Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Үздіктер матчына шақырылған бірінші қазақ

Өздеріңіз білесіздер, биыл Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ-дағы) «Жұлдыздар матчы» 13 қаңтар күні Челябинск қаласында өткен. Өкінішке қарай, биылғы маусымдағы шоуға «Барыс» клубынан ешкім іліккен жоқ.

Рас, әу баста швед қорғаушысы Виктор Хедман іліккен. Бірақ Солтүстік Америкадағы Ұлттық хоккей лигасының додасы басталып, Хедман жедел сонда кетті.

Есесіне, Данияр Қайыров Жастар хоккей лигасындағы ең үздік ойыншылар арасындағы шоуға қатысатын болды. ЖХЛ да – Ресейдің құрған лигасы.Құрлықтық хоккей лигасының құрылымдық бөлігі деуге болады.

Онда 16-21 жас аралығындағы хоккейшілерден жасақталған командалар ойнайды. Биылғы маусымда бұл лигада 33 команда өнер көрсетуде.

Жыл сайын бұл лига да «Шығыс» және «Батыс» конференцияларының ең үздік ойыншылары арасында шоу ұйымдастырып тұрады. Бірақ ол «Жұлдыздар матчы» деп аталмайды.

Себебі бұл лигада шайбалы хоккей жұлдыздары емес, талантты және әлеуеті мол жас хоккейшілер ойнайды ғой. Бұл лигадағы ең үздік таланттар арасындағы шоу «Кубок Вызова» деп аталады.

Жас дарындар арасындағы аталмыш кубок биыл төртінші ретұйымдастырылып, 23 ақпан күні Екатеринбургте өтеді. КСРО кезінде ер-азаматтар мерекесі болып табылатын Қызыл әскер күніне орайластырылыпты.

«Барыстың» ізбасарларын шыңдайтын «Снежные Барсы» клубында өнер көрсететін Данияр Қайыров биыл осы кубокқа шақыртылып, «Шығыс» конференциясының құрамасына ілікті.

Данияр – ЖХЛ-дың үздіктері арасындағы матчқа шақыртылып отырған біріншіқазақ. Тіпті бұған дейінгі үш маусымда «Снежные Барсы» клубының сапынан бұл кубокқа ешкім шақыртылған жоқ болатын. Биыл бірінші рет Данияр шақыртылып отыр.

Сөйтіп, кейінгі кездері «Барыстың» сапына қосылып, ҚХЛ-да бір ойын өткізген Данияр тағы да мамандар көзіне ілігіп, ЖХЛ үздіктерінің бірі ретінде танылып отыр.

Ал жастар лигасында Евразияның алты мемлекетінің клубтары өнер көрсетеді (Ресей, Беларусь, Латвия, Чехия, Венгрия және Қазақстан).

 
0
0
260

Осы тақырып бойынша

Үздіктер матчына шақырылған бірінші қазақ - Yvision.kz