген, жаман энергияны жинаған шашымның жатырда жатқан баламмен қандай байланысы бар? Мен шашымды қидым, шаштараз да болмайды ғой деді де қия берді, білмейсіздер ма «Жүкті әйелдің шашын қиған шаштараздың қолы жүрмей қалады» деген ырым жоқ пекен?
- Ана баланы дәретсіз емізбейді: жеке бас гигенасы жайлы тұрмыс құрған, тіпті балалы анаға үйретіп отырған артықтау шығар.
- Екіқабат әйелге пышақ, ара, қайшы ұстатпайды. Ұстаса – мерзімінен бұрын босанады, бала кіндігіне оралып қалады деп, екіқабат әйелге ине-жіп ұстатпайды: тамақ жасамауға, іс тікпеуге сылтау табылды.
- Қыз балаға шашы өссін деп желке жегізеді, әнші болсын деп таңдай жегізеді, құлақ-сирақтарды да мақтап-мақтап беріп қояды: атамыз дәмді жерінің бәрін өзі жегісі келген екен ғой.
- Әйел босанар кезде үйдегі сандықты босатып қояды, сонда әйел тез босанады: әйелдің толғатып жатқанын пайдаланып, сандығына не сақтап жүргенін көріп алатын болды.
- Жас келіншек аяғы ауыр кезінде түйе етін жемейді, баласын түйе сияқты көп уақыт көтереді: жазда шөлдегенде шұбат ішкенім бар, бірақ дәрігерлер мерзімімнен асырып жүргізіп қоймас.
- Әйел екіқабат кезінде жерігі қанбаса, одан туған баланың аузынан су ағып жүреді: менде жеріктік, дәмету дегеннің бірі де болған емес, бұларды әйелдің еркелігі деп түсінемін.
Бұл байырғы ырымдарды мүмкін қазір көбі ұстанбайтын да шығар, дегенмен аяғы ауыр әйелдер бас қосатын әлеуметтік желілерде әлі күнге дейін: шашымды қисам бола ма, шашымды, тырнағымды боясам бола ма, балмұздақ жеуге бола ма, тіпті донер жегім келе береді, бола ма деп сұрайтындар да бар. Болмайтын нәрсе жоқ, бәрі болады, жүктілік ол – сырқат емес, тек барлығы ақылға қонарлықтай дәрежеде болуы керек деп ойлаймын.
Халқымыздың ырымдарын келеке етіп отыр деп ойламаңыздар, мүмкін менің әлі білмейтіндерім бар шығар, көзімді ашып, көкірегімді оятамын десеңіздер, пікір білдіремін десеңіздер, қуанышты боламын. Ал болашақ аналарға айтпағым, кез келген ырым-тыйымға бола уайымдай бермей, көңіліңіздің қалауын істеңіз, сіздің көңіліңіз жайлы болса, балаңыздың да аман-есен дамып-жетілері сөзсіз.
Сіздің күлкіңізді келтірген немесе таңқалдырған ырымдар бар ма? Жүктілік кезінде қай ырымды ұстандыңыз? Балаға алдын ала киім-кешек алуға болмайды дегенге қалай қарайсыз? Қызықты пікірлер болса, қуана оқуға дайынмын))).