Ж.Асанов сот жүйесінің ардагерлері мен қызметкерлерін алдағы мерекелерімен құттықтады
Жоғарғы Сотта Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға судьялар, сот жүйесінің ардагерлері, сондай-ақ жоғарғы сот органының Департамент қызметкерлері қатысты.
Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов өзінің құттықтау сөзінде Жеңіс күні – келешек ұрпаққа бейбіт өмірдің қадір-қасиетін бағалай білуге шақыратын айрықша күн екендігін атап өтті. «Біз осы күндері елімізді, туған жерімізді, бостандығымызды қорғау жолында жас өмірлерін қиған аға ұрпаққа әрдайым тағзым етеміз. Қан майданда от кешкен аталарымыз бен әкелерімізді еске аламыз. Көбісі өмірден өтсе де олардың ерлігі есімізде мәңгі сақталмақ. Есімдері ешқашан ұмытылмайды», - деді ол.
Ж.Асанов сот жүйесін дамытудың жеті басым бағыттағы жобаларын жүзеге асыру бойынша Жоғарғы Сотта құрылған жұмыс тобының жемісті еңбек етіп жатқандығын атап өтті. Ол Жоғарғы Соттың жалпы отырысының төралқасында Даму жөніндегі кеңес, жобалық құжаттар, командалар және Жобалық офистің құрамы бекітілгенін айтты.
Салтанатты іс-шара барысында аталған жұмыс топтарының неғұрлым белсенді қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Жоғарғы Сот Төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен, Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Арман Жүкенов, Астана соттарының әкімшісі Ренат Тауымбеков, Сот төрелігі академиясының Судьяларды және сот жүйесі қызметкерлерін қайта даярлау, біліктілігін арттыру институтының директоры Ермек Әбдірәсілов, Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы хатшылығының бас консультанты Гүлжанар Ғұсман Жоғарғы Сот Төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шара барысында Жоғарғы Соттың отставкадағы судьясы Нұрия Сынғалиева мен Жоғарғы Соттың судьясы Ғалия Ақ-қуова мерекелерге орай құттықтау лебіздерін білдірді.
Салтанатты жиын мерекелік концертпен аяқталды.
http://sud.gov.kz/kaz/news/zhasanov-sot-zhuyesinin-ardagerleri-men-kyzmetkerlerin-aldagy-merekelerimen-kuttyktady
